1864 жылы Торғайда ашылған тұңғыш мектепте Ыбырай Алтынсариннен алғаш білім алған 13 шәкірттің бірі – Нұрмағанбет Төкеұлы еді. Нұрмағанбеттің әкесі Төке би – осы мектептің құрылысына демеушілік жасаған адам.
Таяуда Төке бидің туысы, алаштың ардақты ақыны Ғафу Қайырбековтің ұлы, белгілі қаламгер әрі кино режиссері Бақыт Ғафу мен ақынның інісі Ермек Сәрсенбаев атадан балаға мирас игі дәстүрді жалғастырып, Жанкелдин аудандық кітапханасына өз қаржыларына сатып алған 3 мыңнан астам кітапты сыйға тартты.
«Халқымызда ежелден «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген мақал бар. Демек, кітап бұлақ болса, кітапхана – сол бұлақтың елге ырыс пен құт береке әкелетін дариясы болмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Ұлттық құрылтайда: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек» деп айрықша атап көрсетті. Ендеше, Мемлекет басшысы белгілеген осы міндетті жүзеге асыруға атсалысу – баршаға ортақ міндет. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы да «Білімнің басты құралы – кітап. Қазақ арасына білім жайылуына, әуелі, оқу үйренетін орындар сайлы болуы керек. Екіншіден, білім тарататын кітаптар жақсы боларға керек» деген еді. Бұл – біздің осы қағидаттарды жүзеге асыруға қосқан үлесіміз. Осымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта да шалғай ауылдардағы кітапханаларға кітап сыйлауды көздеп отырмыз», дейді Бақыт Ғафу.
Демеушілер сыйға тартқан кітаптардың басым бөлігі «100 кітап» бағдарламасымен жарық көрген. Кітаптардың ішінде қазақ әдебиетінің озық туындылары да баршылық.
Қостанай облысы