• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2015

Ел басқарудағы билер дәстүрі

1198 рет
көрсетілді

Қазақ хандығының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосқанын жас ұрпақ санасына сіңірумен қатар, бүгінгі күннің өнегелі дәстүрлерімен тарихи сабақтастыра білудің маңыздылығын да естен шығармаған жөн. Жуырда Щучинск қаласында «XVIII-XIX ғасырлардағы Қазақ елінің құқықтық жүйесі және сотының төрелігі» тақырыбында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстық соттарының бірлесе ұйымдастыруымен аумақтық ғылыми конференция өткізілді. Онда Қазақ хандығының құрылуы, дамуы, билер сотының құрылуы, тағы басқа келелі мәселелер бойынша жан-жақты пікірлер алмасылды. Қазақ хандығының мерейтойы қарсаңында еліміздің әр аумағында өткізіліп жатқан мұндай алқалы басқосулар өткен тарихымызға көрсетілген құрметпен қоса әр қазақстандықтың бойында патриоттық сезімді қалыптастыратын маңыздылғымен есте қалары сөзсіз. Атамекенінен айырылып, ата­жұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге айналған ата-бабаларымыздың бодандықтан құтылу, жеке мемлекет болу арманы Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында орындалып, абырой-беделі төрткіл дүниеге Қазақ елі ретінде таныл­дық. Ата дәстүрге бай, достыққа адалмыз. Өткеннен мұра болып қалған асыл қазыналарымыз, баға жетпес мәдени, рухани байлығымыз орасан. Солардың біріне, бірегейіне Ұлы дала өркениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан билер инс­титутын, олар қалыптастырған қазақ болмысына ғана тән, бүкіл тыныс-тіршілігінің философиясын сыйдырған мақал-мәтелдер мен нақыл және шешендік сөз­дерді жатқызуға болады. Барын түгендеп, жоғын тауып, ел кәдесіне жаратып, келер ұрпақ игілігіне мирас етіп қалдыру – қасиетті борышымыз. Егемендік алып, еңсеміз тіктелген тұста ұлттық ерек­шелігімізге негізделген ше­шендік өнер жаңғырып жатса, ұтарымыз көп болмақ. Тарихқа көз жүгіртсек, би, шешендерге кенде болмаған екенбіз. Ақылгөйлігімен, ойға жүйрік, сөзге шешендігімен қара қылды қақ жарған, қол бас­таған батырлығымен көзге түс­кен даналарды халық өзі қалап, би етіп сайлаған. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі кезінде билерге, бектерге деген теріс пікір, жалаң көзқарас туғызылды. Шетінен мейрімсіз, тасжүрек ретінде су­реттелді. Ел, жер үшін сіңірген ұлан-­ғайыр еңбектері де аталмай, тасада қалды. Олар жайлы көркем шығарма, зерттеу еңбектер жазған жазушы-ғалымдар қуғындалып, үлкен жапа шекті. Өйткені, хан-сұлтандардың, билердің ел басқару саясатындағы сұңғылалығын, тереңдігін, қоғамдағы зор беделін Ресей империясы Қазақстанды отарлау саясатының алғашқы жылдарында-ақ байқап, рөлін барынша төмендетуге жанталасып бақты. Ханның өзі «Билер кеңесін» сайлайтынын біліп алды. Ал, қарауындағы бодан елдің күшті хандықтардан тұруы, ондағы билердің беделі күшті болуы Ресей империясының отарлау сая­сатын жүзеге асыруына айрықша кедергі болды. Сондықтан, 1822 жылы «Cібip қырғыздары туралы уставын» қабылдап, қазақ жерінде хандықты жойды. Алайда, «қазақ халқын ыдыратып басқару» саясаты мұнымен шектелмеді. Билердің басшылық рөліне біржолата балта шабуды көздеп, 1868 жылы «Жаңа устав» бойынша қазақ даласында сұлтандық пен билік басқарудың бұрынғы жүйесін жою жөнінде шешім шығарды. Сөйтіп, «бөліп ал да