• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 24 Қазан, 2024

Тәлімгерлік - болашақ көшбасшыларды тәрбиелеу құралы

145 рет
көрсетілді

Заманауи компаниялар сәттілік тұрақты болуы үшін болашақ көшбасшыларды дамытуға айрықша мән береді. Оның ең тиімді жолдарының бірі – тәлімгерлік. Бұл әдіс қызметкерлерді дамытып қана қоймай, командалық мәдениетке үйретіп, компания құндылықтарын күшейтеді, деп жазады Egemen.kz.

Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы (МТАЖО) кадрларды дамытуға және тәлімгерліктің тиімді тәсілдерін ендіруге айрықша көңіл бөледі. Одан бөлек, орталық тәлімгерлік бағдарламалары аясында ПІБ жүйесінің қызметкерлерін де оқытады. Персоналды басқару саласының сарапшысы және HR орталық жетекшісі Айнұр Камарова бұл тәсілді компанияда қолданудың қыр-сырымен бөлісті. 

«Тәлімгерлік – білім мен тәжірибені беру жолы ғана емес, ол – қызметкерлерді стратегиялық дамытудың құралы. LinkedIn зерттеуінің мәліметтеріне сәйкес, қызметкерлердің 94%-ы, егер оған оқу мен өсуге мүмкіндіктер берілсе, компаниядағы жұмысын жалғастыра беруге дайын. Тәлімгерлік компания қызметкерлеріне кәсіби және жеке дамуға жағдайлар жасай отырып, негізгі кадрларды өзінде ұстап қалуға көмектеседі. Одан бөлек,  бизнестің маңызды міндеттерін шешуге жәрдемдеседі», деді Айнұр Камарова.

Оның айтуынша, зерттеулер қызметкерлердің 84%-ы компания оған өз саласы бойынша білім мен тәжірибені жаңартуға қажетті оқу мен дағдыларды дамыту мүмкіндігін береді деп күтеді. Осылайша, тәлімгерлік бағдарламасын жолға қойған компаниялар кадр тұрақсыздығын төмендетіп, команданың жалпы тиімділігін арттыра алады.

Тәлімгерлік бағдарламасы барынша тиімді болуы үшін нақты бизнес мақсаттарға қол жеткізуге көмектесетін стратегиялық тәсілдерді қолданған дұрыс. МТАЖО сарапшыларының ұсыныстарына сүйене отырып,  бағдарламаны сәтті құрудың негізгі төрт қадамын айқындауға болады:

Мақсаттарды мақұлдау. Тәлімгерлік нақты бизнес мақсаттарға қол жеткізуге бағытталуы тиіс: клиенттердің қанағаттану деңгейін жақсарту, инновацияларды енгізу, кадр тұрақсыздығын төмендету. Тәлімгерлер өз қарамағындағы қызметкерлердің компанияның мақсаттарын көздейтін бағыттарда дамуына көмектеседі.  Дайындау және қолдау. Тәлімгерлік тәлімгерлердің де, оның қарамағындағылардың да дайындығын қажет етеді. Оқу тәлімгерлерге өзінің кері байланыс дағдыларын дамытуына, ал қарамағындағы қызметкерлерге мақсаттарын айқындап, коммуникацияны жақсартуға көмектеседі. Тұрақты кездесулер мен нәтижелерді бақылау маңызды.  Қатысушыларды дұрыс таңдау. Тәлімгерліктің сәтті болуы көп жағдайда жұпты дұрыс таңдауға байланысты. Компаниялар қатысушылардың тек кәсіби дағдыларына ғана емес, жеке қасиеттеріне, көзқарастары мен ынтасына мән беруі керек. Сондай-ақ, әртүрлілікті қамтамасыз етіп, қатысушы қызметкерлердің түрлі санаттағы адамдардан жаңа тәжірибе жинауына мүмкіндік беру қажет.  Тәлімгерлік форматтарының әртүрлілігі. Тәлімгерлік формалды және бейформалды жағдайларда да өтуі мүмкін. Яғни, тұрақты тренингтер мен вебинарлардан бөлек, кофе ішу барысындағы бейформалды әңгімелесу түрінде де өткізуге болады. Тәсілдің екі түрі де маңызды: бейформалды қарым-қатынас сенімді күшейтсе, формалды кездесулер оқу процесін жүйелейді. 

Тәлімгерлік – көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырудың тәсілі. Жекелеген қызметкерлердің дамуына ғана емес, сонымен қатар компания ішінде мықты мәдениет құруға да көмектеседі. Сәтті жүзеге асырылған тәлімгерлік бағдарламасы қандай қиын міндеттерге  дайын көшбасшыларды тәрбиелеп, компанияның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. МТАЖО мұндай бағдарламаларды өз қызметкерлерін қолдап, олардың өсіп-дамуына жағдай жасау үшін бағдарламасына енгізеді. Білікті жастар компанияны алға жетелейтін мықты кәсіби мамандар қоғамдастығын құра алады.