• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 05 Қараша, 2024

Жангелді БИМОЛДИН, Астана қаласы мемлекеттік архивінің директоры: Мұрағаты түгел ел мұратына жетеді

369 рет
көрсетілді

– Жангелді Бержанұлы, бір ғұлама: «Өткен тарихты білмеген адам нәресте күйінде қалады» деген екен. «Архивсіз тарих жоқ, тарихсыз халық жоқ» деген қағида тағы бар. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

– Өзінің туып-өскен жерінің тарихын жете тани білген адам елінің, жерінің қадір-қасиетін де бойына сіңіріп өсетіні сөзсіз. Өзім Ақмола облысының тумасы болғандықтан, қасиетті туған жерге деген перзенттік сүйіспеншіліктің белгісі ретінде «Қарақойын болысына қатысты кейбір архив деректері», «Қашырлы сыр-сандығы», «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қазақ­стан­дықтардың ерлігі – архив құжат­тарында» сияқты елеулі еңбектерді, «Шаһар шежіресі» альбомын оқырман назарына ұсынған жайымыз бар. Сонымен қатар архив жанынан 2021 жылдан бастап «Архив хабаршысы» ғылыми-көпшілік, ақпараттық-әдістемелік журналы шығып келеді. Алайда туған өлке тарихының түпкі түйткілдерін түгел тарқату қазақ тарихымен тұтасқанда ғана ұлттың жасампаздық рухы екі есе асқақтайтынын ескерсек, өңір тарихы туралы еңбектерді жалпы қазақ халқының тағдырымен сабақтастыра жүргізгенде ғана ісіміз нәтижелі болады. Әу баста осы салаға біржола ден қоюым­ның себебі де содан.

– Қарақойын-Қашырлы атауы еліміздегі тарихи көне мекендер қатарында көп ұшыраса бермейді. Жинақта  бұл өңір туралы кейінгі ұрпақ біле жүруі тиіс қандай деректер бар?

– Жинақ ХХ ғасыр басында Ақмола облысы, Атбасар уезінің құрамында болған Қарақойын болысының 20-жылдардағы тарихын архив құжаттары негізінде баяндайды. Бұл – Астана қаласы мемлекеттік архивінде сақтаулы №241, 244, 250-қор­ларды зерттеу нәтижесінде Қара­қойын тарихына қатысты тұңғыш рет жарық көрген толық­қанды еңбек. Қарақойын деп отырғанымыз – Сарыарқа дала­сының берекелі, шүйгінді бір бөлігі, ал Қашырлы – жан-жағын қалқалап, осы өңірді бауырына құшып жатқан тау. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев егжей-тегжейлі өте жақсы жазды. «Жинаққа енген құжаттардың ХХ ғасыр басын­дағы, соның ішінде Ақмола, Атбасар өңірлері тарихын зерттеуге ден қойған тарихшылар үшін маңызы зор. Біздің тарихнамада, өкінішке қарай, бұл ке­зең толыққанды зерттелген жоқ. Бұл дәуірді белгілі бір дәрежеде Алаш кезеңі деуге болады. Себебі 1917 жылдың соңында құрылған Алашорда үкіметі және оның экономикалық, саяси бастамалары дәл осы кезеңде жұмыс істеп тұрды. Көпшілігі араб әрпімен төтеше жазылған құжаттар ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін Атбасар уезі құрамында болған Қарақойын болысының аласа­пыран замандағы тарихына ар­налған. Кейбір құжаттардың ара­сынан маңызды деректер көріп қаламыз. Мысалы, Кенесары заманында қазаққа белгілі болған атақты Аққошқар-Сайдалы ұр­пақтарының бірі Сайдалыұлы Нұрхамиттың тәркіленуі» дей келіп, бұл жинақты тарихшыларға нақты мәлімет беретін дерек көзі деп бағалады.

– Архивтің қазіргі тыныс-тіршілігі туралы айтып бе­ріңізші.

– Мұндағы жұмыс үш ба­ғыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден, қор ұдайы тың дерек, жаңа құжаттармен толық­тырылып отырады. Екіншіден,  құжаттарды заманауи талапқа сай дұрыс сақтай білудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді десек, үшіншіден, тарихи мұраны пайдалану аясының жыл сайын кеңейе түсуі көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Мұнда негізінен Астана қаласы аумағындағы барлық мекемелердің құжаттары сақталады. Жылына орта есеппен Қазақстан азаматтарының ғана емес, алыс және жақын шетелдерден шамамен 8 000-8 500 әлеуметтік-құқықтық, тақы­рыптық сауалдар келіп түседі. Басқалардан біздің архивтің тағы бір ерекшелігі, қала бұрын­нан тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан жан-жақ­тан жұмыс істеуге келген адам­дар көп болған. Олардың бі­разы кейін көшіп кетті. Сол се­бепті Франция, Германия, Ресей, Беларусь, Израиль сияқты т.б. шет мемлекеттерден құжат іздеп, сұраныс жасаушылар аз емес. Кей жағдайда қаланың та­рихына қатысты құжаттар­ды іссапарларға шығу, көрші­лес елдердің қала­сындағы архивтермен меморандум жасау арқылы алып жатамыз. Өйт­кені Ақмоланың орталығы 1830 жылға дейін Омбы қаласы болатын. Сол кезеңге дейінгі Ақмоланың тарихына қатысты құжаттардың барлығы әлі күнге дейін Омбы қаласы мұрағатында сақтаулы. Ресейдің заңы бойынша құжат түпнұсқасы басқа елге берілмейтіндіктен, тек электронды  көшірмесін ғана аламыз. Бірақ бізде оны арнайы растайтын мөрі бар, яғни көшірме түпнұсқа есебінде саналады.

