• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 17 Қазан, 2024

Бюрократиядан арылтудың заңнамалық негіздері пысықталды

92 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ер­лан Қошановтың төраға­лығымен палатаның жал­пы отырысы өтті. Жиында Мәжі­ліс коми­тет­тері депутат­тардың қолдауымен «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізу, денсаулық сақ­тау саласындағы норма­лардың артық заңна­малық регламент­телуін болғызбау, инно­ва­ция­лық қызмет саласын мем­ле­кеттік қолдау жүйесін жетіл­діру, қылмыстық жолмен алын­ған кіріс­терді заңдастыруға (жы­лыс­т­атуға) және терро­ризмді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобаларын қарап, жұмысқа қабыл­дады.

Жалпы отырыста алдымен Заң­на­ма және сот-құ­қықтық реформа коми­те­тінің төрайымы Снежанна Има­шева «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кей­бір заң­намалық актілеріне нор­ма­­шы­ғар­машылықты жетіл­діру мә­селелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасы жөнінде баян­дама жасап, аталған құжаттың негізгі мақ­сатын түсіндірді.

– Заң жобасы Қазақстан­ның 2030 жыл­ға дейінгі құ­қық­тық саясат тұ­жы­рым­дама­сын іске асыру жөнін­дегі іс-қимыл жос­парын орын­дау мақсатында әзір­ленді. Заң жобасымен кәсіп­кер­лік, экологиялық кодекстер­ге және кей­бір заңдарға өзге­рістер мен то­лық­тырулар енгізу көзделген. Оның негіз­гі мақсаты – заңнаманың тұрақ­ты­лығы мен қолжетімділігін жетіл­діру, халық пен нысаналы топ­тар­дың норма­шығармашылық үдерісіне қатысу деңгейін арттыру, норма­шығармашылық үдерісінің жекелеген ке­зеңдерін жетілдіру, заңна­малық нормалардың шамадан тыс нақтылауын алып тастау, – деді С.Имашева.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Мәде­ниет туралы» Қазақстан Республи­касының Заңына толықтырулар енгі­зу туралы» заң жобасын Әлеу­меттік-мәде­ни даму коми­тетінің төрағасы Асхат Айма­ғамбетов таныстырды. Құжат жасанды интеллектінің дамуы аясында тілдің цифр­лық, ұлттық, сөздік қорын жасауды көздейді. Яғни ауқымды тілдік модельді қалып­тастыруға бағытталған.

Кейін Парламент Мә­жілісінің қа­рауы­­на «Қа­зақстан Республи­касының кей­бір заңнамалық актіле­ріне денсау­лық сақ­тау сала­сындағы нормалардың ар­тық (шамадан тыс) заңнамалық регла­мент­телуін болғызбау мәселелері бойынша өзгеріс­тер енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды.

– Бюрократиядан арылту жұмы­сы­ның шеңберінде заңдардан уәкілет­ті орган мен нұсқаулықтарды, алгоритм­дер­ді, номенклатураларды бекі­ту сияқ­­ты нормаларды алып тас­тау ұсынылып отыр. Сәйке­сін­ше, бұл функцияларды мемле­кет­­тік органның ережесіне енгі­­зу көзделіп отыр, – деді А.Ай­мағамбетов.