билей бер» деген жымысқы саясат арқылы Қазақ хандығының қалыптасуында зор рөл атқарған билер институтын ыдыратып, қазақ даласын ұсақ болыстарға бағынышты етті. Бұрын кө­сем­дігімен, шешендігімен таныл­ғандар ғана ел басқарса, бұдан былай Ресей патшасының рұқ­сатымен ғана бекітілетін болды. Болыстыққа, би, қазылыққа өздерінің дара қасиеттерімен емес, қара басының құлқынын ойлайтын, патша өкілдерінің айтқанын істеп, айдағанымен жүретін дарынсыз, можантопай мансапқорлар сайланды. Бұл жөнінде дана Абай өзінің «Үшінші сөзінде» былай деген: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әpбip сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Eciм ханның ecкі жолын», әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Бұл ecкі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеуі соларға жарарлық кici болса керек еді, ондай кici аз, яки тіпті жоқ». Ұлы хакімнің «бас-басына би болған өңшең қиқым» деп қынжылуы, күрсінуі сондықтан. Дарынды ғалым, ұлы ойшыл Шоқан Уәлиханов «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық түрі» деген мақаласында «Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған үкімет арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар, тілге шешен қа­зақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің iciнe жетіктігін және шешендік қабілеті бар екендігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған» деп жазған. Басқаны былай қойғанда, жат жұрт өкілдерінің өзі «би үстем таптың өкілі, ол тек қана хан-сұлтандардың, бай-манаптардың сойылын coғып, халықты қанаушы» деген пікірлер қалдырмаған. Арғы-бергі ауызша тараған немесе жинақталып, қағазға түскен көне шежіремізге зер салсақ, жоқ-жітікті кедейлер арасынан тоқсан ауыз сөзді тобық­тай түйінмен бітірген билер болған. Демек, осы айтылғандардан би дегеніміз ел-жұртының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, шежіресін, тарихын, қоғамның даму барысын, айнала қоршаған табиғаттың сан-алуан қacиеттepi мен құпияларын білетін, адамдардың көкірек-көмбелеріне ой көзімен қарап көре алатын, қырлы-қырлы мінез-құлықтарды айтқызбай-ақ тап басатын, ғылым-білімнен хабардар, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізіп беруде дара қасиеті бар бip тума жандар деген қорытынды жасауға болады. Десек те, араларында хан-сұлтандардың, руларының сойылын соққан жандар сирек болса да ұшырасып отыр­ғанымен, есімдері ақыға алған атымен, киген тонымен бірге халық жадынан тез ұмытылған. Би дегенде көз алдымызға хал­қымыздың арыстары Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би алдымен елестейді. Ел арасында дау талқыға салынғанда бір би айыптаушы, екіншісі ақтаушы, үшіншісі төреші болып дауды бірігіп шешкен. Бүгінгі заманның тілімен айтқанда прокурор, адвокат, судья болған. «Тура биде туған жоқ» дейді халық. Алтынға айырбастағысыз асыл да ақиқат сөз бұл! «Жақыным едің» деп жалтақтамай, «жатым едің» деп ту сыртын бермей тура сөйлеген от тілді, орақ ауыз билерді халық пip тұтқан. Шешендіктің әліппесін, әділеттің ақ жолын игермеген биді сыңар қанат құс есебіне қосқан. Сырым сияқты көсем билер қарсыласының жан-дүниесіне үңілумен бipгe оның әpбip қимыл-қозғалысын, үн бояуын қалт жібермей қадағалай білген. Соған орай, өзi де үн бояуын құбылтып, дауыс ырғағын бірде желдіртіп, бірде төкпектетіп, енді бірде ақ жауындай себелетіп сөйлеумен бipгe әр сөзінің мән-мағынасын ашатындай қимыл-қозғалысын, бет-пішінін, қас-қабағын «ойната» білген тамаша әртістік қабілет иелері ретінде ардақталған. Өз заманында қазақ халқының ұйытқысы, ел бірлігін берік сақтаушы темірқазығына айналған.  