XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Ақмола қаласында кәсіпкерліктің дамуына елеулі үлес қосқан Қосшығұл әулетінің өмірі мен тағдыр тауқыметі туралы Астана қаласы мемлекеттік архиві деректері не дейді?
XIX ғасырда қазақ даласында саудагер-көпестер тобы қалыптасып үлгерген еді. Көпестер қатарына кіру (ақсүйек, хан тұқымынан айырмашылығы) мұрагерлік жолмен жүзеге аспайтын, сол себепті де XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап кәсіпкер тұлға гильдия куәлігін алуға, көпестер қатарына қосылуға өздері мүдделі болды. Себебі бірінші гильдиялық көпестер шетелдегі әріптестерімен ірі мөлшерде көтерме сауда жасасуға, кәсіпкерлік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алған болатын. Ал 90-жылдардың соңында сауда-өндірістік салық реформалары талабына сәйкес кәсіпкерлер сауда-саттықпен айналысу үшін гильдиялық куәлікті сатып алуға міндеттелді. Куәлік Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрлігі тарапынан көпестің сауда-өнеркәсіп саласының ақша айналымына қосқан жарнасына қарай берілетін еді. Архив деректеріне сүйенсек, 1897 жылғы Ресей империясының І жалпыхалықтық санағы бойынша Ақмола қаласында отбасы мүшелерін қоса есептегенде 85 адам (30 ер адам, 55 әйел адам), Ақмола облысы бойынша 1107 адам (515 ер, 592 әйел адам) көпестер сословиесінде болғаны мәлім.
Қазақ даласында бұл кәсіп қалай дамыды, оның көш басында кімдер тұрды десек, Ақмоладағы айтулы көпестердің бірі, алғашқы қазақ капиталисі Баймұхамбет (архив құжаттары бойынша Баймухаммет) Қосшығұлов есімі алдымен ауызға алынады. Қосшығұл әулетінің кәсіпкерлік іс-әрекеті хақында, олардың ХХ ғасырдың басында қала орталығында орналасқан кәмпит-тоқаш фабрикасы, үш дүкені, Керуен сарайдағы (Гостиный двор) бірнеше сауда орны, мұсылмандар мектебі туралы белгілі өлкетанушылар мен тарихшылар аз жазды деп айта алмаймыз, әрине. Алайда өткеннің еншісінде кейінгі өскелең ұрпақ білуге тиіс, әлі де зерттеп, зерделейтін тұстарымыз көп екенін ескерсек, мұндай тұлғалар жайындағы әңгіме бүгінмен бітпесіне көз жетеді.
Қосшығұловтың 1901 жылдан бастап көпес атанғанын, алғашында №2 гильдия көпесі, сосын 1911 жылдан №1 гильдия көпесі болғанын Орталық мемлекеттік архивте сақталған құжаттар айқын айғақтайды.
Бұл құжаттарда 1910 жылғы дерек бойынша Баймұхамбет Қосшығұлов 60 жаста, әйелі Мәдина 49 жаста, балалары: Құрманғали (архив құжаттарында бірде Курбангали, кей жерде Курмангали деп екі түрлі нұсқада жазылған ) 32 жаста, әйелі Агла 30 жаста, ұлы Хасан 12 жаста, қызы Мәриям 4 жаста; Мұхамед Ғали 30 жаста, әйелі Шарафат 25 жаста, ұлы Ғалымжан 5 жаста; Мұхамед Уәли 27 жаста, әйелі Ханифа 23 жаста, қызы Мағинұр 3 жаста, ұлы Ғани 1 жаста; Нұрмұхамед 24 жаста, Мұхамед Қадыр 16 жаста, Бекмұхамед 13 жаста, қызы Райхан 18 жаста деп көрсетілген.
Ақмола қаласының тарихи-өлкетану музейі 1970–1990 жылдары көзі тірі ұрпақтарынан, көз көргендерден Ақмоланың революцияға дейінгі тарихы, осы өлкені көркейткен көпестер туралы біршама естеліктер, фотолар жинақтағаны белгілі. Бұл жинақ материалдар қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорында мемлекеттік сақтауда тұр. Сондай естеліктердің бірінде Ақмола қаласының қарт тұрғыны Николай Иванович Второв (1909 жылы туған) 1976 жылы: «Құрманғали Баймұхамбетұлы Қосшығұлов ірі кәсіпкер, Керуен сарайда дүкені, кәмпит фабрикасы болған, 1976 жылдың маусым айына дейін облыстық сот орналасқан ғимаратта тұрған. Жергілікті қазақтардың айтуынша, сыра зауыты болған жердегі мешітті (бұл жердегі әңгіме Ақмоладағы Қоңырқұлжа Құдаймендин салдырған алғашқы мешіт жайында, 1920 жылы ағаш мешіт өртеніп, орнына тас мешіт орнатылған еді – авт.) өз қаржысына тұрғызған. Ал оның кіші інісі Нұркей кәмпит фабрикасы орналасқан ғимаратта тұрды.
