• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Зерде 15 Қазан, 2024

Ел білетін Бердібек

244 рет
көрсетілді

Бұл мақаланы жазуыма белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, қызыл­ордалық Биғали Қаюпов, Бақ­берген Досмамбетов, Нажі­мәдин Мұсабаев, Жарылқасын Шәрі­пов, Мұрат Мұхамбетов, Бек­мырза Еламанов, Имамадин Оңғар­баев, тағы басқа қадірлі іні­лерім себепкер болды.

Қадірлі бауыр­ларымның базынасы дұрыс шы­ғар, себебі сонау қиын кездерде, ел экономикасы шатқаяқтап тұр­ған алмағайып уақытта байтақ рес­пуб­ликамыздың әр өңірінің бойына қан жүгіртетін азаматтар керек болды, солардың бірі һәм бірегейі Бердібек Сапарбаев еді. Бақи­лыққа аттанғанда қабыр­ғамыз қайысты. Алматыдағы жер­леу рәсі­мі­нен соң іле-шала қызыл­орда­лық жер­лестеріне арнайы ас беріл­ді. Сон­да қызметтес болған әріп­тес­тері мен ағайын-жұрт «Бердібек Мәш­бек­­ұлын неліктен жоғары мемлекеттік марапатқа ұсынбасқа?» деген сауал қойып, бір­­ауыз­дан қолдаған едік. Қайраткер азаматтың қызметтесі ретінде бұл ұсы­ныстың мәнін өзім айтуды парыз санадым.

Қызылорда облысы апаттық ай­­мақ болып саналғанда 1995-1999 жылдары Бердібек Сапарбаев өңір тізгінін қо­лына алып, аз ғана уақыттың ішінде экономикалық қуатты өңірге айналдырды. Елде әкімдік институт әлі қалыптаспаған кезеңде ай­мақтың шетін мәселелерін шеше білді. Канада, Германиядан инвес­торларды тарту арқылы мұнай ком­панияларының жұмысын жандандырып, облысты тығырықтан шығарды. Қызылорданың тағы бір экономикалық көзі – балық шаруашылығы. Кеңес үкіметі кезінде біздегі балықтың байлығына, молдығына көзі жеткен В.И.Ленин 1921 жылы Арал балықшыларына арнайы хат жазып, орыс халқы, әсіресе балалары аштыққа ұшырап жатқанда балық сұратқан еді. Арал балықшылары өз ауыздарынан жырып, 14 вагон балықты Ресейге жөнелтті. Ерен еңбектері ескеріліп, Калининнің қолынан бірнеше Арал балықшысы жоғары марапат алған. Балық шаруашылығына көмегі тиген ел ағалары көп болды, атап айсам, Мұхамбетқали Сужиков, Сәлімгерей Тоқтамысов, Тәкей Есетов, Еркін Әуелбеков, Бердібек Сапарбаев, Икрам Адырбеков, Қырымбек Көшербаев және тағы басқа азаматтар. Кейіннен кіші Арал қайтып кетіп, тұздың мөл­шері 30 мг-ге артқан сәтте көптеген балық түрі жойылып кетті. Осы кезде Бердібек Мәшбекұлы тіке­лей көмек жасап, ғылыми инс­ти­туттың ғалымдарымен ақыл­дасып, Азов теңізінен камбала балығының тұқымын алып келдік. Арал теңізі қолайлы болғаннан ба, алып келген балықтар өзде­рінің қалыпты салмағынан екі есеге дейін өсті. 1992-1993 жылдары мем­лекетіміз үшін ауыр кезең болды, дәл осы уақытта теңізде күрт өскен камбала балықтарын аулайтын ау құралдары, мамандар, тоңазытқыштар жоқтың қасы еді. Бердібек Мәшбекұлы балықшылар мен мамандарды жинап, жан-жақты қолдау көрсетіп, жоспар жасадық. Бұл жоспардың аты «Копенгагеннен Аралға дейін» деп аталды. Дания елінің басшылары мен мамандары Қазақстанға келіп, Бердібек Мәшбекұлымен кездесіп, келісімшартқа отырды. Олардың келіп-кету шығынын Бердібек Мәшбекұлы үкіметпен келісе отырып шешті де, тәжірибе алмасу үшін көп көмек жасады. Нәтижесінде, Данияға Аралдан екі рет экспедиция жіберіліп, бір айға жуық тәжірибе алмасып, камбала балығын қалай аулап, пайдалану керегін үйреніп келді. Тек тәжірибе алмасып қана қоймай, Бердібек Мәшбекұлының көме­гімен арнайы ау құралдарын, ау­лан­ған балықтарды сақтай­тын то­ңа­зыт­қыштарды елге әкел­ді. Со­ның ар­қа­сында Арал ба­лық­шы­лары мен халқы бір марқайып, еңсе­лері көтеріліп қалды.