– Еліміз тәуелсіздік алған жыл­дардан бері шетелдерден қан­ша тарихи құжаттың көшір­месі жеткізілді?

– Бізде қазір сырттан келген тарихи құжаттарға арналған арнайы қор бар. «Мәдени мұра» бағдарламасына орай мемле­кеттік архив қызметкерлері шығар­машылық іссапарлар барысында шетел архивтерінен Ақмола мен осы өңірдің тарихына, жалпы ел тарихына қатысты 500-ден астам құжаттың көшірмесін жеткізіпті. Бұл құжаттардың басым көпшілігі Омбы, Орынбор, Түмен мұрағаттарынан табылған. Архившілер 2003-2007, 2010 және 2013 жылдар аралығында 181 құжат­тың көшірмесін (1755-1920 жыл­дар аралығын қамтитын) әкел­ген. Бұлардың ішінде мысалы, Ақмолаға 1870 жылы жұмса­латын қаржы кестесі, азық-түлік мәселесіне байланысты Абы­лай сұлтанның генерал-майор фон Фрауендорфқа жазған хаты, Әбілқайыр ханды марапаттау туралы Орынбор губернаторы И.Неплюевке жолданған Сенаттың жарлығы, Әбілқайыр хан мен Бопай ханымның губернатор К.Тевкелевке жазған хаты, Нұралы сұлтанды Кіші орданың ханы сайлауы туралы, Абылай ханның ант қабылдау туралы хаты, Абылай ханның өлімі мен Уәли сұлтанның Орта жүзге хан сайлануы туралы, Кенесары Қасымов бастаған көтерілісшілердің іс-әре­кетін бақылау ісі, Ақмо­ла, Орал, Торғай, Семей облыстарының құрылуы туралы Ішкі істер ми­нистрлігінің таныстырылымы, Ақмола облысының маршруттық кестесі, осы өңірдің шекаралары көрсетілген карталардың үзін­ділері сияқты, т.б. көптеген тарихи құжаттар бар. Ал Татарстанның Ұлттық және Орталық мемлекет­тік тарихи-саяси құжаттама мұрағат­тарынан Жәңгір ханның университет кітапханасына үш кітапты сыйға тартуы туралы профессор Эрдманның пікірі, Ыбырай Алтынсариннің Н.Ильминский­ге жазған хаты, 1914 жылы Санкт-Петербургте өткен мұсылмандар съезі, орыс әліпбиін шет тілде­ріне қолдану туралы есептер,  сон­дай-ақ  Ресей Қорғаныс ми­нистрлігі орталық архиві мен Беларусь Ұлттық архивінен Екін­­ші дүниежүзілік соғысқа қатыс­ты тың мағлұматтар, Талғат Би­гелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Рахымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов сияқты белгілі тұлғалардың жеке құжаттары, партизандар қозғалысына қатысу­шы қазақстандықтар туралы деректер жеткізілген.

– Елорда архивіндегі қай құжатты ерекше құнды деп есептеуге болады?

– Мұрағаттағы кез келген құжат құнды саналады. Алайда со­лардың ішінен көп назарын аудар­татын екі-үш құжатты ай­рық­ша атап өткім келеді. Соның бірі – Есіл өзені туралы дерек. Батыс Сібір әскери округінің инженерлік басқарма бастығы, полковник Фишер 1877 жылы 8 қыр­күйекте әскери қолбасшыға жолдаған хаты негізінде генерал адьютант Казнаковтың өзен суының тасуынан төнетін қауіпті жағдайдан қорғау шараларын қабылдауға бұйрық бергені туралы деректер сақталған. Екіншісі – 1832 жылдың  22 тамызында өткен жиында Қоңырқұлжа Құдаймендиннің Ақмола округі­нің аға сұлтаны болып сайлануы туралы құжат. Бұл тұлға тура­лы әлі күнге дейін екіұдай пікір­лер кездеседі. Әйтсе де тарихи деректерге сүйенсек, оның Ақмола тарихынан алар орнын ешкім жоққа шығара алмайды. Аға сұлтан кезінде императордың қабылдауында болып «Сібір қырғыздары Ресей әскер қатарына шақырылмаған және алдағы уақытта шақырылмайды» деген хат­қа қол жеткізген еңбегін, халық­қа басқа да жеңілдіктер жаса­туға барынша тер төккенін, 1830 жылы дәл осы жерді қазақ даласының орталығы болуға географиялық жағынан ыңғайлы һәм тиімді екенін белгілеп берген көрегендігін кейінгі ұрпақ ешқашан естен шығармауға тиіс. Үшіншісі, С.Сейфуллиннің қолы қойылған тарихи құжаттар да аса құнды мұралар санатына жатады.

