• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Қазан, 2024

Қатар инвестициясы қаржы нарығына қалай әсер етеді?

311 рет
көрсетілді

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен «Lesha Bank LLC» (Public) «Bereke Bank» АҚ акцияларының 100%-ын сату жөніндегі мәміле­нің аяқталғанын жариялады. «Бәйтерек» холдингі «Bereke Bank»-ті бұ­рын­ғы акционер – ресейлік «Сбербанктен» 2022 жылдың қыркүйегінде са­тып алған еді. Қыркүйектің соңында банк басшылығына Андрей Тим­чен­ко келіп, жаңа командаға қаржылық жағдайды қалыпқа келтіру тапсырылды.

Жыл соңына қарай банк 124,5 млрд теңге шығынды тіркеді. Бұған клиенттердің жылыстауы мен ресейлік акционерге несиені қайтару себеп болғаны сол кезде ашық айтылды. Осыдан кейін холдинг банк депозитіне өз қаражатын да, еншілес компаниялардың салымдарын да орналастырды. 2023 жылдың жазында банк «Fitch Ratings» рейтингін алды. Жергілікті және шетелдік банктермен корреспонденттік шоттар жаңартылып, SWIFT арқы­лы валюталық аударым қал­пына келтірілді. Қазанға қарай «Bereke Bank» VISA төлем жүйесімен жұмы­сын қайта бастады.

2023 жылды банк 29 млрд теңге таза пайдамен, 2,1 трлн теңге активпен, 1,9 трлн теңге міндеттемемен аяқтады.

«Lesha Bank»-пен мәміле жасамас бұрын холдинг көптеген ұсынысты қарастырды. Бұл ретте үлесті де, банк акцияларының толық пакетін де сату мәселесі талқыланды. Бірақ «Lesha Bank» ұсынысы анағұрлым тартымды болды, өйткені оның ішінде ұсынылған сатып алу бағасы, мәмілені жабу мерзімі, банк акцияларының барлық пакетін сатып алу ниеті бар еді.

«Бәйтерек» холдингінің хабарлауынша, банк клиенттер алдындағы барлық міндеттемесін орындауды жалғастырады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мәліметінше, акционердің ауысуы банкке даму перспективаларын ашып, халықаралық стандарттарды енгізуге, өнім желісін кеңейтуге, клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл банк позициясын нығайту­ға, қаржылық тұрақтылықты арт­тыруға, сондай-ақ клиенттерге инновациялық әрі бәсекеге қабілет­ті шешімдерді ұсынуға ықпал етеді. Шетелдік инвестордың отан­дық қаржы нарығына келуі екінші деңгейлі банктер арасындағы бәсекелестікті арттырып, нақты секторды несиелендірудің өсуін қамтамасыз етеді», деп мәлімдеді ҚНРДА.

«Bereke Bank» актив көлемі жөнінен – 9-орында, несие портфелі­нің көлемі жөнінен – 7-орында. Банк активтері – 2 338 млрд теңге, меншікті капиталы – 186 млрд теңге. «Lesha Bank» Қатарда таңдаулы төрт банктің қатарына кіреді. Банк­тің исламдық қаржыландырудағы корпоративтік әлеуметтік бастамалары, цифрлық шешімдері мен ұсыныстары да ерекше танымал. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қаржы институтының активтері – 2,05 млрд доллар, меншікті капиталы – 0,35 млрд доллар, капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 16,9%. 2023 жылдың қорытындысын­да – 26,5 млн доллар, 2024 жылдың 6 айында 15,5 млн доллар таза пайда тапты.

Сарапшылардың айтуынша, Қатар инвесторларының қолдауы­мен банк айтарлықтай өсім көрсетуге тиіс. «Lesha Bank» – «Qatar Financial Center» қор биржасында тіркелген жария компания. Банктің ірі құрылтайшыларының бірі –Қатар әмірінің әкесі шейх Хамад бин Халифа Әл Тани. Шейх Хамад өзінің инвестициялық бастамаларымен, ел экономикасын әртараптандыру стратегиясымен танымал. Бұл саясат әлемге әйгілі QIA инвестициялық қорын құруға ықпал етті. Банктің директорлар кеңесін шейх Фейсал бин Тани Әл Тани басқарады. Шейх Фейсал Қатар инвестициялық қоры – «Qatar Investment Authority» (QIA) компаниясындағы басты тұлғалардың бірі.

Қатарлықтар үшін біздің банк­т­ің активтерін сатып алу – Қазақстан мен Орталық Азияның банк нарығына кіру мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар елімізде жос­парланып отырған миллиард­та­ған инвестицияға байланысты қаржы ағындарын бақылау тетігі. Сарапшылар «Lesha Bank» пен басқа да қатарлық инвесторларды тарту өте маңызды оқиға екенін айтады. Геосаяси жағдайлар құбылып тұрған кезде осындай сенімді серіктесті тарту бізге әлемдік аренада жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, инвестициялық тартымдылығы жоғары ел ретінде танытпақ.

 

АЛМАТЫ