Қызылордадан кеткеннен кейін, ахуалы ауырлап, өндірісі тұралап қалған Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға келді. Іргелі істер­ді бірден қолға алған Бердібек Сапарбаев бойындағы бар қабілет-қарымын жұмсап, Шымкентті шыңға шығарып кетті. Облысқа әкім болып тағайындалғанда, мұнда газ, жарық, жылу деген атымен жоқ не болмаса қат еді. Айналдырған екі-үш жылдың ішінде аймақта газ да, жылу да, жарық та қосылып, халықтың әл-ауқаты артты. Қазір ауыз­бен айтқанға жеңіл, дәл сол уақыт­та Бердібек Мәшбекұлы үшін бұл күр­делі шаруаны оңтайландыру оңайға соқпағаны анық. Тырнақ асты­нан кір іздейтін әпербақандар қа­шанда табылады, бірақ Бердібек Мәш­бекұлы ілгері басқан қадамын кейінге тартқандарға тас лақтырмай-ақ, өз жолынан жаңылмады. Оның міне­зінің беріктігі мен сертінде тұра­­тын арда қасиеті ел игілігі үшін қа­шанда сұранып тұрды. Осы орайда ұлтымыздың көсемі Әлихан Бө­кей­ханның «Ұлтқа қыз­мет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Ра­сын­да да, ол мінезге бай тұлға еді. Жо­ға­рыда жазғанымыздай, аз ғана уақыт­тың ішінде Шымкенттің шырайын келтірген әкім қаймағы бұзылма­ған қаза­қы өңірді дамы­туға еңбек сіңірді. Оған оңтүстік хал­­қы куә. Осы орайда қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Ер екеніңді бі­ле­йін, Шымкентті басқарып көрші» ат­ты мақаласын да атап өткім ке­ле­ді.

Бердібек Мәшбекұлы Шым­кенттен кейін кеден саласына келді. Күрмеуі көп күрделі проблемаларды шешу үшін көп жұмыс істеу керек болды. Бұрын бұл салада істеп көрмесе де, өзінің білігі мен білі­мін қатар ұштап, кеденнің бар кем-ке­тігін түзеуге атсалысты. Онда­ғы келеңсіздік­тердің алдын алу жұ­мыс­шылар­дың жалақысын көтеру, зей­нет­ке шығару мәселесін біршама оңтай­лан­дырып кеткен осы Бердібек Сапарбаев болатын.

Халыққа жаны жақын Бердібек Мәшбекұлы 2009 жылы Шығыс Қазақстан облысын бас­қа­руға келгенде, кешегі Абай туған, Мұх­­тардай заңғар жазушы дүниеге кел­ген қасиетті өлкені қайтадан тү­ле­туге күш салды. Алдымен облыс ор­та­лығы Өскеменнің қақ ортасына Абай ескерткішін орнатып, қазақтың айбы­нын көрсете білді. Өңірді абаттандыру, шекаралық аудандардың мәсе­лесін тез арада шешу, зауыт-фаб­­ри­­ка­ларды жандандырып, өнді­рісті жеделдетуге күшін салды. Ең бас­­тысы, қарауындағы халықпен жақ­­сы тіл табыса білді. Мысалы, су тас­­­­қы­нынан жиі зардап шегетін аудан­­дарды өзі аралап, халық­тың жанай­­қайын тыңдап, жедел түрде мәсе­лелерін шешіп берді. Әкім болып тағайындала салысымен Зайсан ауда­нына қарасты Тасбастау ауы­лын күрт еріген қар суы ша­йып кетіп, жұрт бас­панасы мен мал-жанынан бір сәтте айырылып қалды. Сол кезде ал­тын адам табылған қасиетті өлкеге ар­найы барып, халықпен тілдесіп, не керек екенін сұрап, үш айдың ішінде жаңа баспана салып, мал-жанының өтем­ақысын беруге уәде етті. Қоңыр күз келгенше су басқан ауылдағы ха­лыққа жаңа үйдің кілтін өзі ­табыстап, лен­та­сын қиғанын көзіміз көрді. Бұл іс­кер әкімнің айқын образын көрсетсе ке­рек.

