• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Республика күні 19 Қазан, 2024

Ұйысқан ұлттың ұпайы түгел

463 рет
көрсетілді

Тамыры терең тарихымызға үңілсек, Ұлы даланың қасиетті топырағында дүниеге келіп еркіндікті аңсаған дана халқымыз қоғамда қалыптасқан тәртіпке мойынсұнып қана қоймай, мемлекеттің сенімді де адал тірегі бола білді. Берекелі бірлік арқылы халқымыз түрлі сынақтан сүрінбей өтіп, әлемге ашықтық, толеранттылық, қонақжайлық, басқа ұлт өкілдеріне деген сыйластық сияқты тамаша әрі қайталанбас қасиеттерді бойына сіңірді.

Басқаша жағдайда, біз алма-кезек орын алған әскери-саяси оқиғалардың, аласапыран геосаяси құйынның иіріміне төтеп бере алуымыз екіталай еді. Біз мыңдаған жылды артқа тастап, небір тағдыршешті соқпақтарды өткеріп, 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы қабылданып, Қазақ елінің тәуелсіздік алуына жол ашылды. Маңызды құжат егемендігімізді, тілімізді, ділі­міз­ді, ұлттық өзегімізді аман сақтап қалуға сеп болды.

Бүкіл Батыс Еуропаны қамтитын­дай орасан зор аумақты уысында ұстап, қорғап қалуға тек азаттық пен әділдікке ұмтылған рухы мықты халық қана қауқарлы екені ақиқат.

Жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн сайын үдеп келе жатқан кейінгі кезеңде, халықтың қалауымен жасалып жатқан ауқымды рефор­ма­лардың нәтижесінде отандастары­мыз жаңа саяси жағдайда тірші­лігін жалғастырып жатыр. Ел азамат­тарының бойында жаңа дағдылар мен құндылық­тар қалыптасып, жұртшылық­тың сана сезімінде адал­дық пен әділеттілікті тереңдету бағытында айтарлықтай бет­бұрыс болып жатқаны анық байқалады.

Бұл орайда халқымыздың дәстүр­лі ділі мен ұлттық болмысында тоғыс­қан Отанға деген шексіз махаббат, ар мен намыс, ерік-жігер мен қай­сар­лық, батылдық пен батыр­­лық, қаһармандық сияқты тама­ша да мінсіз қасиеттер даму жолы­мызды нақты айқындап, алды­мыздағы биік мақсаттарға қол жеткізуіміздің басты кепілі екенін атап айту керек.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Мемлекеттің серпінді дамуы көбіне оның азаматтары­ның бойын­дағы патриоттық сезімнің дең­гейімен тығыз байланысты. Патриотизм – кез келген қоғам­ның біріктіруші күші. Қай елде патриоттық тәрбие жоғары болса, сол елде саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өрістей­ді. Патриотизмді қоғамдық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі ретінде бағаламау қоғам мен мемлекеттің әлсіреуіне әкеп соғады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Үкімет мүше­лері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнем­деп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвес­тиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз», дей келе азаматтардың санасына елдіктің қасиетті қағидаттарын сіңіру қажеттігіне басты назар аударып отыр.

Қазіргі қоғамның жоғары азамат­тық жауапкерші­лігін, рухани бір­лі­гін нығайту­дың, «жаңа қазақстандық пат­риотизмді» тәрбиелеудің маңыз­ды аспектілеріне басымдық беру қажет. Еліміздің тарихы мен мәде­ниетін, дәстүрлерін құрметтеу, тарихты бұрмалауға жол бермеу, мемлекеттік рәміздерді және тарихи киелі орындарын қастерлеу, ұжымдық өмірдің нормаларын, конституция мен заңдарды қатаң сақтау, адам құқығын таптауға үзілді-кесілді тыйым салу, әлеумет­тік-экономикалық, мәдени-құқық­тық, экологиялық мәселелерді шешу­дегі белсенділікті арттыру, әске­ри қызметтің беделін арттыру, нәсіл­дік, ұлттық, діни төзімділікті нығай­ту, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту сияқты маңызды мәселелер назарда болып, азаматтардың патриоттық бағдарын күшейтуге бағыт­талуға тиіс.

