• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сенат 12 Қазан, 2024

Парламенттік дипломатия ортақ істі үйлестіреді

165 рет
көрсетілді

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған палата делегациясы Тәжікстанға барды. Сапар барысында сенаторлар Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рах­мон­мен кездесті. Сондай-ақ аталған ел Консти­туциясының 30 жылдығына арналған халықаралық пар­ламенттік конференцияға қатысты және ТМД елдері Парламенттерінің депутаттарымен екіжақты кездесулер өткізді.

Сенат спикері Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ол екі елдің арасындағы достық қарым-қатынас пен Мемлекет басшыларының сындарлы және сенімді диалогі өзара тиімді ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті.

«Тәжікстан Республика­сы Конституциясының 30 жылдығы» атты халықаралық парламенттік конференция­да сөз сөйлеген Мәулен Әшім­баев Қазақстан мен Тәжікстан арасында қалыптасқан өзара түсіністік пен сенімнің жо­ғары деңгейіне және оның маңызына ерекше тоқталды.

«Жоғары деңгейдегі тұрақ­ты кездесулер, белсен­ді сая­си диалог, түрлі сала­дағы нәти­желі ынтымақ­тас­тық қазақ-тәжік қарым-қаты­насының даму қарқынын және зор әлеуетін айқын көрсетеді. Бұл ретте сауда-экономика­лық байланыстарды, мәдениет пен білім беруге қатысты жоба­ларды, экологиялық және басқа сала­лардағы бірлескен бас­тамаларды атап өткен жөн. Қазақстан мен Тәжікстан арасында сенімді және жеміс­ті қарым-қатынас орнады. Биылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстанға сапары және сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар осы айтылғандарды кезекті рет нақтылай түсті. Аталған сапар кезінде елдеріміз арасында Одақтастық қатынастар ту­ра­лы тарихи шартқа қол қо­йыл­ды. Бұл маңызды құ­жат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ ел­дері­міз арасындағы жан-жақ­ты ынт­ы­мақтастықты одан әрі ке­ңейтудің берік негі­зін қалайды», деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев аталған конференция конституциялық құ­қықты дамытудың негізгі мәсе­лелерін талқылауға және қазір­гі алмағайып жағдайда би­ліктің заңнамалық тар­мақ­­­тарының табысты тә­жіри­бесімен бөлісуге зор мүм­­кін­дік беретінін тілге тиек етті.

«Парламенттердің қыз­меті құқықтық жүйенің тұрақ­ты­­лығы мен болжамды­лы­ғын қамтамасыз етуге, жаңа сын-қа­терлерге уақтылы ден қоюға және туындайтын про­блемалардың тиімді шешім­дерін табуға арналған. Біздің елдеріміздің алдында тұр­ған міндеттер мен мәселе­лердің көп жағдайда ұқсас екенін ескерсек, билік­тің заң шығарушы тармақ­тарының өзара іс-қимылы аса маңызды екенін аңғара­мыз. Парламентаралық ынты­мақ­тастық мемлекеттеріміз ара­сындағы байланыстарды нығайтудың, тәжірибе алмасудың және өзекті мәселелер бойынша ортақ шешімдер әзірлеудің негізгі тетіктерінің бірі екені анық. Қазіргі сын-қатерлер бізден тиімді диалог пен қазіргі және болашақтағы жаһан­дық өзгерістерге сәйкес заң­намалық тетіктерді бірлесіп әзірлеуді талап етеді. Бұл ретте ортақ күш-жігерімізді үйлестіруде парламенттік дипломатия шешуші рөл атқарады», деді М.Әшімбаев.

Сапар кезінде бірқатар екі­жақты кездесу өтті. Ресей Феде­рациясы Федералдық жина­лысы Федерация кеңесі­нің төрағасы Валентина Мат­виенкомен кездесуде заң шығарушы органдар желісі бойынша өзара іс-қимыл­ды нығайту бағыттары талқы­ланды. Тараптар екі палата арасындағы ынтымақ­тастық жөніндегі комис­сия жұмысының қорытын­дыларына да назар аударды. Сондай-ақ 2025-2026 жылдарға арналған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жаңа Жол картасына қол қою мәселесін қарады. Бұл құжатта Қазақстан мен Ресей президенттері белгілеп берген ынтымақтастықтың басым бағыттары көрсетіледі.

Сондай-ақ Қазақстан деле­гациясы Тәжікстан Мадж­лиси Оли Маджлиси милли төраға­сы Рустами Эмомалимен кез­дес­ті. Онда парламент­ара­лық ынтымақтастық­тың нақ­ты бағыттары кеңі­нен талқы­лан­ды. Атап айтқанда, пар­ла­ментаралық байланыстар­ды нығайтудың негізін қалап, ынтымақтастықты одан әрі дамытудың басым бағыт­тарын айқындап берген Түркістан декларациясын іске асыру аясындағы бір­лес­кен жұмыс туралы сөз болды. Сұхбаттасушылар бірлес­кен күш-жігерді өңірді эконо­микалық тұрғыда дамытуға, Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға, адам капиталын нығайтуға және қазіргі сын-қатерлерді еңсеруге жұмылдыру қажет екеніне баса мән берді.

Әзербайжан Милли Мәжі­лісі­нің спикері Сагиба Гафаровамен кездесуде Мәулен Әшімбаев әріптесін жаңа мерзімге қайта сайлануымен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастық халықтардың ортақ тарихи құндылықтарына және өзара құрмет пен түсіністік­ке табан тірейтінін атап өтті. Бұған қоса Сенат төраға­сы Әзербайжан тарапына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс айтып, аталған елдің өкілдері 2025 жылы өтетін съезге қатысатынына сенім білдірді.

Мәулен Әшімбаев конфе­рен­ция алаңында басқа да Парламент делегация­лары­ның басшыларымен бірқатар кездесу өткізді.