Калифорниялық REMspace стартабының зерттеушілері арнайы жабдықтың көмегімен екі адамды түс арқылы байланыстырып, тәжірибе жасап көрді. Компанияның мәліметінше, құрылғы ұйықтап жатқан адамдардың ми толқындарындағы деректерді бақылаған. Сервер қатысушылардың біреуі терең ұйқыға кеткенін анықтаған кезде, ол кездейсоқ сөз тудырып, оны құлаққап арқылы екінші ұйықтап жатқан адамға жеткізген. Қатысушы сөзді түсінде қайталап айтқан. Жауабы серверге жазылып сақталған. REMspace өкілдері бұл байланысқа «түс кезіндегі алғашқы чат» деп ат қойған. Жалпы, бұл – адам ұйықтап жатқанын саналы түрде түсініп, түсін басқара алатын сананың өзгерген күйі. REMspace компаниясы бұл технология жасанды интеллект сияқты үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін әрі ол физиологиялық мәселелерді шеше алады деп отыр.
Дирижер робот
Адам мен робот бірлесіп өткізген ерекше концерт өтті.
Дрездендік симфониялық оркестр Dresden Sinfoniker өзінің 25 жылдығына арнап ерекше концерт берді. Екі бөлімнен тұратын концерттің бірінші бөлімін адам басқарса, екінші бөлімін робот жүргізген. Осылайша, MAiRA роботы Виланд Рейсманның «kreuzknoten» атты шығармасының әлемдік премьерасын басқарған. Бұл туынды дирижер адамға қиындау, өйткені онда қиылысқан күрделі ырғақтар бар. Роботты Dresden Sinfoniker-дің көркемдік жетекшісі Маркус Риндт екі жыл бойы әбден жаттықтырған.
Жасанды интеллект жаңалығы
Жасанды интеллект адаммен жарысып жаңалық ашатын деңгейге де жетіп үлгерді. Халықаралық ғалымдар тобы нейрожелінің көмегімен бұрын белгісіз болған 70 500 РНҚ-вирусын анықтады.
Енді қоршаған ортадағы геномдардың үлгілерін алып, жекелеген вирустарды өсірудің қажеті жоқ. Зерттеушілер бұндай талдауға LucaProt деп аталатын жасанды интеллект моделін әзірлеп шықты. LucaProt моделіне ESMFold арқылы ақуыздардың құрылымын болжау мен секвенциялау деректері қосылған. Ол зерттеу барысында геномдық деректердің үлкен көлемін талдай отырып, осы ферментті кодтайтын тізбектерді анықтап, вирустарды тапты. Анықталған вирустардың көпшілігі бұрыннан белгілі вирус түрлеріне ұқсамайтын болып шықты.