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында айтқанын­дай, «Еліміз­­дің әрбір азаматы жұртшы­­лық­тың алдына шыққанда ұлт­тық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидат­тарын басшылыққа алуы керек».

Болашақта пат­риотизм­нің жаңа көріністері мен формалары пайда болуы мүмкін. Дегенмен елдің тарихы мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілік пен адалдық сезімі өзгермей қалуы керек. Әр азамат патриотизмді қол­дау мен дамыту арқылы елдің болашағына үлес қосуы қажет.

«Өткенді білмей, бола­шақты бол­жау мүмкін емес» деген халық дана­лығы бар. Тарих – мемлекет пен халықтың бүгіні мен бола­шағын айқындайтын бірден-бір маңызды көрсеткіш. Әр халықтың маңдайына біткен тағдырлы жолы тарихтың терең қойнауында қатпар-қат­пар болып сайрап жатады. Баба­­ларымыз салып берген сара жолдан адаспай, төл тари­хы­­мызды ұлықтаған ұрпақтың кемел келешекке басар қадамы айқын, бағыты түзу болады.

Мемлекет басшысы Жол­дауында «Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алды­мен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өр­кендеуі мен дамуын ойлауы­­мыз қажет», деп атап көрсет­кендей, қазіргі таңда өткенді зерде­леу, бүгінгіні талдау, бола­шаққа болжам жасау негізгі міндеттерінің бірі болып отыр.

Байтақ тарихымызды зерделеумен қатар жетістіктер мен қайшылықтарға толы кешегі ХХ ғасыр­дағы халыққа жаппай білім берудегі, жоғары білім­ді да­мытудағы, ғылымды қалып­тас­тырудағы, қазақ өнері мен мәдение­тін өркендетудегі, өнеркәсіп, құрылыс пен ауыл шаруашылығын дамыту­дағы халқымыздың жанқиярлықпен қол жеткізген жетістіктері, бүгінгі тәуелсіздік кезеңінің айшықты оқиға­лары кеңінен дәріптелуі керек.

Халқымыздың кең пейілді­лігі мен төзімділігі арқылы тағдырдың талайымен қилы кезеңдерде елімізге қоныс аударған әртүрлі этностық топтар арасындағы келісім­ді сақтап қала алдық. Қоғам­дағы тұрақ­тылық­ты сақтау біздің мемлекеті­міздің ішкі саясатының шетін бағыт­тарының біріне айналды. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қарым-қатынастың ерекше дәстүрі қалыптасты.

Бұл турасында Мемлекет басшысы: «Халқымыз қашан­да кең пейілімен, толерант­тылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құн­дылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес», деп атап көрсетті.

Бүгінгі ұрпақ өздерінің арғы бабалары ұстанған сара жолы мен дәстүрлі дүниетанымын қолдай отырып, ұлттық қауіпсіздігімізге, сон­дай-ақ этносаралық және кон­фессияаралық толерант­тылыққа қауіп төндіретін экстремистік, террористік жалған діни ұйымдардың ішкерілей енуіне, мүлдем жол бермеуге тиіс. Президентіміз атап көр­сеткендей, «Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алыс­ты көздеп, түрлі арандату­шы­лық әрекеттерден биік тұруы­­мыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек».

Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғамды құру жолында аянбай еңбек етіп, өске­лең ұрпақ­ты терең білімді, бәсе­кеге қабілетті, мәдениетті болуға тәрбие­леуіміз керек. Жаңашыл да жасампаз, ұйым­шыл да тағатшыл ұлт­тың ұпайы түгел, санасы ашық, пейілі кең елдің келешегі кемел болады.

Біздің әділетті, тұрақты әрі үй­лесім­ді қоғам құру бағытындағы істері­­міз, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуімізге тікелей байланыс­ты. Сондықтан бір-бірімізді қолдап, құрмет көрсетуіміздің маңызы орасан зор.

 

Серік СЫДЫҚОВ,

Президент орталығы директорының орынбасары