«Tauelsiz» ART ұжымының «Жерге табын, адам, енді» деп аталатын ерекше форматтағы кеші ел аузында жүр. Жақында ғана шығармашылық ұжым Астанадан арнайы келіп, Кеншілер мәдениет сарайында қойылым қойды. Онда еліміздің басынан өткерген экологиялық қасірет зардабын, жаһанданудың қоршаған ортаға жақсылық әкелмейтінін шебер жеткізе білді.
Ерекше форматтағы кеш балақай мен жасанды интеллекті арасындағы әңгімеден бастау алады. Бала гаджетіндегі жасанды интеллектімен адамзаттың болашағы туралы сөйлеседі. Бұдан көпті алаңдатқан келешектің өзін де, көлеңкесін де көргендей болдық. Әңгіме төмендегідей өрбиді.
– Сәлем, GPT! Бізді қандай болашақ күтіп тұр?
– Сәлем, балақай! Болашағымыз жарқын болуы екіталай. Технология қарқынды дамиды. Өздігінен басқарылатын ұшақтар мен дыбыс жылдамдығымен қозғалатын көліктер пайда болады. Адамдар ақылды үйлерде тұрады. Мұның барлығы тиісінше қоршаған ортаға кері әсерін тигізеді. Су, өсімдік, тіпті ауа тапшы болуы мүмкін.
– Мәссаған, шынымен солай болмақ па?
– Саған маған мәлім ақпараттарға ғана сәйкес болжам жасадым. Келешек қандай болатынын елестетіп көрейік: Каспий теңізінің 27 пайызы тартылады, мемлекеттер арасында ядролық соғыс оты тұтанады, адамдар арасында зорлық-зомбылық күрт көбейеді, мәңгі өмір сүруге талпыныс жасалады, қоқыс салдарынан ауа рекордты мөлшерде ластанады, 4 млрд-қа жуық адам сусыз қалады.
Адамзат тарихынан хабардар жасанды интеллектіден мұндай ауыр әңгіме есту әлбетте үрейді ұшырады. Қорыта келе ол: «Адам баласы өзін-өзі тығырыққа тірейді», дейді. Айналып келгенде алапат қауіптің бәріне адамның өзі кінәлі екен. Сенбей көріңіз…
Жаны жабырқаған бала жападан-жалғыз. Жасанды интеллектінің әңгімесіне ұйыған. Мұның өзі адам адамнан алшақтап бара жатқанын анық аңғартқандай. Бір-бірімен тілдесуден қалған кісі табиғатында да өзгерістің бары рас.
Қазақ даласындағы аштық қасіреті келесі бөлімге арқау болды. Аштық салдары, қасіретті кімдердің ұйымдастырғаны, бәрі көркемсөз, өлең, әнмен жеткізілді. Семей даласының трагедиясы да әсерлі баяндалды. Мүгедек, адами генетикадан жартылай ажыраған елдің зарын естітті.
Кештің арнайы қонағы болған Семей полигонының зардабын тартқан жандардың бірі қылқалам шебері Кәріпбек Күйіков сахнаға шығып, шығармашылық ұжымға ризашылығын білдірді.
– Рас, адамзат баласы үлкен трагедияның аз-ақ алдында тұр. Соны айтатын – осындай азаматтар, дарынды ұл-қыздар. Сіздерге өнер сүйетін жүрегі ояу халық құлақ асады. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін! – деді Кәріпбек Күйіков.
Кештің мазмұны су тапшылығы, ауаның ластануы, өзен-көлдің, теңіздің тартылуы, жаһандық жылыну, жер қыртыстары мен ауа қабатының зақымдануы, жерасты байлығы үшін болып жатқан қантөгістердің салдары секілді мәселелермен өрбіді.
«Tauelsiz» ART жобасының басталғанына бес жыл болды, елдегі бірнеше қалаға барып келді. Жоба жетекшісі Руслан Жұбаныш «Экология – осы күнгі ең өзекті проблема» екенін айтады.
– Бес жыл бойы ел аумағында осындай кеш өткізе жүріп, биліктен я болмаса байлардан қаржы алып көрген жоқпыз. Жер шарының тағдырына алаңдайтын халықаралық ұйымдармен тікелей жұмыс істейміз. Мысалы, «Internews» халықаралық ұйымынан грант алдық. Фридрих Эберт атындағы Германия қорымен де қарым-қатынас орнаттық. Енді Ақтау мен Шымкентке баруды жоспарлап отырмыз. Қорытынды кеш Астанада өтеді. Ұжымда отызға жуық адам бар. Тақырыпқа сәйкес келетін өлеңдерді, әндерді автордың рұқсатымен аламыз. Арнайы тапсырыспен жаздыратын кездер де болады, – дейді Руслан Жұбаныш.
Қарағанды облысы