Қалалық кеңестің Ленин (қазіргі Абай) және Пушкин көшелері қиылысындағы бұрынғы ғимаратта – Уәли Қосшығұлов, ал насос зауытының аумағында, үлкен ағаш үйде Мұқан Қосшығұлов тұрды. Олардың бәрі де саудамен айналысты, Нұркей көңіл көтергенді жақсы көретін, сондықтан ағалары оны бақылауда ұстады», деп еске алады.
Өлкетанушы Ерлан Күзекбай өз зерттеулерінде Баймұхамбет қаланың ірі байлары қатарында ірі көлемдегі сауда ісімен қатар өндіріс орындарын да ашқанын: «...Кондитер фабрикасы, тері-терсек зауыты, сабын зауыты, кірпіш зауыты, шаруашылық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт сияқты бірнеше кәсіпорны болған. Ол XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында-ақ кәсіпкерлік және сауда ісімен Ресей, Батыс Еуропа, Орталық Азия елдерімен тығыз байланыс жасаған», деп жазады.
Санкт-Петербургте 1913 шыққан «Сибирский торгово-промышленный ежегодник» басылымында Б.Қосшығұловтың бакалея тауарлары, керосин және мұнай, ыдыс-аяқ және шаруашылық заттары, шай мен қант, бояғыш тауарлары бойынша сауда-өнеркәсіп орындары бар екені айтылады.
1920–1930 жылдары кеңселерде қағаз, қалам тапшылығына байланысты империялық кезеңдегі кеңсе іс қағаздарының қайырма беті іс жүргізуде пайдаланылып, құжаттардың кейбірі қолға түскен қалам, қарындашпен жазылған екен. Сондай қағаздың бірінде 1911 жылы 16 қыркүйекте Пожевск зауыттарының иесі, кәсіпкер князь Сергей Евгеньевич Львовтың Б.Қосшығұловқа жіберілген тауарының жөнелтпе қағазының бір бөлігі сақталып қалыпты. Мұнда тасымалдаушы «гергардъ және гей» акционерлік қоғамы деп көрсетіледі. Аталған қоғам 1901 жылы 24 қарашада жұмыс істей бастаған. Ресейге және шетелге су, теміржол және жерүсті жолдары арқылы жүктер тасымалдаған; жер-жерде тауарларды қабылдауға, сақтауға арналған қоймалары болған; сондай-ақ тауарларды сатып алу-сату бойынша комиссиялық тапсырмалар және кедендік міндеттемелерді орындаған. Басқармасы Санкт-Петербургте орналасқан. Мәскеу, Рига, Одесса, Қазан, Омбы, Орынбор, Түмен, т.б. қалалармен қатар, Ақмола, Атбасарда да кеңселері мен агенттіктері жұмыс істеген. Шетелдегі негізгі өкілдіктері Лейпциг, Берлин, Гамбург, Лондон, Нью-Йорк, Майндағы Франкфурт сияқты т.б. ірі қалаларда орналасқан. Ақмолаға Омбы мен Петропавл арқылы теміржолмен байланыс орнатылып, ірі қойма орындары да болған.
Ақмола қаласы бойынша сайлауға қатысуға тек жылжымайтын мүлкі бар адамдарға құқық берілген, 1907 жылғы Ақмола қаласы мен уезі бойынша қалалық съезге қатысқан сайлаушылар тізімінде Баймұхамбет Қосшығұловтың есімі кездеседі.
Қосшығұл әулетінің тек сауда-саттық саласына ғана емес, қаланың мәдени өмірін дамытуға қосқан үлесі де орасан зор. Қазақ және татар жастарының білім алуы үшін училище үлгісіндегі мұсылман мектебі 1907 жылы көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың қаражатына тастан тұрғызылды. Бұл ғимарат әлі күнге дейін Абай даңғылы мен Мәмбетов көшесінің қиылысында тұр, бірақ 1997–1998 жылдардағы құрылыс жөндеу жұмыстары кезінде қасбеті қатты өзгеріске ұшырады.
1910 жылы Церковная және Училищная (қазіргі Абай даңғылы мен Отырар көшесі) көшелерінің арасынан Құсайын Бегішев, Нұрмұхамет Забиров және Қосшығұловтардың қаражатына екі училище салынды.
Тарихи дерекке сүйенсек, 1914 жылы 19 ақпанда өткен Ақмола қалалық думасының кезекті отырысында Дума мүшелері жабық түрде көпшілік дауыспен Құрманғали Баймұхамбетұлы Қосшығұловты Ақмола қалалық ІІІ ерлер училищесінің құрметті қамқоршысы атағына сайланғаны туралы шешімді Ақмола және Семей облыстары Халық училищелерінің директоры бекіткен.