– Құнды құжаттар қайда және қалай сақталады?

– Құжаттар бір қалыпты температурада, арнайы жасалған сөрелер мен ұяшықтарда сақта­лады. Әсіресе, қағаз түріндегі мұралар, фотосуреттер ерекше күтімді қажет етеді. Ылғалдылық  режімі жоғары не төмен түсіп кетпеуі керек. Олай болмаған жағдайда бүлінеді. Мұнан бөлек құжаттарды қою мен ретімен орналастырудың өзіндік тәртібі қалыптасқан. Қазір құжаттар бұрынғыдай ашық-шашық күйінде жатпайды, орынды көп алмайтын заманауи жылжымалы сөрелерге қойылады. Қорды сақтауға қолайлы мұндай заманауи үлгілер материалдардың оң­тайлы орналасуына және пайдалану кезінде барынша ыңғайлы болуына мүмкіндік береді. Бұл ретте қала әкімшілігі тарапынан көп қолдау көрсеті­ліп жатыр. Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйектегі ха­лық­қа Жолдауында: «Қазақстан цифр­ландыру саласында қол жет­кізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. Қазақстан жасанды интелектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуы тиіс» деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында архивте құжаттарды сандық фор­мат­қа көшіру ісі қарқынды жүр­гізілу­де. Бүгінге дейін 298 047 парақ­тан тұратын 2 204 сақтау бірлігі цифр­ландырылды, 654 сақтау бірлігі индекстеліп, «ААЖ  МАА» авто­мат­тандырылған ақпарат­тық жүйесіне жүктелді, ал 73 сақ­тау бірлігі RFID белгілерімен көрсетілді. Мұндағы мақсат жұрт­шылыққа құжаттарды қол­жетімді ету болатын. Қор­дағы мұраларды біртіндеп сан­дық форматқа көшіру сол мақ­саттың орындалуына көп сеп­тігін тигізуде. Бұл істі жеделдету мақсатында заманауи техникалар да алынды.

– Ғалымдар тарапынан тарихи құжаттарға сұраныс көп пе?

– Мемлекет тарихы  инсти­туты, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институ­ты, Астана қаласындағы Ұлт­тық­ мұ­рағат, басқа да зерт­теу ор­талықтары мамандары, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің тарихшы­лары бізге жиі бас сұғады. Өйт­кені ел астанасының тарихына қатысты дәйекті, айғақты құ­жаттардың дені тек біздің қорда ғана сақтаулы. Жыл са­йын ғылы­ми еңбектерден кемінде бір жинақ шығаруға мүдделіміз. Сол кітапта ғалымдардың архив дереккөздеріне сүйенген зерт­теулері көрсетіледі, яғни мұра­ғат қорындағы құжаттарға тіл бітіруде ғалымдармен мақсат-мүддеміз ортақ деуге толық негіз бар. Болашақ жас ғалымдарды даярлау мақсатында мектеп, колледж, университеттермен де бірлесе жұмыс істейміз.

– Алда тағы қандай тың жобалар әзірленіп жатыр?

– Келесі жылы Екінші дүние­жүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Соған байланыс­ты ақпараттық база құрып, майданда із-түзсіз жоғалғандардың, қаза тапқан жауынгерлер мен көзі тірі ардагерлердің толық тізімін іздестіру жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Мұның ерек­шелігі, бұл тек осы өңірге қатысты ғана құжаттар болады. Қазірдің өзінде көршілес Ресейдің  архивтерімен келісімшарт жасалып, жеке қорлармен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі туып отыр. Мұның бір пайдасы, майдангер ата-бабаңыз туралы мәліметті үйде отырып-ақ сайттан іздеп таба аласыз. Тағы бір тың бағыт – көп қолданыста болғандықтан сарғайып, көмескі тарта бастаған, сапасы төмен құжаттарды қай­та қалпына келтіруге көңіл бө­лін­еді. Олардың электронды нұс­қасын әзірлеп, қағаздағы құжаттар арнайы жабдықталған сақтау жәшіктеріне көшіріледі. Цифрлық жүйе арқылы базаға енгі­зілген тарихи мұралар элек­тронды түрде сақталады. Мұ­нан былай көне мұралар бұрын­ғы­дай қолдан-қолға өтіп, за­қым­далмайды. Өйткені түпнұсқа­ны көз қарашығындай сақтау архив үшін ең маңызды жұмыс саналады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»