• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шымкент 18 Қазан, 2024

Кәсіпкерді қолдаудың төрт қадамы

86 рет
көрсетілді

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіп иелерінің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес оты­рысы өтті. Оған кеңес мүшелері, прокуратура өкілдері, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қи­мыл департаменті, қала әкім­дігі басқармалары мен «Оңтүстік» арнайы эко­но­ми­калық аймақтың (АЭА) бас­шылары қатысты.

Кеңес төрағасы Мелес Сейітжанов қала әкімдігі тарапынан өңірге инвесторлар тартылып жатқанын, ол үшін барлық тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді. Сон­дай-ақ жаңа индустриялық аймақтар құрылғанын, соңғы жылдары шаһар сәулет жа­ғынан жақсара түскенін, әсіресе туризмді дамыту үшін көптеген жұмыс атқарыл­ғанын атап өтті. Ол инвестиция саласында осы күнде біраз ірі жобалар қолға алынғанын айтып, соның нәтижесінде ауқымды өндіріс орындары ашылғанын тілге тиек етті.

Осы жиында кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева сөз алып, Шымкенттегі АЭА-ның қала экономикасын өркендетуге қосқан үлесін баяндап берді.

«2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы экономикалық аймақтарды дамыту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Қазіргі таңда бұл – басты стратегиялық құжат. Сондықтан ол барлық мүдделі тараптар мен эко­но­микалық аймақтардың жұ­мысын жүйелейді. Осы тұста айта кету керек, «Оңтүстік» АЭА тек мегаполистің емес, еліміздегі табысты арнайы экономикалық аймақтардың бірі саналады. Оған салынған инвестиция – 60 миллиард теңге болса, өндіріс көлемі – 156,4 миллиард теңгені құрайды. Аймақты құруға кеткен бюджеттің 1 теңгесіне 7,4 теңге инвестиция құйылған. Бұған қоса АЭА кәсіпорын­дары Салық кодексіне сәйкес түрлі салықтық жеңілдіктерді қолданады», деді ол.

Кеңес отырысында Шым­кент қа­ласы про­куратурасы бас­қармасының басшысы Ба­қыт­­жан Байғозиев «Оң­түстік» АЭА кәсіп­орын­дары­ның жер учаскелерін алудағы проблемалары туралы баяндады.

«Күн тәртібінде қаралған мәселе шынымен де күрделі. Арнайы экономикалық аймақ­ты құрудағы басты мақсат – өңірді жедел дамыту, өте тиімді, бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру еді. Заңға сәйкес арнайы экономикалық аймақ­тың басқарушы компаниясы АЭА қатысушыларына ақылы негізде уақытша пайдалануға жер учаскелерін беруге тиіс. Прокуратура тексеру жүргізу нәтижесінде инвестициялық түрлі қолдауларға қарамастан, басқарушы компания тарапынан жер учаскелерін АЭА қатысушыларына беру барысында әртүрлі әкімшілік кедергі жасалғанын анықтаған. Соның салдарынан инвесторлар өз міндеттемелерін келісімшартта белгіленген мерзім ішінде орын­дай алмай жатыр. Про­куратураның араласуымен АЭА-ның екі кәсіпкеріне жер учаскелері берілді. Анықталған заң бұзу­шылықтар бойынша прокуратура арнайы акт түзетін болады», деді Б.Байғозиев.

Өз кезегінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық айма­ғының басқарушы компа­ниясы» АҚ басқарма төраға­сы Ғанибет Әубәкіров кәсіп­кер­лерге бөлінетін жер учаске­лерінің құжаттарын рәсімдеу барысындағы мерзімдердің созылып кету себебін түсіндіріп берді.

«Кәсіпорындардың жер учаскелерінің мемлекеттік актілерін рәсімдеу үшін ха­лық­қа қызмет көрсету орта­лықтарына құжат тапсырылады. ХҚКО-да рәсімдеу уақыты созылатындықтан біз­дің жұмыс көп жағдайда кешеуіл­деп жатады. Регламент бойынша ол 14 күн уақытты алады. Бірақ шын мәнісінде мерзім одан да асып кетіп жатады. Оның бір­ден-бір себебі – құжат рә­сім­деудің қиындық тудырар тұстары көп. Кәсіпкермен келісімшарт жа­салған соң жер учаскесі­нің құ­жаттарын рәсімдеу мерзімі­нің тым кешігіп кететіні сондық­тан», деді басқарма төрағасы.

Басқосуда кеңес мүше­лері аталған келеңсіздіктерді болдырмау үшін құжат рәсімдеудің нақты әрі түсінікті алгоритмін құру керек­тігін алға тартты. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, оларды қолдауға барынша жағдай жасау қажеттігіне тоқталды.

Сонымен, жоғарыдағы мәсе­­лелерді талқылай келе кеңес мынадай қорытынды жасап, ұсыныстарды әзірледі. Бірін­­шіден, Шымкент қаласы­ның про­куратурасына кәсіп­керлер­дің құқықтарын бұзуға жол берген лауазымды тұлға­лар­ды жауапкершілікке тарту мәсе­лесін қарауға тиіс. Екінші­ден, кәсіпкерлер палатасы қа­лалық прокуратура­мен, кәсіп­керлік, индустриялық-инно­вациялық даму басқар­масы­мен бірге кәсіпкерлерге инвес­тициялық жобаларды уақтылы іске асыруына жан-жақты қолдау көрсетуі керек. Үшіншіден, қалалық кәсіп­керлік, индустриялық-иннова­циялық даму басқармасына заңна­мада көзделген нақты мер­зім­дерді көрсете отырып, АЭА қатысушылары үшін жер учас­келерін беру бойынша инвес­тициялық жобаларды іске асырудың қадамдық алгорит­мін әзір­леу міндеттелді. Ең соң­ғысы «Оңтүстік» АЭА кәсіпкер­леріне жер учаскелерін бөлудегі кедергілерге қатыс­ты қалалық сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл депар­таментіне арнайы хат жолданатын болды.

 

ШЫМКЕНТ