Сондай-ақ отырыс­та «Қа­зақ­стан Республика­сының кей­бір заңнамалық актілеріне ин­но­­вациялық қызмет саласын мем­­лекеттік қолдау жүйесін жетіл­­ді­ру мәселелері бойынша өзге­ріс­­тер мен толықтырулар енгі­зу тура­лы», «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заң­намалық актілеріне қыл­­мыс­тық жолмен алын­ған кірістерді заңдас­ты­­руға (жылыс­татуға) және тер­роризм­ді қаржы­ландыруға қарсы іс-қимыл мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Бұған қоса депутат­тар «Қазақ­стан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұты­нушылардың құқық­тарын қор­ғау мәселелері бойын­ша өзгеріс­тер мен толық­тырулар енгізу тура­лы» заң жобасын бірінші оқы­­лымда мақұлдады. Заң жобасын Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігінің төр­ағасы Мә­дина Әбілқасымова та­ныс­тырды. Құжатта қаржы ұйы­­мының басшылық лауа­зы­мына кандидатты келі­су кезін­де жұмыс өтілі еске­рілетін ұйым­дардың тізбе­сін кеңейту, жанама банк холдингтерінің өз бас­­шы қызметкерлерін қар­жы на­рығы мен қаржы ұйым­дарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган­мен келісу міндетін алып тас­тау ұсынылып отыр. Айта кетер­лігі, заң жобасында уақытша бол­маған басшы қызметкердің мін­деттерін атқарудың ықтимал мерзімін регламенттеу, цифрландыруды дамытуға байланысты өзек­­тілігін жоғалтқан талаптарды оңтай­ландыру жоспарланған.

Заңнамаға қаржы нары­ғын­да тұты­нушылардың құқықтарын қорғау мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізуге арналған заң жобасын таныстырған агенттік басшысы дәл қазір елімізде үш халықаралық банк өз филиалын ашып жатқанын айтты.

– Шетелдік банктерді Қа­зақ­­стан нарығына әкелу үшін елімізбен тығыз эко­но­­ми­ка­лық қарым-қаты­насы бар мем­лекеттерді зерт­тедік. Бі­рін­шіден, бұл – Азия, Араб ме­лекеттері, Түр­кия, Қы­тай, Еуро­палық одақ елдері. Қа­зір үш халық­ара­лық қаржы то­бы Қазақ­стан­да банк ашу тура­лы ше­шім қабылдады. Маусым айын­да Оңтүстік Кореяның «BNK Financial Grouр» дейтін қаржылық тобымен жұмыс істедік. Оның активтері – шамамен 135 млрд доллар. Олар Қазақстанда үш жыл бұрын шағын несие ор­талығын ашқан. Енді сол ұйымға лицензия алмақ­шы. Маусым айында рұқ­сат бердік. Жақында Қатар мемлекетінің банкі «Бәйте­ректен» «Bereke» банкті сатып алды. «Qatar Investment Authority» деген үлкен холдинг бар. Соның құрамындағы банк біздің банк секторына кірмекші. Біріккен Араб Әмірліктерінің қаржы нары­ғын реттеушілерімен кез­десіп, банк өкілдерімен жо­лықтық. Ол елде «ADCB Bank» деген бар. Актив көлемі бойынша Әмірліктердегі үшінші ірі банк болып есептеледі. Қазір Қазақстанда исламдық қаржы операцияларын жасайтын банк бар. Осы банк әмбебап лицензия алады, – деді ол.

Мәжіліс «Қазақстан Рес­пуб­лика­сының кейбір заңнама­лық актілеріне ақ­паратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқы­лымда қабылдап, Сенат қарауына жолдады. Бұл құжат 2024 жылғы 21 ақ­панда Парламент Мәжілісінің жал­пы отырысында бірінші оқы­лымда мақұлданған.

– Аталған заң – мемлекет­тік аппарат­тың ашықтығын қам­тамасыз етуде, азамат­тардың ақпа­ратқа қол жеткізу дәрежесін арт­тырудағы жүйелі қадам. Құ­жат аясында мемлекеттік орган­дардың халыққа қызмет көрсету сапасын артты­рып, азаматтарға мемлекеттің жұмы­сының ашық­тығын қамтамасыз ете­тін тетіктер пайда болады. Заң­да ақпаратқа қол жет­кізу құқығын заң­сыз шек­тегені үшін мемлекет­тік органдардың жауап­кер­шілігін күшейту, ақпаратқа қол жет­кізу саласында мем­ле­кеттік бақы­лауды енгі­зу, ақпараттың ашық­тығы пре­зумп­циясы мен ақпа­ратты проактивті түр­де тарату қағи­даттарын бекіту, сон­дай-ақ мү­гедектігі бар адамдарға ақпа­­рат­қа қол жеткізу үшін қа­жет жағдай­лар жасауға бағыттал­ған нормалар ұсы­ныл­ды. Құжат­ты талқылау ба­рысында «Қа­зақ­­стан Респуб­ликасының мем­ле­кеттік наградалары туралы» заңы­на мемлекеттік награда­лар мен құрметті атақтар алу ке­зін­де қойылатын талаптарды арт­­тыруға бағытталған нор­­ма­­лар енгізілді. Оған қоса Мем­лекеттік тілдің рөлін арт­тыруға бағытталған тіл­дер­ді дамыту саласындағы мемлекеттік рет­теудің негізгі мақсаттары, міндет­тері мен қағидаттары бекі­тіл­ді, – деді Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ерлан Саиров.

