Ғалымдар 25-75 жас аралығындағы қартаю үдерісін зерттей отырып, адам үшін ең қауіпті екі жасты анықтады.
Зерттеуге 108 ерікті қатысып, 1-7 жыл бойы тұрақты түрде денсаулығын тексертіп отырған. Ғалымдар қатысушылардың организміндегі 135 000-нан астам түрлі молекулаларға талдау жасап шыққан. Нәтижесінде, 44 пен 60 жастағы кезеңдерде айтарлықтай өзгерістер байқалған. Дәл осы кезеңдерде тірек-қимыл аппараты мен жүрек-қан тамырлары жүйесінде ауру-сырқау көбейеді екен. 40 жаста жүрек сыр берсе, 60-тан кейін иммунитет төмендейді.
Марстан су табылды
Калифорния университетінің Сан Диего бөлімінің зерттеушілері Марс планетасында көп мөлшерде су қоры бар екенін анықтады.
Су қоры 11,5–20 км тереңдікте орналасқан. Зерттеулер көрсеткендей, миллиардтаған жыл бұрын Марс бетінде өзен-көлдер болған. Бірақ ғаламдық апаттан кейін су терең қабаттарға сіңіп кеткен. Талдау нәтижесінде судың бір бөлігі жоғалмай терең қабаттарға өткендігі анықталды. Суды жер астынан өндіру қиын болса да, бұл Марста өмір сүруге болады деген тұжырымды қуаттай түсетін жаңалық.
Жоғалған қала
Майя тайпасы мекен еткен жоғалған қала табылды.
Ғалымдар ЛиДар технологиясының көмегімен Мексиканың оңтүстік-шығысындағы Кампече аймағындағы жоғалған қаланы тапты. Онда 6600-ден астам құрылыс орны бар болып шықты. Ғалымдардың айтуынша, қалашық Майя тайпасына тиесілі. Құрылыс нысандарының арасында пирамидалар, тұрғын үйлер бар. Бұл сол кездің өзінде қала мәдениетінің қалыптасқанын көрсетеді. Жобаны зерттеуге Тулейн университеті, Мексиканың Ұлттық антропология институты мен Хьюстон университетінің зерттеушілерінен құралған топ жұмылдырылған. Олар жердің бетін сканерлеп, астында жасырылған нысандарды егжей-тегжейлі 3D-карта түрінде көрсете алатын ЛиДар технологиясын қолданып нәтижеге жеткен.