• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қазан, 2024

Желіге жеткізбей тұрған радиофобтар

101 рет
көрсетілді

Еліміздегі байланыс операторлары интернет төлемдерін жыл сайын қымбаттатқанымен, жылдамдықты жақсарта қойған жоқ. Сондықтан тұтынушылар олардың жұмысын жиі сынға алады. «Beeline» мен «Kcell» мамандары мәселе­ге қатыс­ты сұрақтарға жауап берді.

Ұялы байланыс опера­тор­лары интернет жыл­дам­дығының баяу болуына радиофобтар кінәлі дегенді үнемі алға тартады. «Beeline» ком­па­ниясы өкілінің айтуын­ша, тұр­ғын­дармен келісімге келу қиын шаруа.

«Әдетте антенналарды алып тастаңдар деген талап ірі қала­лар­да көп қойылады. Әсіресе Астана, Алматы, Жезқазған, Шымкент, Ақтау, Павлодар сияқты абоненттер саны көп және желі жүктемесі жоғары өңірлерде болады. Жыл сайын абоненттер саны мен олардың тұтынатын интернет трафигі өсіп отырғандықтан, базалық стансаларды көбірек орнату қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты операторлық жабдыққа қарсы көзқарастағы радиофобтармен жиі ұшырасамыз. Мұндай адамдар қолданыстағы стансаларды алып тас­тауды талап етеді немесе жаңасын орнатуға қарсы болады. Тағы бір мәселе – шатырдағы орындардың жалдау құнының тым қымбат болуы», дейді «Beeline» компа­ния­сының өкілі Анара Смаилова.

«Kcell» байланыс операторы былтыр еліміз бойынша 115 базалық стансаны демонтаждаса, биылғы алғаш­қы тоғыз айда 165 базалық стан­саны алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ олар да станса­лар орнататын орынның жалдау құ­ны жоғары деген шағым айтып отыр.

«Мемлекеттік мекемелерге тиесілі ғимараттарда базалық стансаларды мемлекеттік орган­ның нұсқауымен алып тастаймыз. Ал тұрғын үй кешендерінде станса­лар тұрғындардың көпшілігі да­уыс берген жағдайда ғана алынады. Демонтаждың тағы бір себебі – жалдау құнының бірнеше есе көтерілуі», дейді «Kcell» өкілі.

Айтуларынша, кей­бір меншік иелері жалдау құнын 500-700 мың теңгеге дейін көтереді, бұл тым қымбат әрі тиімсіз. Егер опе­ра­тор мұндай шарттарға келісетін болса, барлық жерде жалдау құны көте­ріліп кетеді. Ел бойынша он мың­даған базалық станса бар екенін ескерсек, шығын бірнеше есе артып кетуі мүмкін.

«Beeline» ұялы операторы­ның мәлімдеуінше, заң бойынша­ базалық стансаны орнатуға тұр­ғын­дардың көбі келісуі қажет. Алайда кей жағдайда радиофобтар қатаң қарсылық танытады. Олар көршілерін келіспеуге үгіттейді, жанжал шығарып, жабдықты, сындырып тастауға дейін барады. Сондықтан кейде басқа тұрғындар жанжал шығармау үшін қарсы­лық біл­дір­гендердің талабына көнуге мәжбүр болады.

«Компания жергілікті тұр­ғын­­­дармен келісімге келу үшін бар күшін салады. Инженерлер радио­толқындардың қауіпсіздігі туралы түсіндіреді, өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Қорытындыларын дәлел ретінде ұсынады, келіссөздерге әкімдік пен жауапты министрліктің өкілдерін шақырады. Алайда радио­­фобия – ақылға қоным­сыз құбы­лыс, сондықтан техно­ло­гияның қауіп­сіз­дігі айқын болғанымен, адамдарды сендіру мүмкін болмай отыр. Мемлекеттік органдардың өкілдері де бұл жағдайға ықпал ете алмайды», дейді «Beeline» өкілі А.Смаилова.

«Kcell» компаниясы да мұндай жағдайда байланыс саласындағы уәкілетті органға, әкімдікке кондоминиум кеңесіне жүгінетінін айтады. Бірақ мәселе үнемі оңынан шешіле бермейді. Дегенмен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жағдайды реттеу мақсатында «Байланыс туралы» заң жобасын әзірлеуге кіріскен.

Сондай-ақ құрылыс жүріп жатқан нысандар да интернет жыл­дам­дығына айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Құрылыс жүріп жатқан қалаларда жаңадан салынған ғима­раттар радиосигналды жауып тас­та­ған­дықтан, опера­торларға базалық стансаны орнатуға басқа орын іздеуге тура келеді. Радиосигнал физика заңдылықтарына сәйкес ғимараттар арқылы өте алмайды. Сонымен қатар құрылысшылар байланысқа арналған инфрақұры­лымды жоспар­ламайды және опе­раторларға құрылыс жоспарлары туралы ескерт­пейді, сол себепті жаңа тұрғын үйлердің тұрғындары жиі байланыссыз қалады.

Базалық стансаны орнатуға кететін уақыт та, қаражат та аз емес. Мысалы, «Beeline» өкілі бір стансаға 100 миллион теңге кетеді дейді. Байланыс операторлары көбіне мемлекеттік сатып алу салаларында кедергілерге ұшырасады екен. Сондықтан бұл үдерісті жеңілдетсе, жағдай түзелер ме еді деп отыр. «Бір базалық стансаны орнатуға 6 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Бұл үдерістің кезеңдері арнайы сызбада көрсетілген. Құрылыс, СЭС, мем­лекеттік сатып алу салаларында кедергілер бар. Оны жеделдету үшін бұны заңнамалық деңгейде жеңілдету қажет», дейді «Kcell» компаниясының маманы.

Үдеріс жеңілдесе, «Kcell» компа­ния­сы 2027 жылға дейін ел бо­йын­ша 5G-дің 3527 базалық стан­са­сын орнатуды жоспарлап отыр. «Beeline» байланыс операторының да жыл­дам­дығы жоғары базалық стан­саларды орнатып жатқаны белгілі болды.