• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қазан, 2024

Киберқауіпсіздік

83 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда желіден төнетін қауіп көп. Соның бірі – қолданушылар деректерінің ұрлануы. Салдарынан алаяқтардың құрбанына айналғандардың саны күн санап өсіп барады. Осы тұста Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі киберқауіпсіздікті күшейтіп, цифрлық инфрақұрылымды нығайту мақсатында тиісті шараларды қолға алды.

Кейінгі кездері ата-ана­лар тарапынан бала­лар­дың био­метриялық деректе­рінің заңсыз таралуына қатыс­ты шағымдар көбейген. Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі ша­ғымның негізінде тексеру жұ­мыс­тарын жүргізе келе, био­мет­рикалық идентификация жүйе­лерін әзірлеушілер мен шы­ғармашылық үйірмелер ұйым­дарының заң бұзғанын анықта­ған. Ата-аналарының кел­ісімінсіз екі балаға қатысты де­рек заңсыз жиналған. Іс­ қорытынды­сына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, 332 280 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.

Министрлік ұйымдардың жеке деректерге жауапкершілігін күшейту мақсатында «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» ко­­декске өзгерістер енгізуді ұсын­­­ды. Өзгерістерге сәйкес айып­­­­пұл көлемі 3 есе өседі. Сон­­дай-ақ электрондық цифр­лық қол­таңбаның жабық кіл­тін рұқ­­сатсыз пайдалануға жауап­керші­лік енгізу жоспарланып отыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, «Ақ­па­раттық қауіпсіздік мәселе­лері бойынша заңнамаға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында бір миллионнан астам субъектінің дерегін өңдейтін иелер мен операторлар үшін міндетті кибер­сақтандыруды енгізу бас­тамалары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі­мен бірлесіп, азаматтарға «Стоп кре­дит» қызметі арқылы қай­та­­дан кредит алуға тыйым салу­ды дербес енгізуге мүм­кін­дік бере­тін қаржылық қыл­мыс­тар­дан қорғау тетігі әзірлен­ді. Қызмет «eGov mobile» мо­биль­­ді қосымшасында және «Электрон­дық үкімет» веб-пор­та­лында қолжетімді.

Министрлік 2029 жылға қарай киберқауіптер туралы халықтың 100 пайыз хабардар болуына қол жеткізу мақсатында белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осы жоба аясында, «citizensec.kz», «fingramota.kz», «nomadguard.kz» платформалары құрылған.

Ақпараттық қауіпсіздік ко­­митетінің төрағасы Руслан Әбді­қалықовтың айтуынша, Цифр­лық даму министрлігі интер­неттегі алаяқтық мәсе­лелері бойынша уәкілетті орган болмаса да, Telegram мен Meta-ның алаяқ­тыққа қарсы схемаларын белсенді түрде қолданып жатырмыз.

«Интернеттегі алаяқтық­пен күрес жаһандық міндет болған­дықтан, бірлескен күш-жігерді талап етеді. Кездесу барысында Meta өкілдері еліміз­дің интернеттегі алаяқтық мәселесі көп­теген ел үшін ортақ проблема екенін атап өтті. Тек соңғы тоқсанда Meta әлем бойынша 1,2 миллиард фейк аккаунтты жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып бұғаттады. Кибергигиена –  цифр­лық әлемдегі қауіпсіздік­тің жаңа деңгейі, біздің міндетіміз – аза­маттарға осы шаралардың маңызын түсінуге көмектесу», дейді Р.Әбдіқалықов.