• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 12 Қазан, 2024

Өрісті өндіріс

284 рет
көрсетілді

Павлодар облысы – еліміздегі егістік алқаптары­ның көлемі бойынша 4 орында. Жалпы, егістік көлемі 1,6 млн гектар алқаптың 928,5 мың гектарына – дәнді және бұршақты, 374,3 мың гектарына – майлы, 281,2 мың гектарына – мал азықтық дақылдар, қалғанына көкөніс егілді. Бүгінде облыс­та картоп толық жиналып, дәнді дақылдар мен көкөністердің 99%-ы жиналды, майлы дақылдар жинау жұмыстары басталды.

Серік Жұманғарин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Agro-Trade PV» ЖШС-ның сыйымдылығы 10 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы мен 1,2 мың мал басына арналған тауарлы-сүт фермасына барды. Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен 2022 жылы салынған тауарлы-сүт фермасы жылына 4 млн литр сүт өндіреді. Одан соң шикізат қайта өңдеу үшін жергілікті сүт өңдеу зауытына жіберіледі.

Кәсіпорын мал азығы және картоп өсірумен айналысады. Вице-премьер көкөніс қоймасы базасында өңірдегі ірі фермер­лермен кездесті. Шаруалар­ды 4-5-сыныпты астық­ты форвардтық сатып алу бағасы қызықтырды.

Вице-премьер шаруалармен әңгімелесу кезінде қазірдің өзінде сатып алу бағасы анықталғанын, Азық-түлік корпорация­сы оны жақын күндері жариялайтынын жеткізді. Атап айтқанда, дәнінде 21-22% ақуызы бар 4-сынып үшін тоннасына 75 мың теңге деңгейінде баға қалыптастырылды.

Сондай-ақ кездесуде С.Жұманғарин шаруалар­ға биыл 3 млн тоннаға жуық астық жөнелту жоспар­ланған Қытайға астық экс­порт­таудың үлкен әлеуеті туралы мәлімдеді. Соны­мен қатар ол мал шаруа­шылығын дамытуды қол­даудың алдағы мемлекет­тік бағдарламасы туралы тоқталып, бұл бағытта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлуге шақырды.

«Біз келесі жылы мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ауқымды бағдарламасын іске қосуды, бірінші кезекте, аустралиялық әдіс­пен жүзеге асырыла­тын жобаларды қолдауды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте суармалы егін шаруашылығын дамыту­ға да қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атын­дағы каналдың әлеуеті  Павлодар облысында 200 мың гектарға жуық жерді суармалы алқапқа айналдыру жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Отандық жаңбырлатып суаратын қондырғылар өндірісінің болуын және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі болашақ жобаларды ескере отырып, біз өңірлерге мемлекет жеңілдетілген несие беру арқылы қолдау көрсететін, суармалы жерлерді дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді ұсындық», деп атап өтті С.Жұманғарин.

Сондай-ақ вице-премьер Lactalis Kazakhstan (ФудМастер) компаниялар тобына кіретін «Сүт» АҚ сүт өңдеу зауытында болды. Зауыт 220 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тәулігіне өңдеуге 200 тонна сүт қабылдап отыр. Мұнда сүт, айран, май және басқа да өнімдер шығарылады. Шикізат «Киров» ЖШС-ның жеке тауарлы-сүт фермасы­нан, облыстағы басқа да ірі тауарлы-сүт фермаларынан алынады.

Сонымен бірге вице-премьер Қазақстандағы танымал премиум-класты кеспе өндіретін «КЭММИ GROUP» ЖШС қызметімен танысты.