• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 23 Қазан, 2024

Ақын мектебінің мерейтойы

71 рет
көрсетілді

Жақында елордадағы қазақ­тың ақиық ақыны Төлеген Айбергенов атын­дағы мектеп 45 жыл­дығын салтанатты түрде атап өтті. «Мектебім – шамшырағым» деп атал­ған іс-шараға ұстаз­дар, зиялы қауым өкілдері, оқушылар және ақынның қыздары Махаббат пен Айнар Айбергеновалар қатыс­ты.

2681 бала оқитын аралас тілде білім беретін орта мектеп 1979 жылы 31 тамызда ашылған. Мектептің ашылуына сол кездегі республика басшысы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев қатысқан. Пе­да­го­гикалық ұжымның өті­ні­­ші не­гізінде Астана қала­сы әкімдігінің қаулысымен 2001 жылы №16 орта мектепке Төлеген Айбергеновтің аты беріліп, ақынның мемориалдық музейі ашылды. Оқушыларға сапалы білім беріп жүрген мұғалімдердің көпшілігі – тәжіри­белі мамандар, аттестаттаудан өткен педагогтер. Мектеп директоры – Сәуле Әзімханова. Білікті басшының іскерлігі арқасында білім мекемесі жаңа­рып, жаңғыру үстінде екенін бай­қадық.

Ақын музейі 2007 жылдан бас­тап жұмыс істейді. Оны ашуға мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақбота Есаматова көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ поэзия жанашыры, Мәдениет қайраткері Оспан Сүлейменұлы да зор үлес қосты. 2018 жылы елордада өткен мектеп музей­ле­рі арасындағы байқауда Т.Айбер­ге­нов­ке арналған мектеп музейі бас жүлдені жеңіп алған.

«Ақын шығармашылығын насихаттау барысында көптеген іс-шара өткіздік. Мәселен, ақынның мерейтойы кезінде конференция ұйымдастырып, ол жайында жазылған эсселер байқауының жинағын шығардық. Сондай-ақ Т.Айбергеновке арналған жыр кеші мен тәрбие сағатын тұрақты өткізіп отырамыз», деді музей жетекшісі Гаухар Жүсіпова.

Музейде ақынның отбасы берген құнды жәдігерлер – қол сағаты мен қолданған ыдыс-аяқтары және өзі тұтынған құралдары қойылған. Экспонаттар өте талғаммен жасақталған. Бірінші қатарда өзі өмірде айрықша құрметтеген, ерекше тағдыр иесі Жібек ана мен Ақтөбеге арналған стенд орналасқан. Одан кейін туып-өскен жері Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы мен апаларының фотолары, оларға арналған «Апаларым» өлеңі тұр.

Төлегеннің поэзиясы туралы жазушы Әбіш Кекілбаев: «Төлеген Айбергенов шығармашылығы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», деп баға берген. Жиырмадан енді ғана асқан шағында қазақ поэзиясының төрінде жарқ ете қалған ақынды әдеби орта бірден мойындады. Әбділдә Тәжібаев ақынның өлеңдеріне алғаш алғысөз жазып, баспасөз бетіне жариялайды. Қазір Төлеген Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар. Ақынның «Сағынбай барсаң таулар да сенің, алдыңнан шықпас асқақтап» деген өлең жолдары өмірге өзгеше қырынан қарауға үйретеді.

Салтанатты іс-шара кезінде кеш қонақтары Төлеген Айбер­геновтің музейіне саяхат жасап, мектеп дәлізінде қойылған «STEM – барлығы үшін» инновациялық жобалар көрмесімен танысты. Шығармашыл балалардың жел диірмені, суқоймасына арнал­ған жобалары өте қызғы­лық­ты, әсерлі болды. Болашақта ғы­лымға жаңалық әкелетін ға­лым­дар шығарына шын көңі­лімізбен сендік, сендік те, оқушы­лардың қызықты жобаларымен етене таныстық. Қатысушылар қыздарға арналған заманауи жабдықталған Техно­логия кабинетінің ашылу рәсімінде болып, мектептегі әнші, мегажұлдыз Димаш Құдайбергеннің есімі берілген Музыка кабинетінің ашылу салтанатына қатысты. Димаштың әжесі Миуа Низамут­ди­нова, анасы Светлана Айтбаева, Астанадағы Музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров, тағы басқа өнер майталмандары қатысып, үлкендер шашу шашып, өнер қайраткерлері ізгі тілектерін білдірді. Ақынның қыздары Махаббат пен Айнар Айбергеновалар толғана тілек айтып, Айнар Төлегенқызы ақын өлеңін тебірене оқып берді. Елордалық Музыкалық жас көрер­мен театрының актерлері ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, әнін шырқады.

 

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ,

журналист