Астана қаласында орналасқан «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясында «Республика күнін қалай атап өту керек?» деген тақырыпта қоғам белсенділерімен бірге дөңгелек үстел өтті. Алқаға саясаткер Оралбай Әбдікәрімов, экономист Сапарбай Жұбаев, «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» басқарма төрағасы Нұрбек Мәтжани, саяси сарапшы Берік Бекжанов және Ы.Алтынсарин атындағы «Стратегия, ғылым және талдау» орталығының директоры Еркебұлан Аманқосов қатысты. Жиынды «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек екенін айтты. Содан кейін «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекітілді. Дөңгелек үстелге жиналған сарапшылар ең әуелі халыққа ұғынықты болуы үшін ұлттық мерекенің мемлекеттік мерекеден айырмашылығы туралы ойын ортаға салды.
Оралбай Әбдікәрімовтің айтуынша, Республика күнін тиісті деңгейде қайтадан атап өту туралы мәлімдеме – мемлекеттің тарапынан уақытында айтылған шешім.
«Бұл мереке жастар санасында берік орнауы тиіс. Сол себепті барлық оқу орындарында бұл мерекенің маңызы мен мәртебесін көтеру керек. Ең басты мереке ретінде аталып өтуі тиіс», деді ол.
Берік Бекжанов болса, 1990 жылы қабылданған декларацияға сәйкес республика күнінің 25 қазанда мерекеленуі заңды шешім екенін жеткізді. Ал Сапарбай Жұбаев бұл мерекені Тәуелсіздік күнімен мазмұндастырып алмас үшін, оны «Қазақстан күні» деп атауды ұсынды.
Мерекенің халықтық деңгейде тойлануы үшін оның мән-мағынасы символикалық сипатта толықтырылуы керек. Бұл туралы Нұрбек Матжани ой тарқатты.
«Наурызды тойлағанда киіз үй тігіледі, ұлттық ойындар ойнатылады, наурыз көже дайындалады. Бұл – мерекенің ғасырлар сүзгісінен өткен, ел санасында әбден қалыптасқан атрибуттар. Ал Республика күнінде халық бір-біріне қандай сыйлық жасау керек? Міне, осы мәселені алдыңғы орынға шығару керек», деді ол.
Сонымен қатар сарапшылар Республика күніне ерекше мән беретін мемлекеттердің озық тәжірибесін талқыға салып, мұның ел болашағы – балалардың да қуанышты мерекесі болу керектігін атап өтті.