Ол уақытта көбіне училищенің құрметті қамқоршысы көпестерден таңдалған, олар оқу орнына материалдық жағынан қамқорлық көрсете отырып, оқу-тәрбие ісін бақылап отырған.
Ақмола қалалық думасына төрт жылдық мерзімге (1915–1919 жылдары) сайланған мүшелері арасында көпес Құрманғали Баймұхамбетұлы да бар еді. Қалалық думаның сайлауына қойылатын талаптар өте жоғары болғандықтан, оның мүшелері қаланың ең бай, ауқатты адамдарынан таңдалып алынатын болған.
1917 жылы қазан төңкерісінен кейін Ақмола уездік жұмысшы, солдаттар мен мұсылмандардың депутаттар кеңесі құрылады. Дума басқармасы таратылады. Азамат соғысы басталып, қаланы контрреволюционерлер басып алғанда қалалық дума басқармасы қайта қалпына келтіріледі. Сөйтіп, Ақмолада думаға соңғы сайлау 1919 жылы 24 сәуірде өткізіледі. Думаның 11-шақырылымына 1923 жылға дейін төртжылдық мерзімге сайланған құрамда белгілі көпестер С.А.Кубрин, А.М.Никитин, С.М. Козулин, С.У. Халфиндермен бірге Қ.Б. Қосшығұлов та болды.
Қосшығұл әулеті 1912 жылдан бастап Ақмола қаласында құрылған татар театрына қаржылай қолдау көрсетіп отырған, 1916 жылы Ақмола халық театрының топтық фотосуретінде театр қолдаушысы Құрманғали Қосшығұлов пен балалары Хасан мен Сәлімнің бейнесі сақталған. Ел архивінде осыларды растайтын деректер мен фотоқұжаттар бар.
ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ахуал, дәстүрлі шаруашылықтың түбегейлі өзгеруі Қосшығұл әулетіне де теріс әсерін тигізді. Қосшығұловтардың автокөлік зауытын салу, теміржол құрылысын дамыту сияқты жоспарлары іске аспай қалды. Большевиктердің билікке келуімен бірге бай, көпестердің мүлкін мемлекет меншігіне өткізу, кәсіпорындарын тәркілеу, егістік, мал жайылымдарын алу 1918–1920 жылдары-ақ басталып кеткен еді. Қосшығұловтармен қатар Халфин, Кубрин, Казанцев, Моисеев, Силин сияқты т.б. Ақмола қаласының бай-көпестерінің үй-жайлары түгелдей кеңестік мекемелерге берілді. Сөйтіп, олардың дүние-мүлкі ашық түрде талан-таражға салынды. Бірсыпыра көпестер мен байлар қудаланып, түрлі саяси науқандар салдарынан РСФСР Қылмыстық кодексі бойынша абақтыға жабылды.
С.Сейфуллин 1926 жылы «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «... Ақмола қаласының үркердей байларына көбіне көп, азына аздап, үш миллион сом контрибуция (салық) салдық. Ол кезде үш миллион сом көп ақша. Байлар ақшаны бұйрық бойынша тез әкеліп, Совдептің ақша бөліміне тапсырды. Және байлардың тәуір үйлерін керекті мекемелерге алдық. Банктер, машина, бу диірмендер алдымен алынған.
Байларға контрибуцияны қаланың кішкенелігіне қарағанда Ақмола Совдепі көп салды. Біз ә дегенде бір миллион мөлшерлі байлығы бар кісінің байлығының қақ жартысын Совдепке алдық», деп жазады.
Қосшығұловтардың да кәсіпорны, сауда орындары мен ғимараттары, ақша қаржылары мен банк акциялары кеңес мемлекетінің қолына өтеді.
Мысалы, 1920 жылы кеңестік мекемелердің орналасқан орны Қосшығұловтардың Новая №27 мекенжайы бойынша үйі Әскери комиссариатқа, ал Церковная №37 үйі пима басатын зауытқа берілген.
1920 жылы 2 маусымда контрреволюция мен іріткіге қарсы күрес жөніндегі төтенше комиссиясы Нұркей Қосшығұловтың №105 ісін қарады, кеңес өкіметін құлатуға қатысқаны, түрлі сипаттағы заттарды жасырғаны үшін жауапқа тартылады. Сотқа дейін алдын алу шарасы бойынша түрмеге отырғызуға қаулы қабылданады. Бұл іс Омбыға жіберіледі.
Ақмола уездік атқару комитеті президиумының 1921 жылғы 25 қаңтардағы отырысында қаралған мәселелердің бірінде 9-рота бөлімшесі бастығының Ақмола коммуналдық бөліміне Уәли Қосшығұловтың үйіндегі 2 трюмоның біреуін және сағатты рота бөлімінің басқармасына пайдалануға беруді сұраған өтініші ескеріліп, Қосшығұловтар үйінен 1 трюмо мен сағат алынады.
