Қазіргі кезде спорттағы әйелдің орны мен рөлі туралы таным мен түсінік, әйел бейнесі жөнінде қалыптасқан әлеуметтік үрдістер ерекше өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінде ерлердiң әйелдерден басымдығы өзгерiстерге ұшырай бастады.
Эмансипация мен феминизм идеологиясының қалыптасуынан батысеуропалық философиядағы патриархаттық дәстүрдің екпіні басылғандай болды. Патриархаттық құрылымы басым келетін философиялық ойлаудың дәстүрлі бинарлық (еркек/әйел) практикасынан бас тартып, қазіргі мультикультурализм жағдайында жыныстың әлеуметтік теориясы – гендерлік ілім дүниеге келді.
Әйел мен ердің спорт әлемінде алатын орнын айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени құрылым ретіндегі ұғымы XIX ғасырдан бастап Батыс елдерінің жаңа капиталистік нарықтық қатынастарға тартылуымен қалыптасты. Спорттағы гендерлік стереотип түсінігі – іс-әрекет пен мінез-құлық ерекшеліктерінің «спортшы ер» мен «спортшы әйел» модельдерінің айырмашылығын анықтауға негізделген түсінік. Гендерлік стереотиптерді үшке бөліп қарастыруға болады.
Бірінші топ «маскулиндік-феминдік» қасиеті, яғни тұлғаның жеке қасиеттеріне байланысты. Бұл ерлер мен әйелдердің нақты психологиялық қабілеті мен мүмкіндігіне қарай әртүрлі темпераменттер мен әдеттері арқылы бөлінуі. Көп жағдайда әйел адамға пассивтілік, тәуелділік, шешімге деген сенімсіздік, логикалық ойлау қабілетінің ерекшелігі, жеңіске деген көзқарас деңгейі ер адамға қарағанда төмен, эмоционалды деген пікір қалыптасқан. Ал ер адамдарға іс-әрекет активтілігі, агрессия, шешімді тез қабылдағыш, жеңіске деген ұмтылысы, эмоционалдылықтың төменгі деңгейде болуы тән. Спорттың көп түрінде әлеуметтендіру негізінде жеке тұлғаның екінші түрі көбірек мақұлданады және сол типке қарай тәрбие беріледі.
Гендерлік бөліністің екіншісі жынысқа, отбасындағы рөлдер мен мамандандыруға байланысты рөлдердің стереотиптеріне қатысты екенін атап өткен жөн. Қоғамда көбіне ер адамдарды кәсіби жетістігіне, әйел адамды отбасылық жағдайға қарап бағалайды. Ерлердің бағыты белгілі бір кәсіби мақсаттарға жету болса, әйелдердің бағыты – адамдар арасындағы жақын байланысты орнату. Спорттағы қыздар қатарының ерлерге қарағанда аз болуын осы себеппен түсіндіре аламыз.
Ал үшінші түрі – еңбектің мазмұны, оны орындау кезіндегі мінездемеге байланысты бөлінісі. Яғни ер адамдардың еңбекке инструменталды түрде бағытталуы, әйел адамның экспрессивті түрде бағытталуын негіз етуге болады. Осыдан спорт түрлерінің ерлерге немесе әйелдерге арналған түрлерге бөліну себептері шығады. Көбіне әйел адамдарға лайықты спорт түрлері деп әртістік қабілетті қажет ететін, нәзіктікке бағытталған спорт бағыттары аталады.
Денешынықтыру және спорт саласында қолданылатын теорияларда жыныстық диформизм тақырыбы өзекті мәселелердің бірі деп саналады. Диформизм – екітүрлі топтың бір салада болуы және даму ерекшеліктерін қарастыратын ұғым. Денешынықтыру және спорт саласында жүргізілетін зерттеулердің жіберетін кемшілігі – спорттағы гендерлік диформизмді қарастырмауында.
Басқа салаларда ер немесе әйел адамның мамандандырылуы, біліктілігі, білімі сияқты аспектілер бірінші орынға қойылып, гендерлік диформизм есепке алынбайды. Әсіресе әйелдер спорты немесе оны тежеуші факторлар мен жетістікке жету жолдарын қарастыру барысында табиғи мүмкіндіктермен санасуға тиіс. Гендерлік диформизм спорт әлемінде де көрініс тапқан. Ер спортшылар мен әйел спортшылар арасындағы үлкен айырмашылық – олардың дене бітімінің өлшемінде. Ер адамдар әйелдерге қарағанда ірі және ұзын. Ер адамның жүрегінің көлемі әйел адамның жүрегіне қарағанда үлкен және өкпе сыйымдылығы кең. Бірақ бұл ақпараттармен қатар жеке индивидуалды қабілеттерді де ескеру керек. Спортта координациялық қабілет деген түсініктің аясына жылдамдық, тепе-теңдікті сақтау, ырғақ, келісімді іс-әрекет, кеңістікте теңдікті сақтау ұғымдары кіреді.
Әйел адам кәсіби дайындық деңгейіне қарамастан, жекпе-жек күресінде дайындық деңгейі жоғары ер адамды ешқашан жеңе алмайды. Феминдік амбицияның өсуіне байланысты абсолютті жыныстық теңдікті қолдар болсақ, спорттық жарыстар жыныстық диформизмге қарамай, тек бойы, салмағы ескерілсе, әйел адамның ағзасына, өміріне үлкен қауіп төнеді, толық теңдік болу мүмкін емес.
Варшавадағы Дене тәрбиесі академиясының ғалымы Даруиш Блахнионың айтуынша, спорт түрлерінің басым бөлігіндегі ерлердің көшбасшылық позициясына еш қауіп жоқ. Себебі ер азаматтардың спортпен шұғылдануына биологиялық тұрғыда мүмкіндігі көбірек. Ғалым әйел адам күшейтілген жаттығуларды жасағанмен, ер адам бойында бұлшықеттердің өсуіне жауапты тестостерон атты гормонның өзгешелігін де атап өткен. Жыныстық диформизм негізінде көптеген әйел спортшылардың жеңістерін де сипаттасақ, америкалық Линн Косстың жүзудегі рекордтық көрсеткіші, оның ең бірінші болып Аляскадан Чукоткаға дейін Беринг бұғазы арқылы жүзіп өтуі, Пенни Диннің жалғыз өзі Ла Маншты бағындыруы – әйел адамның ағзасы термокиім тәріздес болуының мысалы.
Қорытындылай келе, ер адам мен әйел адамның табиғаты ерекше болатынына көз жеткізуге болады. Денешынықтыру және спорт сияқты айрықша күш-жігерді талап ететін бағытта әйел адам мен ер адамның мүмкіндіктерін салыстыра отырып, оқу-жаттығулық әдіснама негізінде жұмыс істеу спорттағы жеңіске апарар тиімді жол болуы мүмкін. Сонымен қатар әйел адам мен ер адамның психологиялық, физиологиялық, табиғи мүмкіндіктерімен қатар жеке қабілеттің болуы немесе керісінше ыңғайының болмауы да ерекше фактор екенін атап өткен жөн.
Жұлдыз Күмісбек,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы