• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Еңбек 24 Қазан, 2024

Жұмысшының жалақысы өсіп, мәртебесі артады

249 рет
көрсетілді

Еңбектің зейнетін көріп отырған аға буын жастарға әуелі адамдықтың, азаматтықтың, адал еңбектің озық үлгісін көрсетті. Еңбегімен еленіп, жұртқа сыйлы болған ардақтылардың ізін азат ойлы, жаңашыл, білімді, іскер әрі шаруаға ширақ, епті буын басып келеді. Олар да еңбек нарығынан өз орнын, еншісін алуға тиіс. Әділетті, ашық қоғамда адал еңбек лайықты бағаланса, еңбекқор жандар төрге шықса, мемлекетке экономикалық әрі идеологиялық жағынан тиімді.

Кәсіптік-техникалық маманға сұраныс жоғары

«Заманына қарай адамы». Өмір ағысымен бірге таным-түсінік, қоғамдық көзқарас, құндылық­тар өзгереді. Бұрынғыдай адал еңбегімен табыс тауып отырған жұмысшыларды басыну, кемсіту, мүсіркеу азайды. Заң – ортақ. Бай-кедей, үлкен-кіші бәрінің құқы тең. Бұрыннан солай ғой, бірақ мұны қазір әрбір азамат шын түй­сініп келеді. Әсіресе жастар жағы конституциялық құқығын жақ­­сы біледі. Кесе-көлденең келген қысас­­тыққа, заңсыздыққа көз жұма қарамайды. Құқығын қорғай алады.

Әр адамның азаматтық ұстанымы, ой-пікірі, көзқарасы бар. Бірінің пікірін бірі сыйлайды. Мұның барлығы сайып келгенде, еңбек нарығында жұмысшы мамандардың абырой-беделіне әсер етпей қоймайды. Қоғам «еңбектің наны тәтті» екенін жақсы түсінеді. Табысы тәуір, жұмысы адал болса, кім-кім де еңбек етуден қаш­пайды. Жұмысшылар, яғни еңбекке қабілетті адамдар экономиканың тірегі болған соң, мемлекет олардың еңбек құқығын қорғауға көңіл бөледі. Жұмысшылардың «Еңбек кодексі» бар. Соның негізінде мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтар­дың еңбек құқығын қорғайды. Осылай­ша, жұмысшылардың еңбек құқы­ғын бақылау күшейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында келер жылды «Жұмысшы мамандық­тары жылы» деп жариялағанының өзі жұмысшылардың жай-күйі мемле­кеттің қашанда назарында екенін білдіреді.

«Мен 2025 жылды Жұмысшы маман­дық­тары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», деді Президент.

Сарапшылардың пайымынша, бү­гін­­де кәсіптік-техникалық білімі бар ма­ман­дарға сұраныс жоғары білімді түлектердің қажеттілігінен 70 пайызға артық. Президент осыған байланысты техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды ұсынды. Сонымен қоса еңбек адамының мәртебесін арттыру барысында ынталандыру шаралары да ауадай қажет. Елдің кадрлық әлеуетін көтеру мақсатында мемлекет жыл са­йын жоғары оқу орындарына, колледждерге тегін гранттар бөледі. Биыл жоғары оқу орындарына шамамен 74 мың, колледждерге 143 мың студент қабылданған. Алайда оқуын тәмамдап, қолына диплом алғанның бәрі бірдей мамандығына сай жұмысқа орналасып жатыр деп айта алмаймыз. Мысалы, былтыр колледж түлектерінің 40 пайызы ғана мамандығына сай жұмысқа орналасыпты. Келер жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100 пайыз тегін қамту көзделген. Еңбек нарығының қажетіне, техникалық, технологиялық өзгерістерге сай келетін маман даярлауға келер жылы мемлекеттік тапсырыс кө­ле­мін 155 мыңға дейін, оның ішінде техникалық мамандықтарға тапсырыс көлемін 70 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр. Оның үстіне биыл қыркүйектен стипендия тағы 50 пайызға, яғни екі есе өсті. Бизнес пен колледждер арасындағы байланысты нығайту мақсатында осыған дейін қолға алынған шаруаларды одан әрі жетілдіруге басымдық беріледі. Яғни колледждер кәсіпкерлік ұйымдармен келісім негізінде өнеркәсіпке қажетті мамандарды даярлайды.

 

Еңбек нарығында қандай сын-қатер бар?

Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек нарығындағы сын-қатерлер тура­лы айтты: «Кейінгі бесжылдықта біз экономикалық дағдарыс, пандемиядан бөлек, еңбек нарығына айтарлықтай әсер еткен бірқатар ішкі қиындықтарды бас­тан өткердік. Мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға, индустрияландыруға бағыт­талған бағдарламаларды іске асы­рып жатыр. Алайда кейінгі 10 жыл­дағы статис­тика көрсеткендей, бұл бағ­дарламалар жеткіліксіз. Мемлекеттің экономиканы ынталандыру мақсатында қабылдаған іс-шараларына қарамастан, жеке бизнестің жаңа жұмыс орындарын ашуға қосқан үлесі шамамен 20 пайызды ғана құрайды. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымымен (ЭЫДҰ) салыстырғанда төрт есе аз. Тиісінше, бүгінде жұмыс орындарының өсімін өнімділігі төмен салалар мен мемлекеттік сектор қамта­масыз етіп отыр. Бұл үдерістің жанама салдары елдің аталған ұйымға мүше елдерден еңбек өнімділігі үш есе артта қалғанын білдіреді».

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрағасы Асхат Аймағам­бетов еңбек нарығындағы өзге­ріс­­­терге, қа­былданған іс-шараларға, бағ­дар­­ла­ма­лар­ға қарамастан, жұмыс­сыз­­дық деңгейі кейінгі он жылда көп өзгермегенін айтады: «Біз маман жетіспейді дейміз. Бірақ мемлекеттік грантты игеру кезінде мынадай жайттар болып отыр. Мысалы, гидро­мелиорация мамандығына бөлін­ген гранттарға бірде-бір адам өтініш бермеген. Көлік құрылыстарына қатысты бөлінген 300 гранттың тек 29-ына студент қабылданған. Бұл мысалдар кадр тапшылығы күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді. Яғни мәселе тек қаралған грант санында, оның дұрыс бөлінбеуінде, тіпті оларды дайындайтын колледж, университеттің тапшылығына немесе білім сапасына қатысты емесі баршаға белгілі. 2008 жылдан бері жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданды. Олар қандай нәтиже берді? Біз әлі күнге дейін ескі тәсілдерді қолданып жүрміз. Сол баяғы жаңа жұмыс орындарын құру, оқыту, қайта оқыту, шағын несие беру, тағысын-тағы. Ал жергілікті деңгейде қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс ұсынудан, жас­тар практикасынан әрі аса алмай отырмыз. Осы іс-шаралардың қаншалықты тиімді екенін зерттеп жатқан ешкім жоқ. Үкіметтің есебіне сәйкес, жыл са­йын шамамен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. Сонда жыл сайын мил­лионға жуық адам жұмыс­қа орналасса, жұмыссыздық дең­гейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ бәрімізді маза­лай­ды. Ең қызығы, кейінгі он жылда жұмыс­­сыздық 4,5-4,7 деңгейінде сақ­та­лып, өзгеріссіз тұр».

Кейбір жұмысшы мамандықтарға бөлінген гранттың игерілмегені көкейге көп ой салады. Содан соң мемлекеттік бағ­дарламалар шеңберінде уақытша жұ­мысқа қабылданған мамандар нау­қан­­нан кейін жұмыссыздардың қатарын қайта толықтырады. Біз бірде қала тазалығына жауапты мекеменің бас­шылығымен пікірлескенімізде, ол мау­сымдық жұмыс­тар­дан кейін, яғни қыс мезгіліне таман мекемеге жұ­мыс­қа келетіндер күрт көбейе­тінін айтқан. Жоғарыда келтірілген жұмыс­пен қамтылған азаматтардың статис­тикасы да осы уақытша жұмыспен қамтылғандардың үлесімен «әспеттелсе» керек. Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге ұсынған ресми дерегіне үңілсек, биыл өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде қазан айына дейін 666,1 мыңға жуық адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде көпшілік жұмыс орындарын субсидиялаудың, қысқамерзімді кәсіптік оқытудың мүмкіндігін пайда­ланған. Мұндай жобалардың түр-түрі бар, оны түгендемей-ақ қоялық. Суб­сидияланатын жұмыс орындарына 174 мыңға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыс берушілердің сұранысына орай, кәсіптік оқытуға 8,7 мың адам жолданған. 49,1 мың адам онлайн кәсіптік оқыту курстарымен қамтылса, «Бастау бизнес» жобасына 52,3 мың адам кіріскен. Оның ішінде 34,4 мың адам оқуды аяқтап, сертификат алды деген ақпар бар. Оқудан өткен халықтың әлеуметтік осал тобындағы 8,9 мың адамға бизнес-идеяларын іске асыруға 400 АЕК-ке (1 476 800 теңге) дейінгі мөлшерде гранттар беріліпті.