Мал табындарын жаю әдістерін әзірлеу жөніндегі Ақмола қалалық комиссиясының 1921 жылғы 25 сәуірдегі отырысында қала тұрғындарының малын бағуға қазақтарды тарту, мал жоғалғанда кепілгерлікке ауқатты адамдарды тарту мәселелері қаралады. Уездік еңбек комитеті арқылы қала тұрғындары қалалық мал табындарын жаюға жұмылдырылады, қалалық табындарға кепілгер ретінде Мұхамедғали Қосшығұловты да енгізеді.
Ақмола округтік қаржы бөлімі тарапынан қаланың сауда және кәсіпорындарын тексеруі кезінде Құрманғали Қосшығұловтың кәмпит өндірісі 1927–1928 жылдары қолмен жасайтын майда жұмыс ретінде тіркелгенін, тек патент алымын ғана төлеп тұрғанын анықтап, 1928 жылы қыркүйек айында қайта тексеру жұмыстарын жүргізеді. Кәмпит өндірісінде жалдамалы 7 жұмысшы еңбек еткен кәсіпорынға тиісті салық салынады. Сөйтіп, 1929 жылы қомақты салық төлеп, қуғындалған Құрманғали Ақмоладан жылыстап, отбасымен бірге Жаңаарқадағы әкесінің туған жеріне оралады, 1940 жылдары Қарағанды, одан кейін Жамбыл, Шымкентті паналап, ең ақыры Қырғызстан асуға мәжбүр болады.
1930 жылы 23 желтоқсанда «Новая степь» газетінде Ақмола қаласы бойынша қалалық сайлау комиссиясының қаулысымен дауыс беру құқығынан айырылғандардың тізімі жарияланады. Онда: «Қосшығұлов Құрмангали, саудагер, Огла, Хасан, Мағира, Ярмухаммед отбасы мүшелері, Қосшығұлова Аглия жалшы ұстайды, Хасен, Мағира отбасы мүшелері, Мұхан саудагер, Сара, Камиджан, Рауза отбасы мүшелері», деп көрсетілген. Сөйтеді де газетте адамдардың аты-жөнінде кеткен қателер болса тиісті арызды Ақмола қалалық кеңесіне жазу қажеттігін ескертеді.
Тағы бір тарихи құжаттан мәлім болғандай, 1934 жылы 17 ақпанда Ақмола аудандық атқару комитеті президиумының отырысында азамат Ғани Қосшығұловтың дауыс беру құқығын қайтару жөніндегі өтініші қаралып, сайлау құқығынан айырылған бұрынғы саудагердің баласы ретінде өтініші кері қайтарылады.
Архив құжаттарының ішінен 1937 жылғы 2 шілдеде Қосшығұлов Қадыр Уәлиұлын Омбы теміржолының Ақмола бөлімшесіне жұмысқа қабылдау үшін Ақмола қалалық кеңесіне жазылған сұрау хат та табылды. Бұл хатқа берілген жауапта Қадыр Уәлиұлы 1913 жылдан бері Ақмола қаласында тұратыны көрсетілген. Бұдан әрі: «Оның әкесі Уәли 1922 жылы қайтыс болды. Оған тиесілі Пушкин көшесі, 60 мекенжайындағы екі қабатты кірпіш үй 71086 сом тұрады, 1922 жылы тартып алынған, 1925 жылы 11 мамырда мемлекет меншігіне қайтарымсыз берілгені туралы құжат бекітілді», делінген.
Қосшығұловтардың шөбересі Людмила Ғаниқызы Сурхай-Қосшығұлованың айтуынша, Құрманғали 1954 жылы Қырғызстанның қазіргі Жалалабад облысы Алай ауданында дүниеден өтеді. Мұхамедқали Шымкент жақты паналайды, Уәли 1922 жылы, Нұрмұхамбет 1932 жылы аштықта, Мұхамедқадыр 1920 жылы қайтыс болған, Бекмұхамбет 1928–1946 жылдары Колыма лагерінде отырып келген, 1981 жылы өмірден өтеді, Райхан Баймұхамбетқызы Шымкентте 1970 жылы қайтыс болған.
Ақмола қаласының сәулеттік келбетін, қоғамдық-мәдени өмірін өзгертуге, білім деңгейін арттыруға үлес қосқан ірі көпестердің бірі Баймұхамет Қосшығұлов пен балаларының тағдыр тауқыметі туралы архив деректері қысқаша осылай дейді.
Ғазиза ИСАХАН,
Астана қаласы мемлекеттік архиві ғылыми зерттеу қызметінің басшысы