• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 23 Қазан, 2024

Болашақ сардарлар

69 рет
көрсетілді

Асқаралы Алатаудың бөктеріне орналасқан «Арыстан» мамандандырылған лицейінде бүгінде 240 оқушы білім алып жатыр. Оларға жоғары санатты мұғалімдер сабақ береді. Еліміздің барлық өңірінен іріктеу арқылы қабылданатын 9, 10, 11-сынып оқушылары шеттерінен дарынды, алғыр, қағілез десек, артық айтқандық емес. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, білімнің қайнарынан нәр алып, өнердің биігіне қанатын қомдаған талантты оқушылардың қатарында ұстаздардың бағыт-бағдар беруімен республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды бағындырғаны аз емес. Сондай-ақ ғылымға ден қойып, түрлі жобаға қатысқан оқушылардың жетістіктері жетіп-артылады. Нәтижесінде, өткен оқу жылында ҰБТ тапсырған оқушылардың орташа көрсеткіші 104 балл болғаны – айрықша атауға негіз.

«Арыстан» мамандан­ды­рыл­ған лицей болғандықтан, мұнда оқушылар сабақ оқып қана қоймай, темірдей тәр­тіп­ке үйренеді. «Тәртіпке бағын­ған құл болмайды» деген Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының дана­лығын санаға сіңіріп, оқу мен жаттығу, демалу уақыттарын үйлесімді әрі тиімді өткізуге бейімделген оқушылардың бойынан әскерилерге тән іс-қимыл мен өжеттікті, қырағылықты байқау қиын емес.

«Оқушылардың әр күні кестеге сай өтеді. Түске дейін сабақтарын оқыған балаларға түскі астан соң, мұғалімдер қосымша са­бақ өткізеді, тәрбие­шілердің қадағалауымен үй тапсырмаларын орындайды. Оқушылардың білімін жетілдіру мен спортқа, өнерге баулу бағыттары бо­йынша 18 үйірме жұмыс істейді. Атап айтсақ, спорттан бокс, қоян-қолтық ұрыс, волейбол, баскетбол, футбол, шахмат, теннис, асық ату секция­лары, ал өнерді ұштауда би билеп, ән айту, сурет салумен қатар, соңғы уақытта кәсіпқой фотограф Айтжан Мұрзанов жетекшілік ететін фотоүйірме іске қосылды. Осыдан-ақ біздің балаларымыздың оқумен қатар, мәдени, спорттық іс-шаралардан шет қалмайтын белсенділігін байқауға болады», дейді «Арыс­тан» мамандандырылған лицей бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Қанатбек Белгібеков.

Оқу жылында лицей оқушы­ларын Алматы қаласы мен облыс­тағы табиғаты көркем жерлерді аралатып, музейлерге, театрға алып бару үрдісі дәстүрге ай­налған. Осылайша, жұмыла ат­қары­латын ағарту жұмыс­та­рының нәтижесінде лицей түлектері жан-жақты дамып, алға қойған мақсаттарына еш қиындықсыз қол жеткізіп отыр.

Білім шаңырағы негізінен физика, математика, информатика және тарих пәндерін тереңдете оқытуға негізделген. Биылғы оқу жылында 1280 оқушы осы лицейге қабылдануға ниет­тенген екен, яғни бір орынға 10–5 баладан айналғанын айтқан Қанатбек Ербосынұлы бірін­ші кезекте ең жоғары балл жина­ған оқушылар өткенін тілге тиек етті. Қайырымдылық жоба болғандықтан, лицейге қабыл­данған оқушылардың 40 пайызға жуығы көпбалалы, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балалары екенін де ұмытпаған жөн.

Қайырымдылық қоры қамта­ма­сыз ететін білім шаңырағына оқуға түскен балалар тегін білім алады. Олар 6 мезгіл аспен, жайлы төсек-орынмен, маусымдық 8 түрлі киім-кешекпен толық қамтамасыз етілген. Оқушылар стандартқа сай білім алады, ағылшын тілін оқытатын үйір­меге қатысады. Сондай-ақ сурет салу мен робот­техникаға әуес балалардың ізде­ніс­терін ұштауға баса көңіл бөлініп отыр. Оны көрме залына қойылған еңбектерінен көруге болады.

Оқушылар лицейде әскери-патриоттық тәрбие сіңіріп, саланың қыр-сырына қанығып шыққан соң, еліміздің әскери бағыттағы жоғары оқу орындарына еш қиындықсыз қабыл­данатынын айтқан тәрбие меңгерушісі, олардың арасында жоғары оқу орындарына түсе алмай қалатындары кемде-кем екенін атады. Өткен оқу жылын­дағы түлектердің 32 пайызы ҰҚК институтына, 20 пайызы ІІМ академиясына, 18 пайызы ҰҚК Шекарашылар институтына және Қарулы күштер институтына 24  пайызы түссе, 3 түлек Назарбаев университетіне қабылданып, 2 азамат АҚШ-қа, 1-еуі Түркияның жоғары оқу орнына түскенін тілге тиек етті.