 

Жұмысшы құқы қорғалуы керек

Ғылым комитетіне қарасты Эко­номика институтының бөлім мең­ге­рушісі, әлеуметтанушы Айсұлу Тұр­сынбайқызы жұмысшылардың абырой-беделін көтеру, ынталандыру бағытындағы жұмыстарды еңбек шартын қадағалаудан бастау керегін айтады: «Дәнекерлеуші, электрик, сантехник, құрылысшы, механик, тігінші, слесарь, тракторшы, автокөлік жүргізушісі сынды жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеріп, жалақысын көбейту барысында ең алдымен олардың еңбек келісімшартымен жұмыс істеуін қадағалау қажет. Себебі мұндай мамандардың көбі еңбек келісім­шартысыз жұмысқа қабыл­да­нады. Еңбек келісімшарты жоқ жерде, өздеріңіз білесіздер, жұмысшы әлеуметтік көмектерден қағылады, МӘМС-ке жарна түспейді, зейнетақы жарнасы аударылмайды. Жалақыны да «уәделесіп» келіскен соң, табысы ең төменгі жалақыдан аз болуы мүмкін. Еңбек шарты жасалса, жұмысшы арнайы киімдермен, қауіпсіз жұмыс жағдайымен қамтылып, техникалық құрал-жабдықтары түгел болады. Еңбек­қор жандардың жұмысын көпке үлгі ету жағы да ескерілгені жөн. Біз жұмысшылардың құқығын заңнамалық тұрғыда қорғауымыз керек. Оған қандай да бір бағдарлама қабылдаудың қажеті жоқ. Жұмысшы мамандарға жоғары, тұрақты жалақы керек. Сол тұрғыда өнеркәсіп саласы жылдан-жылға өркен­дей түссе игі. Қысқасы, жұмысшы мамандардың беделін көтеруде білім, ғылым, өнеркәсіп үшеуін қабыстыру қажет».

Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуын­ша, әрбір азамат өзінің оң жамбасына келетін жұмыспен айналысса, сапалы мамандардың қатары толыға тү­се­ді.

«Әрбір ата-ана менің балам жоғары білім алса деп үміттенеді. Шын мәнінде жоғары білім алғысы келген бала жоғары балл жинап, грантпен тегін оқуға барынша ұмтылады. Үлгерімі төмен баланы сүйрей беру бос әурешілік. Әр азаматтың әлеуеті әртүрлі. Бірінің білімі жоғары болса, екіншісі шаруаға епті, ширақ болуы мүмкін. Оның істегенін әлгі жоғары білім алған маман қанша тыраштанса да істей алмайды. Кәсіптік білім алған маман өз ісіне ынта-шынтасымен кіріссе, жоғары білімі бар маманды әлеуметтік жағдайы, табысы, іскерлігі жағынан жолда қалдырады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген. Ауыл шаруашылығымен, малмен айналысу оңай шаруа емес. Жастарды кәсіби мамандықтарға баулуға жол ашсақ, еш ұтылмаймыз», дейді С.Жобаев.

Мемлекет басшысы адал азамат, адал еңбек, адал табыс идеясын Ұлттық құ­рыл­тайда айтты. Оған дейін де еңбек адамы­ның табандылығын көпке үлгі ету мақ­сатында іске асқан идеологиялық жұмыстар аз емес. Әлеумет, әсіресе жас­тар жағы адал еңбектің қадірлі болатынын түсініп өсіп келеді. Заман көшінен қалмай, жаңа мамандықтарды игеруден жүрексінбейді. Цифрлық жағынан сауатты, ақпараттың рас-өтірігін анықтап, талдай алады. Оңай олжаның опа бермейтінін түсінеді. Президент Жолдауда адал еңбек туралы: «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көр­сетуі­міз қажет. Бәсекеге қабілетті эконо­микасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтерге, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруа­шылығы, көлік, су саласының қыз­мет­керлеріне, ғалымдар мен өнер­тап­қыш­тарға берілетін құрметті атақ­тар мем­лекеттік марапаттар санатына қосы­­ла­ды. Еңбегінің мемлекеттік дең­­гей­­де баға­лануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамының абырой-беде­лін көтереді», деді.

Жұмысшы мамандықтарға қатысты ортамерзімді болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай кадрларға қажеттілік 410,6 мың адамды құрауы мүмкін. Олар­дың ішінде көлік, жүк көлі­гінің жүргізушілері, такси жүр­гізушілеріне сұраныс – 88,1 мың адамға жетуі ықтимал. Сол секілді дәнекерлеушілерге сұраныс – 18 мың адамға, монтаж-құрылысшы, құрылысшы-әрлеуші мен суретшілер – 13,4 мың адамға, сантехниктер – 13,2 мың адамға, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіруші жұмысшылар – 12,4 мың адамға, сылақшылар – 11,2 мың адамға, тракторшылар – 11 мың адамға, құрылысшы-монтажшылар, соған байланысты жұмысшылар – 9,2 мың адамға, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарьлары – 8,2 мың адамға, басқа да жұмысшы мамандарға сұраныс артуы мүмкін.

Қорыта келгенде, жұмысшы мамандарды ынталандыру, еңбегін насихаттау бағытындағы іс-шаралар келер жылы жаңа қарқынмен жалғасады. Кәсіптік-техникалық білім беру саласы реформаланып, түрлене түседі. Маман даярлауға көп көңіл бөлінеді. Ал жалақының жа­йын еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс өзі реттейді. Әзірге ресми деректерден Жұмысшы мамандықтар жылында іске асатын бастамаларға қатысты бар білгеніміз осы.