• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қазан, 2024

Қайтарылған актив әлеуметтік жобаларға жұмсалады

352 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 12 шілдеде «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойған еді. Аталған құжатта заңсыз жылыстатылған активтерді мемлекет меншігіне қайтарып, экономикалық айналымға тарту қарастырылған. Мұндағы мақсат – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіріп, халыққа тиесілі байлықты сыртқа әкетуге жол бермеу.

Осы заң аясында Бас прокурату­ра­ның жанынан активтерді қайтару­мен ­айналысатын жеке ведомствоның ­қыз­меті жолға қойылды. Сондай-ақ түс­кен қаражатты жинақтауға Арнау­лы мемлекеттік қор мен «Қайтарыл­ған активтерді басқару компаниясы» ­ЖШС құрылды. Бұл компанияның негіз­гі міндеті – мемлекетке қайтарыл­ған актив­терді тиімді басқарып, сақтау әрі сату­ды қамтамасыз ету. Осылайша, түс­кен қаражат еліміздегі әлеуметтік жоба­ларды қолдау үшін Арнаулы мемле­кеттік қорға жіберіледі. Компанияның мемлекеттік үлесіне Қаржы министр­лігінің Мемлекеттік мүлік және жеке­шелендіру комитеті иелік етеді. Осы арқылы ұйым қызметінің қоғамға ашық­тығы реттелген.

Қайтарылған активтерді басқару ком­паниясының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 14 қазандағы жағ­дай бойынша компанияның балансында зергерлік бұйымдар, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және өндірістік базаларды қоса алғанда 254 актив бар. Ұйым активтердің сипаттамаларына бай­ланысты басқарудың түрлі әдіс­терін қолданып келеді. Мысалы, электронды аукциондар өткізу, талап ету құқықтарын беру, қор биржасында активтерді сату және басқа да заңды тәсілдер қарастырылған. Активтерді сату E-Qazyna порталы арқылы жүзеге асырылады.

Бүгінде компания 6,3 млрд теңге­­­ден асатын активтерді сатқан. Оның ішін­дегі 4,4 млрд – шетелдік активтерден түс­кен қаражат. Барлық қаражат Ар­наулы мем­лекеттік қорға жіберіледі. Ал ол қор­­дан Ұлттық экономика ми­нистр­лігі­нің ережелеріне сәйкес ірік­тел­ген маңызды әлеуметтік жобалар қаржы­ландырылады.

9-11 қазан күндері өткен сауда-сат­тық аукционы тіркелушілер болмауына байланысты өтпеді деп танылды. Осы орайда аукционға қойылған активтерге тоқталып өткеніміз жөн.

9 қазанда аукционда екі ЖШС-ге қатысу үлесі ұсынылды. Атап айтқанда, жеке қазандықтары бар, жылу энергия­сын өндіру қызметі жолға қойылған «Тұлпар» ЖШС, сондай-ақ суды жинау, өңдеу әрі тарату қызмет түрімен айналысатын «Zharkent SU» ЖШС. Бұл активтер – коммуналды сала мен энергетикалық секторда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға инвестиция салғысы келетін инвесторлар үшін тартымды бағыт.

Ал 11 қазанда саудаға жалпы құны 414 271 364 теңге болатын монеталар, са­ғаттар мен зергерлік бұйымдарды қоса алғанда, коллекциялық заттар қойылды. Жалпы құны 1 564 810 теңге бо­латын коллекциялық монеталар (5 лот) болды. Әр монетаның құны – 150-ден ­690 мың теңгенің аралығында. Бұған қоса құны 314 742 586 теңгені қамтитын әй­гілі бренд сағаттары (8 лот) сатылымға шық­ты. Оның ішінде қолдан жасалған Ulysse Nardin Сlassic 789-80 және 18К алтын элементтері бар шектеулі сағаттар сериясы 214,4 млн теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ Franck Muller Genève асыл тастармен безендірілген қызғылт алтын корпус құны – 29,2 млн теңге, Ulysse Nardin Archive Freak Cruiser ақ алтыннан жасалған корпус – 29 млн теңге, Breguet 882u №3271 корпусы зақымданған алтыннан жасалған сағаты – 10 379 740 теңге.

Жалпы құны 97 963 968 теңге болатын зергерлік бұйымдар (5 лот) бар. Ең қымбат лот – сырға, алқа, шынжыр және сақинадан тұратын гауһар жиынтығы ­85 млн теңгеге бағаланған.

Осы жолғы аукционда қызығушы­лық та­нытқан сатып алушылар болмады. Де­генмен компания сатып алушыларды іздеу жұмыстарын жалғастырып, бұл активтерге сатып алушы табылғанға дейін аукциондарды өткізе береді.

Сондай-ақ биыл 7 қазанда саудаға Алматы қаласындағы жер учаскесі бар аяқ­талмаған құрылыс қойылды. Бас­тапқы бағасы – 6 278 384 321 теңге (ҚҚС есептемегенде). Бұл аукционды өткізу 24 қазанға белгіленіп отыр.

Аталған аукциондар нәтижесінде тү­сетін қаражат тек мемлекеттік бюд­жет­­ке ғана бағытталмайды. Өтелген қар­­жы денсаулық сақтау, білім беру және кө­мекке мұқтаж жандарды қол­дау мақ­сатында әлеуметтік маңызы бар жоба­ларға жұмсалады. Бұл актив­терді сатып алу арқылы аукцион қатысу­шы­лары ма­ңызды бастамаларды қолдап, қоғамның дамуына өз үлесін қоса алады.

Саудаға қатысу үшін E-Qazyna порталында тіркеуден өту қажет. Жеке тұлға­лар ЖСН мен дербес деректерді, ал заңды тұлғалар БСН мен бірінші бас­шыға қатысты мәліметті көрсетуге тиіс. Өтінім электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану арқылы жіберіледі және кепілдік жарнаның төленуімен расталады.

Сондықтан аталған аукционды құн­ды активтерді сатып алу ғана емес, елі­міздің келешегіне үлес қосу мүмкіндігі деп білуге де болады. Басқарушы ком­пания қаржылық көрсеткіштерді ба­рынша арттыруды ғана емес, сонымен қатар барлық рәсімде ашықтық пен заң­дылықты қамтамасыз етуді көз­деп отыр. Жұмыстың тиімділігі бір­неше негізгі көрсеткіш бойынша баға­ланады. Оның ішіне Арнаулы мем­ле­кеттік қорға аударылған қаражат кө­лемі, активтер­ді іске асырудың табысы, сондай-ақ басқа­ру үдерістері­нің әр­бір кезеңін­дегі ашық­тық пен қауіп­­сіздік дең­гейі кіреді. Таяу жылдары ком­пания мем­лекеттік активтерді бас­­қару сала­сын­да өз қызметін одан әрі же­тіл­діре түсуді мақсат етіп отыр. Бұл бағыт­т­а­ғы маңызды қадамдар­дың бірі – құры­­лымды жаңғырту, www.kuva.kz веб-сай­тын жаңартып, дамыту. Бұл аза­­маттар мен бизнестің се­ні­мін арт­­тырып, аукциондарға қатысу үде­­рісін жеңілдетуге жол ашады.