Қазақ елінің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 34 жыл толды. Бұл декларацияда қандай мәселелер қамтылған? Жалпы, декларацияны қабылдауға не түрткі болды? Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет декларацияның маңызы туралы әңгімелеп берді.
– Аққали Қабижанұлы, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжаттың маңызы неде деп ойлайсыз?
– Шындығын айтқанда, еліміздің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияға көп құжаттың бірі ретінде қарамаған жөн. Бұлай деуімнің себебі бар. Өйткені декларация қабылданған күнді еске түсірсек, бұл – 1990 жылдың 25 қазаны. Сол кезде 15 республиканы уысында ұстаған одақ әлі тарамаған еді. Демек еліміздің тәуелсіздігі жөніндегі мәселенің қозғалуы мүмкін еместей көрінетін еді. Тіпті сол тұста Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіндегі депутаттардың бәрі бірдей елдің егемендігі туралы ойланып жүрді дей алмаймын. Бірақ депутаттардың арасында еліміздің тәуелсіздік алатын кезеңі жақындағанын сезген мемлекетшіл азаматтар аз болмады. Олар – Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Әбіш Кекілбаев секілді отаншыл тұлғалар. Алайда ел тәуелсіздігін жариялау үшін алдымен мемлекеттік егемендіктің негізін құжат түрінде ресімдеу қажеттігі туындайтыны рас. Ал мұндай құжат – мемлекеттік егемендік декларациясы.
Міне, осы тұрғыдан айтқанда, егемендік декларациясы тәуелсіздігіміздің негізін қалауға жол ашқан тарихи құжат ретіндегі маңызы өте зор. Өйткені «Егемендік туралы декларация» негізінен алғанда бірінші конституциялық акт болып есептеледі. Декларацияның тарихи маңызы ұлттық мемлекетті сақтау, қорғау, нығайту хақында шаралар жасалатынын мәлімдеуімен құнды бола түсті.
Аталған құжатта «Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғынуды» міндеттеу туралы айтылады. Сонымен қатар «Қазақ КСР ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады» деп тұжырымдалған. «Ұлттық мемлекеттілігін» дегенге зер салып қарасақ, мұндай қағидалар Ата заңда орын алуы қажет. Қазақстанның саяси және мемлекеттік құрылымын айқындауда сол кездегі республиканың ортақ одақ алдындағы басым бағытын баянды ететін декларацияның 6 және 8-баптарының маңызы зор болды. Бұл баптарда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік билігі республика ішінде, сондай-ақ Одақтық шартта белгіленген шеңберде сыртқы қарым-қатынаста үстем, дербес, толық жүзеге асырылады. Республикадағы саяси, экономикалық және ұлттық-мәдени құрылысқа, оның әкімшілік-аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселені дербес шешеді, мемлекеттік өкімет және басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, республиканың рәміздерін анықтайды» деп жазылған.
Осы баптар арқылы республиканың халықаралық және мемлекетаралық қатынастар жүйесіндегі нақты құқықтық субъектілігі, елдің дербес саяси және экономикалық дамуы тұжырымдалды дей аламыз. Декларациядағы «Қазақстан қазақ халқының өзін-өзі билеуінің формасы және Қазақстан мемлекеті қазақ халқының дамуына жауапты» деген қағидалар халқымыз үшін қымбат еді.
– Декларацияны қабылдауға қарсылық білдіргендер де болыпты ғой. Олар сонда нені көксеуі мүмкін еді?
– Қазақта «Адам аласы ішінде...» дейтін тәмсіл бар ғой. Сол кезде мызғымайтын алып империядай көрінген КСРО-ның экономикалық әлеуеті әлсіреп, қадамы шатқаяқтай бастаған еді. Ал бұл одақ құрамындағы елдердің басшыларын ойландырып, тәуелсіздік туралы мәселені астыртын қарастыруына түрткі болды. Осы орайда шовинистік пиғылдағы азаматтар бұл құжаттың қабылдануына қарсылық білдіретіні даусыз еді. Өйткені олар мемлекеттік егемендік туралы декларация Қазақстанның одақтан бөлініп шығуына негіз болатынына алаңдады. Олар «Қазақстанға егемендік декларациясы не үшін қажет?» деген сыңаржақ пікірді таратты.
Бірақ қалың бұқараның өкілдері де, Жоғарғы кеңес депутаттарының басым көпшілігі де бұл құжаттың қабылдануына қарсы болған жоқ. Өйткені Желтоқсан көтерілісінен кейін сол кезде елдегі қоғамдық-саяси белсенділіктің екпіні лаулағалы тұрған от тәрізді еді. Әрине, депутаттардың арасында қарсы дауыс бергендер кездесті. Алайда олардың қатары аз еді.
– Республика күні мерекесін қалай атап өткен жөн?
– Бұл күннің маңызын Алаш арыстарының тәуелсіздікті аңсаған мақсат-мұратымен байланыстыруға болады. Өйткені олар қазақ елінің азаттығы, еңсе тіктеуі үшін, ұрпағының болашағы жарқын болуы үшін жанын пида етті. Сол арыстардың бір ғана арманы бар еді. Бұл – қазақ елінің тәуелсіздігі. Алаш арыстары елді бодандықтың бұғауынан құтқару үшін, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін аянбай күресті. Бірақ оларды аждаһадай аузын ашқан алып империяның солақай саясаты құрбандыққа шалып жіберді.
Қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін азапты жолдан өтті. Қолдан ұйымдастырылған аштыққа, қуғын-сүргінге ұшырады. Халқымыздың саналы, білімді тұлғалары қуғындалды, ату жазасына кесілді. Екінші дүниежүзілік соғыстың даласынан оралмаған қазақтың саны әлі толық жинақталған жоқ. Желтоқсан көтерілісі де қазаққа қарсы жасалған қиянат еді. Еліміз тәуелсіздікке дейін жүріп өткен жолы осындай бұралаң еді. Бірақ рухты қазақтың еңсесі түспеді. Сол себептен 25 қазан тек Қазақстанның тәуелсіздігіне жол ашқан мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған күн деумен шектелмеу қажет. Бұл күн – қазақ халқының азаттығын аңсаған Алаш арыстарының арманы – мемлекеттік егемендікті тарихи құжатпен бекіткен күн. Декларация бізге осынысымен құнды әрі қымбат бола береді.
Декларация қабылданған 25 қазан Республика күні болып белгіленді. Ал Республика күнінің ұлттық мереке ретінде аталып өтілетіні – құптарлық жайт. Сондықтан бұл күні, әсіресе жас буынның арасында патриоттық бағыттағы іс-шара көбірек өткізілгені жөн.
Әңгімелескен –
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау облысы