Күн тəртібіндегі негізгі мəсе­лелер қаралып, заң жобалары қабылданған соң, депутаттар мемлекеттік органдарға депутат­тық сауал жолдады.

Мәжіліс депутаты Жар­­­қынбек Аман­тай­ұлы Премьер-министр­дің орын­басары Тамара Дүйсе­но­ва­ның атына әлеу­­меттік желі қол­данушы­ларының жауап­кер­­ші­лігін арттыру мәселесін көтерді.

– Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі ар­зан ақыл, сапасыз білім сат­қыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеумет­тік желілерде «бақытқа жету жо­лын көрсетемін, жылдам баю­ды үйретемін, күй­зелістен құт­қарамын, түп­санаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдыра­мын, тез арықтатамын, шет тілін­д­е сайратып жіберемін» деген секіл­ді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушы­лар – блогер, бизнес-тренер, коуч, пси­холог, мотиваторлардың жарнама­сы желдей есіп, сауданың көрі­гін қыздырып жатыр, – де­ген Мәжіліс депутаты мұндай ұнам­сыз әрекетке шоу-бизнес өкіл­дерімен бірге айтыскерлердің де ба­рып жүргенін атап өтті. Олар­дың жүздеген мың тең­геге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие ресімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғанын да жеткізді.

Кей деректерде еліміздегі осын­дай инфобизнестің жылдық айналымы 500 млн долларға жеткені айтылған. Болжам бо­йынша алдағы 5 жылда 2 млрд дол­ларға жетуі мүмкін дейді. Осы­ны негізге алған депутат Үкі­мет инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мони­торингті күшейту керек екенін жеткізді.

Ал депутат Елнұр Бей­сен­баев ауыл­дағы ағайын­ның жағдайын айтып, бір­қатар ұсыныс жасады. Яғни қымбатшылық пен жұ­мыс­­сыздықтың салдарын ауыл тұрғындары тартып отырғанын айтып, бұл мәселені шешу үшін «Ауыл аманаты» жобасы қол­ға алынғанын жеткізді. Алай­да жоба­ның нәтижелі атқа­рылуында бірқатар түйткілді мәселе бар екенін сөз етті.

– Жоба аясында былтыр 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жоспарланған еді. Алай­да жыл соңына таяса да ол қара­жат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Бірін­шіден, Үкіметтің өз ведомстволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болып отыр. Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартады. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауға тиіс. Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудырып отыр, – деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол шағын ауыл шаруа­шылығы өндірушілері өндірген өнім үшін сертификаттауды жеңілдету мәселесін пысықтауды, ауыл тұрғындарына өз өнім­дерін өңдеуге және сату­ға мүмкіндік беретін инфра­құрылым құруды, ел Прези­денті тапсырмасына сәйкес жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін айтты.

Бұған қоса отырыста астық экспорты­ның проблемалары, мүгедектер құқы­ғын қорғау, ішкі жалпы өнімнің өсу қарқы­ны­ның төмендеуі, кәмелет жасына толмағандардың әлеуметтік бейімделуі, газбен жабдықтау саласындағы қауіпсіз­дік сияқты өткір мәселелер көтерілді.