«Бітіруші түлектер келіссөз бойынша күштік құрылымдарда қызмет етуге қабылданады. Бізде Түлектер ассоциациясы жұмыс істейді, сол арқылы мектеп бітірген балалардың қайда, немен айналысып жүргені жіті қадағаланып отырады. Түлек­тердің арасында жоғары оқу орнын жақсыға тәмамдап, қызмет барысында мемлекеттік марапат алған азаматтарға сыйақы тағайындалады. Шаңырақ кө­тер­­ген­деріне материалдық көмек көрсетіледі. Бір сөзбен айт­қанда, қайырымдылық қоры түлек­тер­дің өмірден өз орындарын тапқанша қамқор болудан танбай келеді», дейді Қанатбек Ербосынұлы.

Лицей оқушыларының ата-аналарымен телефон арқылы тіл­десуіне, демалыс күндері жолы­ғу­ларына жағдай жасалған. Қыста 1 ай, жаз айларында 2 жарым ай демалысқа шығатын балалардың денсаулығы да жіті бақыланады. Оқу корпусында 20 төсектік медицина орталығы бар. Онда 2 дәрігер мен 5 мейірбике қызмет көрсетеді. Тұмау, суық тиген, басқа да жеңіл-желпі нау­қас­та­нып қалған жағдайда ем алады.

Мұндағы балалардың басқа мамандыққа ауысуы екіталай. Олар отансүйгіш, антына адал, бір-біріне бауырмал, көпшіл, мейірімді болуға тәрбиеленеді. Сабағы төмендеген оқушыларға үлгерімі жақсы балалар үнемі көмектесіп, қатардан қалмауына қолұшын береді. Бұл да – білім ша­ңы­рағында қалыптасқан ме­йірім­ділік пен жанашырлықтың жар­қын көрінісі.

«Арыстан» лицейінде 3 рота бойынша 12 сынып бар. Олардың аталымы «Найза» – 11 сынып, «Айбалта» – 9 сынып, «Қалқан» – 10 сынып оқушылары. Оларға Әшім Каримов сынды тәжірибелі командирлер жетекшілік етеді. Білімнің тереңіне бойлап, әскери-патриоттық тәртіпке бой үйреткен бозбалалардың арман-мақсаты Алатаудай асқақ. Солардың бірі Астана қаласынан келіп, оқуға қабылданған Дәурен Әбілмансұр биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер. Үйдегі 5 баланың екіншісі. Ұлттық қауіпсіздік әскери институтына оқуға түсуді армандайды.

Еліміздегі ерекше оқу орын­дарының бірі әрі бірегейі саналатын «Арыстан» мамандан­ды­рылған лицейдің асханасы да талапқа сай жарқырай жабдықталған. Мұнда екі ауысыммен 20 адам жұмыс істейді. Бас аспаз Бағлан Ізтілеу Тағамтану академиясының ас мәзіріне сәйкес балаларға күнделікті режіммен 6 рет ас берілетіндігін, таулы аймақ және физикалық жүктемеге қарай астың құнарына назар аударылып, калория мөлшері артып отыратынын атап айтты.

Білім мекемесінің кітапхана қоры әдеби кітаптарға өте бай, газет тігінділері де жоқ емес. Оқу залында отырған балалардың бірі «Абай жолы» эпопеясын оқыса, енді бірі республикалық басы­лым­дарға шолу жасап отыр­ғанын аңғардық.

«Оқуға қабылданған балалар­дың біразы суға жүзуді осында келген соң үйренеді. Жарты жылдан соң 25 метрге жүзсе, жыл соңында 50 метрде еркін жүзетін болады. Орталарындағы үздіктер суға жүзуден жарыстарға қатысып, лицейдің намысын қорғайды. Бұл – лицей оқушыларының ынта-жігерінің нәтижесінде жүзеге асады», дейді дене дайындығы пәнінің оқыту­шысы, запастағы полковник Сәкен Сүлейменов.

«Осында оқып жатқаныма екі жыл болды. Мұнда ең алдымен сапалы білім беріледі. Сонымен қатар бізді спорттық үйірмелерге қатыстырып, физикалық дайын­ды­­ғы­мыздың нәтижелі болуына баса назар аударылады. Өнерден де шет қалмаймыз. Арамызда ән шырқап, би де билей алатын өнерпаздар өте көп. Өзім са­бақ­тан тыс уақытта бимен айналысамын. Ай сайын мектепішілік мерекелік бағ­дарламаларға қа­ты­сып тұра­мыз. Бүгінгі күнге дейін халық билерінің бірнешеуін үй­рендік. Алғашында сабақ, үйір­ме, спорттық жаттығулардың бар­­лығын меңгеруде аздаған қиын­дық болғанымен, уақыт өте келе бәріне үлгеретін болдық. Оқуды аяқтаған соң, Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің қызметкері болғым келеді», дейді Алматы қа­ла­сы­нан келген 10-сынып оқу­шы­сы Абдумутали Бақдәулет.

«Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін!» – деп Алаш арысы Мағжан Жұмабаев жыр­лағандай, «арыстандық» жас­тар­дың жүрегінен Отанға деген сүйіспеншілік сезімі лүпіл қағады.

 

Алматы облысы