• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Архив 15 Қазан, 2024

Жаңа тарих парағы

121 рет
көрсетілді

Тарыдай шашылған тарихымыз дүниенің төрт бұрышынан қайта табылып, өшкеніміз жанып отыр. Қатпарланған ескі ғасыр бедерлері еңкеймеген рухымыздың куәсіндей, азаттығымыздың айғағындай.

«Архив-2025» бағдарламасы ая­сында Қазақстанның Ұлттық қолжаз­балар және сирек кітаптар орталығы Мәскеуге ғылыми зерттеу сапарын жүргізген болатын. Экспедиция олжалы болып, XVII ғасырға жа­та­тын парсы тіліндегі «Тарих» қол­жазбасы табылып отыр.

Жаңа көзқарасқа бастаған қордалы еңбек дүлдүл тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Раши­ди» кітабының жалғасы іспетті кең тыныспен жазылған. Сондай-ақ Қазақ хандығын зерттеушілерге қол­жазбада маңызды деректер ұшы­расады. Еңбекте қазақтардың Шығыс Түркістандағы моғол билеушілерімен қарым-қатынасы турасында да қы­зықты мәліметтер қамтылған.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Абсалықов қолжазба авторының қазаққа қатысы болуы мүмкін екенін жеткізді.

– Бұл кітап кеңес кезінде орыс тіліне аударылған. Аудармашылар түпкі қолжазбаның қырық пайызын ғана аударғандарын, түгел тәржіма жасамағанын айтады. Кітапта Қазақ хандығы туралы, соның ішінде Хақ­назар хан хақында біршама мағ­лұ­мат бар. Қазақ хандығы мен Мо­ғолстан мемлекетінің арасындағы байланыс жөнінде қысқаша деректер де ұшырасады. Мәскеуде жалғыз ғана данасы сақталған қолжазбаны көшірме жасаған себебіміздің бірі – өзіміздің көрме залға қойып, жас ұрпаққа таныстыру болса, екіншісі – тарихшыларымызға жаңа терезе ашу. Кітап авторына келсек, чурос деген тайпа атауы бар. XIV-XV ғасырда Моғолстанмен соғыс болып, жетпіс пайыз чурос­тар қалмақтарға қоныс аударса, қал­­ғаны қазақтарға, қырғыздарға, ұй­ғырларға сіңеді. Мысалы, дулат руы­ның ішінде «шора» деген тармағы бар. Бұл көшпелі чурос тайпасы болуы мүмкін, – дейді тарихшы.

Кітап авторы Шах Махмуд ибн Мирза Фазыл Чурос – Моғолстан тарихы бойынша бірнеше елеулі ең­бектің авторы. Замана сұ­сын баққан тегеурінді тұлға өз шығар­ма­ларын 30 жыл жазып, шежіре біл­гірі ретінде танылған. Шах Махмуд­тың «Тарих» атты еңбегінде Шығыс Түркістан халықтарының тарихы ғана емес, сонымен қатар Қырғызстан, Қа­зақстан, Орта Азия хақында жаңа дерек көздері бар.

Айта кетейік, қолжазба алғаш рет 1913 жылы Ташкенттегі Бақи-Жан­байдың жеке қолжазба қорынан табылған.