Астанада «Jastar fest» жас көшбасшылар форумы өтті. Ұлттық құндылықтар, патриотизм, адамгершілік, адалдық, ізгілік қағидаттары кеңінен насихатталған ауқымды іс-шара қаланың Жастар саясаты мәселелері басқармасы қолдауымен ұйымдастырылды.
Жиынға жергілікті мәслихат депутаттары, белгілі блогерлер мен қоғам қайраткерлері қатысып, алдыңғы буын ағалар ақыл-кеңесімен бөлісті. Ашылу салтанатында елордалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев форумның мақсат-міндетін атап өтті.
– «Jastar Fest» – елордалық жастардың ең жарқын өкілдерін, ойшыл балалар мен көшбасшыларын біріктірген платформа. Біздің мақсат – студенттік ортада адамның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу қағидаттарына негізделген өзара сыйластықты қалыптастыру, лудоманияның, девиантты мінез-құлықтың алдын алу, адамгершілік нормаларын сіңіру, 2024–2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында мемлекеттік жастар саясатын қолдау, сәйкесінше теріс әдеттерден қорғау. Сондықтан бұл алаң жас көшбасшыларымызға өз қызметі шеңберінде қоғамға рухани құндылықтарды, «Адал азамат» қағидатын мейлінше кеңінен насихаттауға сеп болады. Әрі іс-шара жастар үшін ой түйіп, жаңа бастамаларына серпін беретініне сенімдімін, – деді ол.
Жастар алдында сөз алған Астана қаласы мәслихатының депутаты, танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы қазіргі қоғамда өткір тұрған мәселелерді айтып, себеп-салдарын ашып көрсетті.
– Бүгінде оқуын аяқтаған кей түлек өзіндік өмір жолын қай саламен байланыстырарын білмей, жұмыссыз жастар қатарын толықтырып жүр. Тіпті олар еңбекке араласуға мүмкіндік беретін «Болашақ», «Серпін», «Дипломмен – ауылға!» секілді мемлекеттік бағдарламалардың барын білмей жатады. Ойлап қарасақ, қазіргі уақыт – мүмкіндіктер қанатын жайған кезең. Қарапайым интернет арқылы көп дүниені оқып, бірнеше тілді тегін меңгеріп алуға болады. Әлеуметтік желіде қызығушылығына не құндылығына сай жеке бренд қалыптастыруға да мүмкіндік бар. Әрине, бұл – салдармен күресу ғана. Ал мәселенің мәнісіне үңілсек, оған түрткі болып отырған – отбасы институтындағы тәлім-тәрбие, білім саласындағы бағыт-бағдар берудегі олқылықтар. Мәселен, ата-аналар көп жағдайда балаларына ақыл айтады. Бірақ еш уақытта баласымен бірге отырып, пікір алмасып, ойын талқыламайды. Баланы түсіну үшін алдымен оның ортасына зер салу қажет, – деді Л.Сұлтанқызы.
Өз кезегінде маркетолог және Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Расул Абдуллаев жастарға әлеуметтік желілерді қалай тиімді пайдалану керек екенін, өзіндік бағытты таңдаудағы ақыл-кеңесін айтты.
– Егер сіз математиканы жақсы көрсеңіз, онда маркетинг саласы сізге сәйкес келеді. Математиктер сатумен, таргетпен, талдаулармен айналысады. Ал тарих пен географияға бүйрегіңіз бұрып тұрса, бренд менеджері мамандығын таңдай аласыз. Негізі бұл мамандық көп отандастарымыздың болмысына жақын келеді. Меніңше, қазір креативті өнім ойлап табуда еліміздегі адам капиталының әлеуеті зор, – деді сарапшы.
Форумда IT-дегі танымал мамандықтар мен салада жетістікке жетелейтін кеңестерімен ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Медет Турин бөлісті.
– IT саласында ең танымал мамандықтар бар. Олар – бағдарламашылар, тестілеу инженерлері, деректерді талдаушылар, UX/UI дизайнерлері, ІТ-маркетологтер, жасанды интеллект маманы және тағы басқалары. Осы бағытты таңдаған жастар өз машықтарын дамытуға, кәсіби байланыстар желісін құруға әрі үнемі оқуға дайын болуы қажет. Сондай-ақ кез келген жас кибермәдениет пен кибергигиенаны ұстануы керек, – деді М.Турин.
Ал Астана қаласы мәслихатының депутаты Арсланбек Мағзұм жастардың еліміздің қоғамдық үдерісіне қатысуының маңызын атап өтті. Сонымен қатар депутат жас буынды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
– ХХІ ғасыр жастарының алдында қазір көптеген мүмкіндік ашылды. Бұл – елордада өтіп жатқан керемет іс-шаралар ғана емес, түрлі грант, тегін курстар. Қазір жас министрлер, депутаттар, басқарушылар бар екенін бәріміз білеміз. Жастардың мемлекеттік қызметке барудан қорықпайтынын айтқым келеді. Мен жергілікті мәслихаттың депутаты бола отырып, идеяларды ұсынуға, жастардың құқығын қорғауға, қала мен елдің маңызды оқиғаларына басшылық етуге және қатысуға болатынына мысал келтіре аламын. Мемлекет жастардың мәселелеріне көп көңіл бөледі. Жастар саясаты аясында түрлі акция мен іс-шара ұйымдастырылып та жүр. Бір «Таза Қазақстан» акциясын ауыз толтырып айтуға болады. Ел тазалығына үндеген науқан тіл, мәдениет, ой, мінез-құлық тазалығын да қаузайды. Сондықтан республикалық акцияның мәні терең, – деді спикер.
Жалынды жастар жиынында «Joltap» әлеуметтік жобасының мүмкіндіктері де қозғалды. Жоба жетекшісі Дана Жүнісова отандастарымызға цифрлық кәсіпті оқыту және жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері туралы толығырақ айтып берді.