Қоршаған ортада жойылып бара жатқан жануарлар мен басқа да тіршілік иелерінің саны азайып кетпеуін қадағалау қорғап, сақтау мақсатында тиісті мекемелер, түрлі ұйымдар, көптеген маман тізе қосып еңбек етіп, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Дүниежүзілік табиғат қорының (WWF) мәліметінше, әр сағат сайын жер бетінен үш жануар, күн сайын флора мен фаунаның 70 түрі жойылады екен. Тек кейінгі 25 жылда жер бетіндегі биоалуандылық 3 есе қысқарып, жалпы алғанда, 34 мың жануар мен өсімдік жойылып кету алдында тұр.
Осы ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтан еліміздегі жануарлар дүниесінің қорғалу барысын сұрап білдік.
«Министрлік тарапынан жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту, биоалуантүрлілік сақтауға қатысты нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Биылдың өзінде біраз шаруа атқарылды. Бірнеше жылғы еңбек нәтижесін берді. Мысалы, 23 қыркүйекте жолбарыстарды реинтродукциялау бағдарламасы аясында Нидерландтан «Іле-Балқаш» резерватына амур жолбарыстары жеткізілді. Бұл маңызды бағдарламаның мақсаты – жолбарыстардың тарихи мекенінде таралуын қалпына келтіру», дейді ол.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, ел аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді, оның ішінде сүтқоректілердің – 178 түрі, құстардың – 489 (олардың 396-сы елімізде ұя салады, басқалары тек қыстауға ұшып келеді немесе көктем мен күзде ұшып кетеді), бауырымен жорғалаушылардың – 49, қосмекенділердің – 12, балықтардың – 104, дөңгелек ауыздылардың 3 түрі бар. Сонымен бірге ел аумағында омыртқасыздардың шамамен 100 мың түрі, оның ішінде жәндіктердің 50 мың түрі мекендейді. Омыртқалы жануарлардың 128 түрі мен түршелері, оның ішінде балықтардың – 18, қосмекенділердің – 3, бауырымен жорғалаушылардың – 10, құстардың – 57, сүтқоректілердің 40 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
«Тағы бір жаңалық – Алматыда биылғы жылдың 10-13 қыркүйек аралығында Бонн конвенциясы аясында жабайы табиғатты қорғауға арналған екі маңызды жиын өтті. Біріншісінде бұқар бұғысына қатысты 2025-2032 жылдарға арналған жұмыс жоспары қайта қаралды. Сөйтіп, бұқар бұғысының популяциясын қорғау, қалпына келтіру қолға алынды. Екінші жиында арқардың (Ovis ammon) сақталу барысы сөз болды. Қатысушы мүдделі тараптар браконьерлікке қарсы күрес, арқарлардың миграциясына әсер ететін климаттық өзгерістер мен инфрақұрылымның дамуы секілді мәселелерді талқылады», дейді министрліктің өкілі.
Біраз уақыт бұрын Голливудтың әйгілі актері Леонардо Ди Каприо еліміздің жер бетінен жойылып бара жатқан киік жануарын жақсы сақтап отырғанын айтып, арнайы құттықтады.
«Бір кездері 2005 жылы 48 000-ға ғана болған қазіргі таңда (киіктер) табиғатта 1,9 миллионға дейін өсті. Бұл Қазақстандағы ақбөкен санының керемет сақталғанын білдіреді. Браконьерлікке қарсы бастамаларға, құқық қорғау органдарына, қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлген Қазақстан Үкіметін құттықтаймыз. Олардың табиғатты қорғау ұйымдары, университеттері мен ғалымдары бірлескен күш-жігерге негізделген табиғатты қорғау саласындағы шынайы табыстың тамаша үлгісін көрсетіп отыр», деп жазды Ди Каприо. Айта кетелік, белгілі өнер шебері қоршаған ортаны қорғау мақсатымен 1998 жылы Ди Каприо «Leonardo DiCaprio Foundation» атты өз қорын құрған. Бүгінде ұйым 40 елде жұмыс істейді.
62 миллион аудиториясы бар әйгілі өнер жұлдызының бұл құттықтауы қоғамда қызу талқыланды. Киіктердің тағдырына әлемдік қоғамдастықтың назарын бұрды. Биыл 10 ақпаннан бастап киік аулау тоқтатылды. Алайда күз айларында қайта жалғасуы мүмкін деген де сыбыс бар.
Жалпы, жануарлар дүниесін қалпына келтіруде Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолға алып, атқарып жатқан жұмыс жетерлік. Тұран жолбарысы, бұқар бұғысымен қатар, қазақ топырағына жабайы жылқылар қайта оралды. Естеріңізде болса, биыл 5 маусымда «Алтын дала» қорығына Пржевальский жылқысы аталып келген 8 бас керқұлан (кертағы) жеткізілді. Алда тағы 40 бас керқұланды тарихи отанына әкелу көзделіп отыр.
«Ел аумағында жануарлар дүниесін қорғауды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары, «Охотзоопром» РМҚК мамандандырылған ұйымдарының инспекторлары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қараса, аңшылық алқаптардың резервтік қор аумағында күзетті жергілікті атқарушы органдар қадағалайды», дейді «Охотзоопром» РМҚК қызметкерлері.
Қорыта айтқанда, «Ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деген аталы сөз бар. Халқымыздың биік парасатын көрсететін қанатты қағида. Адам киікті бұрын қажеттіліктен аулады. Сонда да «ысқырып ат» дейді. Киік қапыда кетпесін деп, оған да бір мүмкіндік беріледі. Әйтпесе, обал болады дейді дала заңы. Жануарларға қатысты мұндай тәлім-тәрбие ұдайы жадымызда жүргені жөн.