Ақтөбе облысына әкім болып таға­йындалған соң, екі жылдан кейін мені шақырып: «Құдайберген Сар­жанұлы, осы Ырғыз өңірінде жет­пістен астам көл бар көрінеді, осыны қалай балыққа толтырсақ бо­лады? Естуімше, 60-жыл­дары сіздер Ырғызға арнайы балық әкел­ген екенсіздер», деді. Расында, 1963 жылы біз Арал теңі­зі­нен сазан балы­ғын Ырғыз көл­де­ріне жібергенбіз, жеті-сегіз жыл өт­­кенде әгі балықтар­дың сал­мағы он килограмға дейін өсті. Ақыры аралдықтар сазанды Ырғыз көл­де­рінен аулайтын бол­ды. Бер­ді­бек Мәш­бекұлы соны есті­­ген шығар, маған қолқа салып, орын­­басарларына, Табиғатты бас­қа­ру басқармасына тапсырма беріп: «Құде­­­кеңмен бірігіп жұмыс істең­дер, ол бізге балық санын өсіруге кө­мек­­теседі», деді. Жұмысқа енді кірі­­сейік деп жатқанымызда әттең, ол кісі қыз­метінен кетіп қалды. Ол кісі кет­кен­нен кейін бұл жұмысты әр­­мен қарай жалғас­тыратын адам бол­­мады.

2020-2022 жылдары Қордайда болған қақтығыстан соң, Бердібек Мәшбекұлы Жамбыл облысына әкім болып тағайындалды. Себебі әлеуметпен ортақ тіл табыса ала­тын әкім қажет еді. Бердібек Мәшбек­ұлы бәрін орнымен шешіп, облыстың тұрақтылығын қалпына келтіре білді.

Жұртшылық біледі, кешегі соғыс жылдары майданның ең күрделі жерлеріне маршал Жуков жіберіліп отырған. Төрт жылда Жуков төрт майданды басқарып, жау қолында қалған елді мекендерді азат етуге бар күшін салды. Сол еңбегін ескеріп, И.Сталин Жуковке төрт рет Кеңес Одағының батыры атағын берген. Міне, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел еңсесін тіктеуге, күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешуге, облыстардың әл-ауқатын, экономикасын арттыруға ерен еңбегін сіңірген, бір өзі бес-алты облысты басқарып, мансапқа емес, халыққа қызмет еткен Бердібек Мәшбекұлын неліктен бағала­маймыз? Әкімдік қызметін былай қой­ғанда, үкіметте істегенде ел дегенде еміреніп еңбек еткен де дәл осы Бердібек еді. Қолда барда алтын­ның қадірі болушы ма еді? Кейде шын асыл азаматтар­дың қадіріне жете алмай қаламыз. Батыр Бауыржанға да, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжанға да батыр ата­ғын көздері кеткен соң, тарихи әді­леттілікті орнатып бермеп пе еді? Бабаларымыз «игіліктің ерте-кеші жоқ» деп бекер айтпаса керек, Бердібек Мәшбекұлының ар­тында қара ормандай халқы, ту­ған-туыс, шәкірттері қалды. Біз ел ағалары кеңесіп, азаматтар ақыл­дасып, Бердібек Сапар­баевқа еліміздің жоғары марапаты берілсе дейміз. Қайраткерлікте де еңбек адамының маңдай тері мен өнегесі ескерілсе, елдігіміз баянды болады деп ­санаймыз.

 

Құдайберген САРЖАНОВ,

Балық шаруашылығы экс-министрі, Қызылорда қаласының құрметті азаматы