• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кітапхана 24 Қазан, 2024

Электронды қорға енеді

58 рет
көрсетілді

«Қазақ газеттері» ЖШС Алматы фи­лиа­лында Қазақстан­­ Ұлттық элек­трон­ды кітапханасын (ҚазҰЭК) толықты­ру бойынша ынты­мақ­тастық туралы келісімге қол қойылды.

Меморандумға Ұл­т­­тық ака­де­миялық кітапха­на­ның директоры Ғази­за Құ­дайбергенқызы мен «Қа­зақ газеттері» серіктесті­гі бас директорының орын­басары – Алматы басылым­дарының жетекшісі Серік Әбікенұлы қол қойды. Ын­ты­мақтастықтың негізгі мақсаты: құжаттарды электронды форматқа аудару арқылы Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұраларын сақтау, кітапханалық құжат­тарды интернет желісіне орналастыру. Келісім «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарас­ты газет-журналдардың PDF нұсқасын Қазақстан Ұлт­тық электронды кі­тапхана­сының мұрағатында сақтауға мүмкіндік береді.

Ғазиза Құдайбергенқызы Ұлттық академиялық кітап­хана тарапынан ұйымдас­тырылып жатқан электронды қорды жинау, сақтау, оқырманға тарату мәселесін қысқаша таныстырып берді. Оған қоса кітапхана ұжымы тарапынан атқарылып жат­қан бастамаларға да тоқ­талды. «Қазір барлық технологияны пайдалана отырып, оқырманды кітап оқуға ынталандыруға болады. «Air Astana»-мен бірлесіп жасап жатқан жобамыздың аяқталуына аз қалды. Ме­диа­құрылғыға аудиокітап, қазақтың жырын, ауыз әдебиетін жүктедік. Бұған дейін сол медиақұрылғы­да ересектерге, балаларға арналған фильмдер болатын. Әуе компаниясына хат жазып, 50 контент ұсындық. Компания оның 25-ін таңдап алды. Олар – кезінде «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарыққа шыққан рухани қазынамыз. Батырлар жырын тыңдап өскен бала жыр атын ұмытып қалуы мүмкін, көкірекке жиылған рух уақыты келгенде көктейді. Сондық­тан осы жобаны ерекше та­ныстырғымыз келеді. Одан бөлек, штрих-код арқылы кітап оқу жобасы дайындалып жатыр. Саябақтардағы орындықтарда түрлі жанрда жазылған кітаптардың штрих-коды орнатылып, оқырман кез келген жерде кітап оқи алады. Жастар аудио­кітап тыңдағысы келсе, аудиокітап жасап, видеосын дайындап, қалауларын толық орындауымыз керек», деген Ғ.Құдайбергенқызы 24 қазан – Кітапханашылар күнінің мән-маңызына да тоқталды.

«Қазақ газеттері» серік­тестігі бас директорының орын­басары – Алматы басы­лымдарының жетекшісі Серік Әбікенұлы мұндай келісім қазақ баспасөзін сақтаудағы маңызды қадам екенін атап өтті. «Бұл істің ұтымды тұсы көп, ең бастысы – интернет жоқ заманда шығып, цифрланбаған газет сандарының болашақта  көшірмесі жасалып, халық ашық дереккөзден оқи алатын болады, үйде отырып-ақ  әр жылды жеке парақтап шығуға мүмкіндік туады. Берідегі PDF нұсқалары да жүктеледі. Газеттің бір саны жоғалса бір күннің, бәлкім бір жылдың тарихы жоғалады.  Сайт, порталдар жиі жойылып кетіп, ертеңге алаң көп тұста мемлекет тарапынан сирек құжаттарды сақтау үшін арнайы ашылған  «Kazneb»-ке көшірмелер өткізу – баспасөз тарихын сақтайды», – дейді ол.

Басқосуда «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Үркер», «Ұй­ғыр авази», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребя­та» басылымдарының бас ре­дакторлары газет-жур­нал­дардың алдағы мерей­тойлары туралы айтып, ба­сы­лымның тарихи ше­жіресі электронды кі­тапха­наларда да оқырманын көбейтеріне сенім білдірді. 

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

«Ana tili» газеті бас редакторының орынбасары