• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Теңге 17 Қазан, 2024

Теңге неге әлсіреді?

200 рет
көрсетілді

Өткен аптада долларға қатысты теңге бағамы біршама жоғарылап, 490-ға дейін таяды. Тіпті сарапшылар арасында бағам 500-ге жетуі мүмкін деген болжамдар да айтыла бастаған. Бірақ кейін қайта төмендеп, 1 доллар 487 теңгеге саудаланды.

Сарапшы Мұрат Темірхановтың айтуынша, Ұлттық банк зейнетақы қорынан доллар сатып алуды тоқтатудың орнына, теңгені жоғары бағамен сатылымға шығарған. Бұл БЖЗҚ инвесторларының мүддесіне қайшы келеді.

«Ұлттық банктің бағамдық саясаты дер кезінде жауап берсе, теңге осыншалықты әлсіремес еді. Бұл халық пен бизнестің девальвациялық күтуіне кері әсерін тигізеді. Өз кезегінде ұлттық валютаға деген сенімсіздік ұлғайып, теңгенің әлсіреуіне әкеледі. Бас банк нарықта теңгенің күрт әлсіреу себебін түсіндірмей отыр. Теңгенің нарықтағы өтімділігі төмен, қатысушылар саны аз, еліміздің биржасында валютаға сұраныс пен ұсыныс арасында ірі теңгерімсіздік орын алып отыр. Бұл нарықтағы теңге бағамының жоғары құбылмалылығын тудырады. Мұндай жағдайда Ұлттық банк теңгені басқарудағы өзгермелі тәртіпті қолданып жатқанын ресми түрде мо­йындауы керек», деп есептейді Темірханов.

Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, теңгенің қазіргі жағдайы еліміздің ішкі экономикалық мәселесінің көрінісі.

«Геосаяси жағдайлар, мұнай баға­сы­ның құлдырауы немесе 2020-2022 жылдар аралығында болған пан­демия секілді сыртқы күйзеліс болған жоқ. Ішкі факторлар ретінде бюджет кірісінің әлсіреуін, бірінші жартыжылдықта Үкімет Ұлттық қор­­дан рес­публикалық бюджетке аудар­ған трансфертін айтуға болады. Олардың конверсиясы Ұлттық банктің KASE биржасында айырбас бағамына қысым жасап, оның күшеюіне әкелген. Бюджет кірісін толықтыру және Ұлттық қордағы мұнай долларларын тиімді бағамға айырбас­тау үшін бізге теңгенің құнсызданғаны қажет. Осы жылдың трансферттері таусылды. Біздегі бюджет кірісінде күрделі мәселе жетерлік. Олардың орнын жабуда барлық құралды, соның ішінде валюта бағамын әлсіретуді де пайдаланған», дейді Айтқазин.