• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Қазан, 2024

Зиянды әдеттен арылған жөн

114 рет
көрсетілді

Президенттің Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасына қарасты респираторлық медицина орталығы бірер жылда халықаралық дәрежедегі ірі орталыққа айналып үлгерді. Ондағы білікті мамандар астма, пневмония, бронх-өкпе дисплазиясы, өкпе-бронх жүйесіның созылмалы ауруларын диагностикалаумен, емдеумен айналысады.

Респираторлық медицина орталығы пульмонология, функционалдық диагнос­тика, сәулелік диагностика, эндоско­пия, биохимия, микробиология, геномдық зертхана, ұйқы зертханасы, оңалту, физиотерапия бөлімшелерін функционалдық жағынан біріктіреді. Яғни бөлімшеде пульмонологтардан бөлек радиолог, эндоскопия, басқа да мамандар тобы бар. Бүгінде елімізде жалғыз осы орталықта ғана хирургиялық емес, өкпе биопсиясы диагностикасы жасалады екен. Демек емшарада емделушінің өмір сапасына әсер етпейтіндей тәсілдер қолданылады. Сонымен қатар өкпенің көміртегі тотығымен диффузиялық қабілетін бір тыныс алу әдісімен зерттеудің елімізде, Орталық Азияда баламасы жоқ. Мұндай әдіс көрші елдердің ішінде тек Ресейде ғана бар. Ауруханада бронх-өкпе ауруларының барлық түрі емделеді. Емшаралармен ел ішінде, алыс-жақын шет елдерге барып даярлықтан өткен мамандар айналысады. Олардың бір­қатары магистрлік диссертация қор­ғаған, ғылым докторлары да бар.

Орайы келгенде біз респи­раторлық медицина ор­та­лығындағы жаңашыл­дық­тарды, емшарада қолда­ны­латын ерек­ше, озық әдіс-тә­сілдерді орта­лықтың мең­геру­шісі Роза Бәкеновадан сұрап-білдік.

– Орталық 2022 жылы желтоқсанда құрылды. Бүгін­де диагностиканың бар­лық түрі қолданылады. Оның ішінде өкпе тінінің КТ, жоғары ажы­ратымдылықтағы орфан­дық-ком­­пьютерлік томография, эндос­ко­пия­лық ультрадыбыстық бақылаумен (EBUS) өкпенің трансбронхиалды эндоскопиялық биопсиясы, кеуде ішілік лимфа түйіндері енгізілді. Ядро­лық медицина орталығында позит­ронды-эмиссиялық томография, өкпе­нің радиоизотоптық сцинтиграфиясы сияқты зерттеулер жүргізіледі. Озық технологиялар өз алдына, біз мамандардың даярлығына ерекше мән береміз. Олар науқасқа қандай тәсіл тиімді екенін дәл анықтай алады. Әрине, мұндай тәсілдер пациенттерге көрсетілетін қыз­меттің сапасын жақсартуға көмектеседі, – дейді Р.Бәкенова.

Орталық мамандары респира­торлық аурулардың алдын алуда бірінші кезекте темекі сынды денсаулыққа зиян келтіретін зиянды әдет­терден арылуға кеңес береді. Яғни вейп, электрондық темекі, кальяндардан бас тарту арқылы ауыр жағдайлардың алдын алуға болады. Себебі мұндай құрылғылар өкпені тез зақымдайды. Дәрігерлер мұндайда кейбір пациентті аман алып қалса, өкінішке қарай, ауруы асқынған екінші пациентке ем қонбауы мүмкін. Бірақ бұл әдеттегі темекілердің зияны жоқ дегенді білдірмейді. Өйткені, дәрігерлер дүкенде ашық саудаланатын темекі­лер өкпені ұзақ уақыт зақым­дайтынын айтады. Оған жылдар керек болса, ал вейптерден келетін залал кенеттен, тұт­қиылдан тап береді. Ең қиыны, кейінгі жылдары вейп қолдану балалар арасында сәнге айналып, жасөспірімдер құмарта бастаған еді. Сондықтан дә­рі­­герлер құрамы бел­гісіз мұн­дай өнімдердің сатылымы­на шектеу қойылғаны мемлекет қауіпсіздігіне, елдің келе­шегіне қатысты дұрыс шешім болғанын айтады.

Медицина мамандары респира­­тор­лық ауруларды алдын алуда дер кезінде дәрі­гер­ге қаралу қажет екенін ес­кер­теді. Себебі инфекцияға шал­дыққан науқас маманның көмегіне дер кезінде жүгінбе, асқынып кеткен ауруды емдеу қиын. Сондай-ақ дәрігерлер иммунитетті көте­руге кеңес береді. Спортпен шұғыл­да­на­тын адамның ағзасы түрлі ауру­ларға төтеп беруге қауқар­лы болады.

Тіршілікте адамзаттың басына түскен қиын, күрделі кезеңдер адамдарды белгілі бір деңгейде шыңдайды, шынық­тырады. Құндылықтарды өзгер­теді. Ал медициналық тұр­ғыдан қарасақ, кешегі COVID-19 пандемиясынан ке­йін созылмалы өкпе ауру­ларына шалдығатындар кө­бей­ген. Сәйкесінше, респира­торлық медицинаның дамуына, тиімділігін арттыруға көп көңіл бөлінді. Өкпенің ком­пью­терлік томографиясы жиі қол­даныла бастады.

– Пандемияның біздің өмі­рімізге енгізген өзгерістері көп. Қазір өңір­лер­дегі дәрі­гер­лер түрлі диагностика тәсілдерін пайдаланып, нәти­желер күмәнді болған жағ­дайда бізге жиірек жолдама береді. Тұрғындар инфекциядан қорғануды үйренді. Маска тағып, қолды антисептикпен жиі әрі дұрыс өңдейтін болды. Технология жағынан жаңашылдық енді деп айта алмаймын. Себебі қазір пайдаланып жүрген тәсілдің бәрі бізде бұрыннан бар. Қазір бізде зерттеудің барлық түрі қолданылады. Енді солардың жетілдірілген түрін өзімізге енгізгіміз келеді. Роботтық технологияға келер болсақ, жасанды интеллектіні қолданудың маңызы зор. Әсіресе аналитика жасау кезінде көп көмектеседі. Біз жасанды интеллектіні сараптама нәтижелеріне талдау жасауға пайдаланғымыз келеді. Десе де, жасанды интеллект дегеніміз – робот. Сол роботты дұрыс басқарып, оған сараптама жасауға адамның интеллектісі, пайым-парасаты керек. Мәселен, сәулелік диаг­ностиканы алайық. Адамға мүмкіндігінше зияны аз, бірақ тиімді сәулелену тәсілін таңдау да ой еңбегімен шешіледі, – дейді орталықтың меңгерушісі Р.Бәкенова.

Бір сөзбен айтқанда, за­ман­ға сай озық технологиялар қандай маңызды болса, оны басқара алатын білікті дәрігерлердің тәжірибесі де сондай салмақты. Президент іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасына қарасты Респираторлық медицина орталығы елде пульмонология саласында көшбасшы саналады. Мұнда ем алуға елдің әр аймағынан, тіпті шетелден пациенттер келеді. Еуропалық қауымдастық респираторлық орталықтың жоғары деңгейде медициналық көмек көрсе­тетінін мойындаған. Демек халықаралық дәрежедегі орта­лықтың мүмкіндігі мо­лайса, оның шапағаты бірте-бірте өңірлердегі меди­циналық мекемелерге тиеді, науқастарды мейлінше ерте анықтауға мүмкіндік туады.