Мемлекеттік Орталық музейде «Қазақстан. Қытай. Ресей. Қуат палитрасы» деп аталған халықаралық фотокөрме ашылды. Ауқымды жоба көрші мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, стратегиялық байланыстарды өрістетуге бағытталып отыр.
Көрмеге үш мемлекеттің табиғи ерекшеліктері мен мәдени байлығын көрсететін 600 сурет қойылған. Қас-қағым сәтті мәңгілік тарихқа айналдырған кәсіби фотошеберлер әр елдің жарқын жетістіктерін, айтулы табыстарын өз жұмыстары арқылы көрсетуге күш салған.
Мәдени шара қонақтарының қатарында көршілес елдердің танымал суретшілері мен өнертанушылары бой көрсетті. Олардың арасында Кәсіби фотографтар лигасының президенті Ксения Лебедь, «Цифрлық фотосуретшілер мен фотографтар» одағы қоғамдық қорының президенті Дарье Дунич те бар. Ресей Федерациясының Алматы қаласындағы консулы Наталья Сорокина көрерменді көрменің ашылуымен құттықтап: «Фотоөнер саласындағы мәдени кәсіби қауымдастықтар арасындағы өзара ынтымақтастық пен байланысты күшейту, сондай-ақ келушілерді үш елдің мәдениетімен, дәстүрімен, қазіргі дамуымен таныстыру – фотокөрменің басты мақсаты. Біз бұл көрме мәдени байланыстарды нығайтудағы және елдер арасындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндік жасаудағы маңызды қадам болатынына сенімдіміз», деп атап өтті.
Көршілес елдерді мәдени ынтымақтастыққа ұйыстырған өнер жәрмеңкесін Мемлекеттік Орталық музейі, Қытайдың ғылыми-танымдық фильмдер мен телебағдарламалар қауымдастығы, «Фото және видеотүсірілім» журналы, Ресейдің кәсіби фотографтар лигасы бірлесе ұйымдастырған. Көрме фотоөнер мен видеотүсірілімнің заманауи жетістіктері туралы сыр шертіп, сала мамандарын кәсіби дамуға шақырады. Себебі Орта Азия елдерінде кәсіби фотошеберлерді біріктіретін ортақ алаң көп емес.
«Фотографтар мен цифрлық фотосуретшілер одағы» ҚБ президенті Дарья Дунич: «Біз әріптестерімізге Еуропалық дипломдар мен біліктілік алуға көмектесеміз, көрмелер, дәрістер ұйымдастырамыз, сауда көрмелеріне қатысамыз. Лиганың басты міндеті – жоғары сапалы суреттерді насихаттау. Бірлестік өнерге және жалпы фото мәдениеттің дамуына ұқсас көзқарастары бар кәсіби фотографтар мен фотоәуесқойлар мүддесін білдіреді» деп мәлімдеді.
«Ел мен елді, ұлт пен ұлтты бір-біріне жақындастыра түсетін қуатты күш – мәдени байланыстар. Мемлекеттік орталық музей еліміздің жетекші мәдени-білім беру орталығы ретінде тарихи мұраны, мәдени және білім беру бастамаларын дамытуды көздейді. Фотомәдениет тақырыбында кездесулер ұйымдастыру және конференциялар өткізу, фотографиялық мұраны сақтау арқылы елімізде және сол сияқты шетелде Қазақстанның оң имиджін қалыптастыру маңызды міндет. Шетелдік әріптестермен бірлесе отырып, мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асыра береміз», дейді Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова.
АЛМАТЫ