Қалай болғанда да би атанып, халыққа танылғандар «өзім болдым, өзім толдым, «кейінгілер өздері білсін» деп келте пішіп, кем ойламаған. Таудың аласармауын, бұлақтың сарқылмауын, даланың тарылмауын басты мұра тұтқан. Ат аяғы жетер жердегі көкірегінде сәулесі, көзінде оты бар жастарды қыран шалар қия биіктен танып, тәрбиелеген. Өлгеніміз тірілді, өшкеніміз жанды деген осы. Қазақтың ха­лық болып, біртұтас елге айналуына, өркендеуіне айтулы хан-сұлтандарымыз, батырларымызбен бipгe көсемсөз биле­рімізді де ұлықтау егеменді ел­дікке қолымыздың жетуі ар­қасында ғана мүмкін болды. Осы тұрғыдан алғанда, Солтүстік Қа­зақстан облыстық сотын 10 жыл­ға жуық басқарған Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараевтың осы өңірде туған Шал ақын, Тоқсан би, Есенейлермен бірге есімдері елеусіз қалған Шағырай, Зілғара, Мүсіреп, Қозыбай, Құрымсы, Жа­рылғамыс секілді би-ше­шендер және шешендігімен бір­ге ақын, әнші, композитор болған Байеке шешен туралы бұ­рын-соңды белгісіз болып келген тың деректерді жинастырып, «Бабалар сөзі – ақылдың көзі» және «Дауылпаз баба – Қо­жаберген» атты кітаптарын шы­ғаруы – сөзіміздің бір дәлелі. Қолданыстағы Медиация заңы бойынша медиатор өзінің талантымен, білімі, беделі, ақылы, адалдығымен екі жақтың да талабын дау-дамайсыз шешіп, бітімгершілікке келтіретін тұлға болуы тиіс. Бітімгершілік тура­лы заң аяқасты пайда болып, қабылданған құжат емес. Бұл халқымыздың тарихында аттары алтын әріппен жазылған, аңызға айналған билеріміздің артына қалдырған мол мұрасын, шешендік ғақлия сөздерін, даналықпен айтқан биліктерін ескере отырып қабылданған маңызды құжат деп санауға әбден болады. Қазіргі кезде әлемдегі дамыған елдердің көпшілігі медиация тәсілімен дау-шарларды шешудің оңтайлы тәжірибесін қалыптастырған. Елімізде де судьялар мен медиа­торлардың әділ төреліктің туын жоғары ұстап, халықтың алғысына бөленіп жүргенін көріп жүрміз. Жас судьялар заңды жетік білумен қатар, аттары аңыз болған билердің тапқырлығын, шешендігін, турашылдығын жетік біліп, тарихты оқып үйренсе, кәсіби біліктілігі жоғарылай түсер еді. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Жолдауда еліміздің әлемдегі  30 да­мыған елдің қа­тарына кіру стратегиясы ұсы­нылды, ұлттық идеямыз – Мәң­гілік Ел болып белгіленді. Ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы ақи­қатқа айналды. Экономикалық реформалар­мен қатар сот-құқық­тық рефор­малар да қарқынды жүр­гізіліп келеді. Қазақстан Рес­публикасы судьяларының VI съезінде Мемлекет басшы­сы жұрт­шылықтың сотқа қолже­тім­ділігін, сот жұмысының ашық­тығы мен жариялылығын одан әрі жетілдіруге бағытталған жұ­мыстарды жандандыруға тапсырмалар берді. Қазақстанның тұғыры берік, қадамы нық болсын десек, өткен тарихымызды бүгінгі күннің құндылықтарымен сабақ­тастырудың мән-маңызы, тәлім-тәрбиесі айрықша дер едік. Соның бірі шешендіктің, ел басқарудың алтын діңгегі саналатын билер өнегесі екені айдан анық. Әбдіқахар ЕРКЕБАЕВ, Петропавл қалалық сотының төрағасы.