Биыл Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына 10 жыл толды. Әрі 24 қазан – Кітапханашылар күні. Осы мерейлі датаға орай Шымкентте «Кітапхана – өркениет мұрасы» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Ғылыми басқосу әкімдіктің, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен өтті.
Кітапхана – шырайлы шаһардың мәдени-ақпараттық орталығы. Рухани орданың мерейтойына алыстан ат терлетіп келген Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Ғазиза Құдайберген мен Қазақстан Республикасы ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова құттықтау лебіздерін арнады.
Салтанатты іс-шараны ашқан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әкім Ғабит Сыздықбековтің құттықтау хатын оқып берді. Кітапхананың «Әл-Фараби» атын иеленуіне үлес қосқан фарабитанушы ғалым, профессор, философия ғылымдарының докторы Жақыпбек Алтаев. Ол өз сөзінде ұжымды мерейтойымен құттықтап, ғұлама ғалымның өмірі мен еңбектерінен біршама естелік айтты.
Ғалымның ең үлкен еңбегі «Қайырымды қала тұрғындары» трактаты екені аян. Онда бабамыз қайырымды қала болуда оның тұрғындары бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесіп, әркім өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруы керектігін айтады. Мұндай философиялық ой сонау Аплатон заманынан кешегі Томас Мордың, тіпті бүгінгі жаңа ғасыр ойшылдарының санасын сан толғантып келгені белгілі. Солардың ішінде Ислам, Шығыс ғұламаларынан бірінші болып тыңнан түрен салған, адамзаттың кіршіксіз қоғамын құруға теориялық негіздемесін жасауға тырысқан Әл-Фараби еді. Сол тұрғыда ол Ислам әлемінде ғана емес, Еуропаның философиялық ғылымында да шоқтығы биік ғалым болып қалды. Ғұламаның пайымынша, өркениет теңіздің немесе өзеннің жағасындағы қалаларда өркендеп дамиды. Сондай-ақ қайырымдыға қарама-қарсы, қайырсыз, қатыгез қалалар да болады. Егер қоғамда арсыздық, қылмыс жайласа ондай қала қайырсыз, қасиетсіз мекенге айналады. Ойшылдың пікірінше, ізгілікті ұстап тұра алмаған қайырымды қала орта жолда бағытынан айнып, жаман қоғамға өзгеріп кетуі мүмкін. Бабамыз қайырымды қаланы адамның ағзаларына ұқсатады. Ағза мүшелері әртүрлі болғанымен, әрқайсысының маңызы ерекше. Сол секілді қайырымды қалада тұрғындары түрлі қызмет атқарғанымен, бәрінің илегені бір терінің пұшпағы болуға тиіс. Сонау оныншы ғасырда жарық көрген Әл-Фараби еңбегі жаңа ғасыр ғалымдарының, бүгінгі ғылыми ортаның әлі күнге дейін қызығушылығын тудырып келеді. Өз заманында түрлі ғылымдардың төңірегінде құнды еңбектер қалдырған бабамыздың мұрасы кейінгі ұрпаққа рухани азық болып қала берері сөзсіз.
Қалалық ғылыми-әмбебап кітапхананың ғұлама ғалым Әл-Фарабидің атын иемденуі тегін емес. Өйткені Отырар жерінен шыққан ойшыл терең білімімен, философиялық пайымы, зерттеу еңбектерімен өз заманында төрткүл дүниені таңғалдырғаны белгілі. Сол орайда ол қазақтың ғана емес, күллі Ислам әлемінде үлкен құрметке ие ғалым. Бүгінде саясаттанушы, әлеуметтанушылар мінсіз қоғам құруды зерттеу тақырыптарының басты өзегі етіп алғаны жасырын емес. Осы ретте ғалымның еңбегі жаңаша көзқарастар қалыптастыруға әлі де сүбелі үлес қоса береді деген сенім мол.
Ғылыми жиынға ғалым, философия ғылымдарының кандидаты Сәкен Мәжінбеков модераторлық жасады. Конференцияға ғалымдардан бөлек еліміздің әр өңірінен кітапханашылар келіп қатысты.
Он жылда кітапхана қандай жетістікке жетті деген сауалға жауап ретінде төмендегі статистикалық мәліметтерді келтіргенді жөн көрдік. Мәселен, бастапқы кезде кітапхана қоры 18 мыңнан астам кітапты құраса, қазір мұндағы оқулықтар саны 400 мыңнан асады. Оның 200 мыңға жуығы қазақ тіліндегі басылымдар. Кітапхананың тұрақты оқырман саны алғашқы уақытта 18 мыңның үстінде болатын. Бүгінде кітапқұмар жандар 30 мыңнан асып жығылады. Осыдан он жыл бұрын 200 мыңнан артық адам кітапхана есігін қағатын. Осы күнде келушілер саны 300 мыңнан астам адамға ұлғайды. Яғни статистика жыл сайын рухани орталыққа бас сұғатын оқырмандардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Бірінші кездері қолға берілетін кітаптар 500 мыңға жуық болса, соңғы деректерде 600 мыңнан астам оқулық оқырман қолына тиген. Рухани орда заман көшінен қалмауға тырысып келеді. Сондықтан цифрлық технология бұл жерде де кеңінен қолданылып жатыр. Заманауи әдіс арқылы қазіргі таңда кітапхананың электрондық кітап қоры 6790-ға, оның ішінде цифрлық түрдегі оқулықтар 780-ге жетті. Сонымен бірге 63 дана кітаптың QR коды жасалды.
Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова конференцияда баяндама оқып, рухани орталықтың атқарған жұмыстары, қолға алған жобалары мен басқа да жетістіктері туралы айтып берді. Кітапхананы осы жылдар аралығында Зәкира Пәрімбекова, Күлия Айдарбекова сынды мәдениет саласының майталмандары басқарды. Кітапхана 2014-2017 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы 424 кітапханалар желісінде ғылыми-әдістемелік орталықтың рөлін атқарды. Алғашқы жылдары «Кітап және отбасы» тақырыбында облыстық кітапханашылар форумы, «Кітапханалық керуен» атты зиялы қауым өкілдерінің шалғай аудан оқырмандарымен кездесуі, «Аудандар көші – кітапханада» секілді көптеген жоба іске асырылды. 2015 жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай «Қазақ хандығы – тарихтың түп қазығы» тақырыбында тарихшы ғалымдардың қатысуымен оқырмандар конференциясы ұйымдастырылды. Одан бөлек, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Мырзахметовтің 85 жылдығына орай ғылыми-теориялық конференция өтті. Ақын Мұхтар Шахановтың «Шәмшінің ғұмырлық геометриясы» атты жаңа кітабының тұсауы осы кітапханада кесілді. 2016 жылдың күзінде қазіргі таңда қаламыздың балауса оқырмандарына қызмет көрсетіп отырған «Ақерке» балалар залы ашылды. 2017 жылы «Оңтүстікфильм» мекемесі мен кітапхана арасында меморандум жасалды. Меморандум аясында ұлттық рухты жандандыру, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты насихаттау мақсатында «Ақерке» балалар залында «САҚ» киностудиясының балаларға арналған анимациялық фильмдері тоқсан сайын көрсетіліп тұрды. 2018 жылы кітапханада адамдарды бір-бірімен тіл табыстыратын, оқу, шығармашылық тұрғысынан байланыстыратын қоғамдық кеңістік – коворкинг орталығы ашылды.
А.Жаппарқұлова 2018-2019 жылдары «Туған жер», «100 жаңа есім» жобасының алар орны айрықша болғанын атап өтті. Соның аясында Оңтүстік өңірінен шыққан тұлғаларды халыққа паш ету, олардың еңбектерін жастарға насихаттау мақсатында кітапханада «100 жаңа есім» тізіміне енген тұлғалармен кездесулер жүйелі түрде ұйымдастырылды. Мәселен, абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлымен, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметовпен, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызымен, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Әсел Далиевамен, жас кәсіпкер Сырым Ертаевпен өткен кездесу кештері жастардың бойына жігер мен рух сыйлады. Бастапқы кезде кітапхананың атауы «Отырар» болды. Кейін 2020 жыл Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай, ғалымдардың, зиялы қауым өкілдерінің ұсынысы жарияланды. Осыған орай Үкімет қаулы шығарып кітапханаға Әл-Фараби есімі берілді. Кітапхана жаңа атауына сай болу мақсатында ауқымды жаңғыртудан өткізіліп, қайта жабдықталды. Қазіргі таңда ол – республикалық маңызы бар Шымкент қаласының ең ірі ақпараттық мәдени орталығы.
«Кітапхананың 10 жылдығы қарсаңында қала кітапханашылары арасында «Жеңгесі мен еркесі» атты байқау болды. Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақтың «Темір генерал» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл шығарма Екінші дүниежүзілік соғыста қаһармандықпен қаза тапқан Кеңес Одағының батыры, Қазақстан мен Орталық Азия халықтары арасынан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовқа арнап жазылған.
Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты халықаралық ғылыми-көпшілік конференциясы әдебиетсүйер қауымның басын қосты. Маңызды жиынға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан келген ғалымдар қатысып, қазақтың талантты қаламгері жайында пікірлерін ортаға салды. Сонымен бірге биылғы «KitapTime-2024» ІІІ жалпы республикалық кітап фестивалі өз қызықтарымен есте қалды. Оның аясында «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы, мәдениет қайраткері, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Бастарбек Пірімбетовтің «Алыс та жақын жылдарым» атты кітабы көпшілік оқырманға таныстырылды.
Іс-шараның екінші бөлімінде кітапханашы мамандар мен оқырмандардың қатысуымен әдеби-сазды мерекелік концерт қойылды.