• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 22 Қазан, 2024

Диқандар Мемлекет басшысына алғыс айтты

154 рет
көрсетілді

Елдегі 60 мың шаруа қожалығы, Қазақстан фермерлері қауымдастығы, Далалық шаруашылықтар, Егіншілер одағының 15 мың мүшесі, 150 ірі шаруа қожалығы, сондай-ақ Картоп пен көкөніс өсірушілер одағы, Қызылша өсірушілер қауымдастығы Мемлекет басшысына риза көңілін білдіріп, алғысқа толы ниетін жолдады. Олардың қатарында Еңбек Ерлері мен саладағы белді азаматтар бар.

«Ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіп, бизнеске көңіл бөліп отырғаныңыз үшін барша диқандар атынан шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Көмек нәтижесінде егіс алқаптарын­да шығымдылықтың артқа­нын көріп отырмыз. Биыл Қазақстанда 26 млн тоннадан аса астық жиналды. Орта есеппен әр гектардан 16 центнерге жуық өнім алынды. Кейбір алқаптарда гектарынан 40-50 центнерден өнім алуға қол жеткіздік. Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең жақсы нәтиже», деп жазылған хатта.

Диқандар нақты қолдауды өнімді өңдеу мен өткізу ісінде анық сезінгенін айтқан. «Әсі­ресе өнімді өңдеу мен өткізу­ді дамытуда қолдауды сезі­ніп жүрміз» деген хат ие­лері Президентке ауыл өмі­рін жақсартуға қатысты атқарыл­ған жемісті жұмыстар бойын­ша айрықша алғыс білдірген.

«Сіздің тапсырмаңыз­бен айтар­лықтай ұлғайтылған ауыл шаруашылығы саласын жеңілдетіл­ген қаржы­лан­дыру бізге үлкен көмек болды. Ыңғайлы лизинг шарт­тарының арқасында техниканы жаңарту ауыл тұрғындары үшін әлдеқайда қолжетімді шараға айналды. Биылдың өзінде 20 мыңнан аса жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Уақытында несиелендіру егіс пен егін жинау жұмыстарына қажетті ресурстарды тез алуға мүмкіндік берді», деген.

Келер жылға керекті кө­мек­ке биыл қол жеткізетін отан­дық шаруалар, жаңа жүйе­нің тиімді тұсына дән риза. «Шаруаларға жасалған барлық жағдай жұмысты бір ауық алға жоспарлауға мүмкіндік береді. Биылғы желтоқсаннан бастап келесі жылғы егіннің алғашқы қаражатын ала алатынымыз шаруа қауымын ерекше қуантады. Сіздің бұл шешіміңізді елдегі әрбір шаруа қуана қарсы алды» делінеді хатта.

Қазір елімізде 1,2 мл­н-ға жуық азамат ауыл шаруа­шылығы саласында еңбек етеді. Отбасыларды қоса есептегенде 4 млн-нан астам отандас осы саладан нәпа­қа­сын айырып отыр. Қауым­дастық өкілдерінің айтуынша, әр отбасының дастарқаны­нан нан, сүт, ет, көкөніс, жеміс-жидек, басқа да азық-түлік өнімдерінің табылуы – диқанның маңдай терінің нәтижесі.

«Отандық өнім елімізден тыс жерде де жоғары баға­ланады. Бірақ мемлекет көмегінсіз мұндай тиімді іске қол жеткізе алмас едік», деген мамандар Мемлекет басшысының сенімі мен халықтың жоғары сапалы өнімге деген үмітін ақтап, алға қойған міндеттерді жоғары деңгейде жүзеге асыруға бар күш-жігерін салуға дайын екенін білдірген.

«Биыл шаруаларға бере­келі жыл болды. Мысалы, «Кең дала 2» жаңа бағдарламасы арқылы үлкен қаржылық қолдауға ие болдық. Бағдар­лама тәртібінде өтініш беруші шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясына» немесе өзі жұмыс істейтін аудан­ның ауыл шаруашылығы кооперативтік кәсіпорнына өтініш береді. Онда азамат­тың шаруа, оған қоса егіс­тік жері бар екенін растайтын құжаттары ғана ұсынылса жеткілікті. Оның нақты аумақ, көлеміне жеткілікті ақша бөлінеді. Егер кепілі жеткіліксіз болса, «Даму» қоры оған 85%-ға дейін кепілдік береді. Қазір фермер бұрынғыдай жер алып қана қоймайды, мемлекет оған жоғары сапалы тұқым мен тыңайтқыш сатып алу үшін ақша алуға да мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, еңбек­шілеріне жалақыны уақты­лы төлей­ді. Сонымен қатар фермер алғаш рет жылдық 5 %-бен ешқандай субси­дия­сыз несие алып отыр. Бұрын несиелер 20-24% на­рық­тық мөлшер­лемемен беріл­се, ол мөлшерді 6%-ға дейін төмендетуге субсидия­лар ұсынылып отыр. Көбіне субсидиялар уақтылы түс­пей­тін еді. Фермер барлық пайыздық соманы айлар бойы төлеуге мәжбүр болды», деді Картоп өсірушілер одағы және Қазақстанның көкөніс өсірушілері басқар­масының төрағасы Қайрат Бисетаев.

Айтуынша, биылғы ауа райы жаңа бағдарлама­ның тиімді тұстарын айқын көрсетті.

«Осы бағдарлама негі­зінде қаржы алып, тұқы­мын жаңартқан, егінді арам­шөптерден, зиянкестер мен аурулардан қорғаған диқандар өте жақсы өнім алды. Бұл бағдарламаға биыл 400 млрд теңге бөлінді. Көрсетілген сома 4-5 жылда 1,5 трлн теңгені құрайды. Мұнша қаржы жермен жұмыс істейтіндердің барлығына жетеді», деді Қ.Бисетаев.