• RUB:
    5.01
  • USD:
    492.14
  • EUR:
    528.85
Басты сайтқа өту
Руханият Бүгін, 08:48

Рухани құлдыраудың ащы шындығы

66 рет
көрсетілді

Қазір әлемдегі аз халықтардың рухани құлдырауға ұшырауы хақында зерттеулер жүріп жатыр. Бұл – бүгінгі жаһандану дәуірінде көптеген халық үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Ат төбеліндей аз ұлыстар өздерінің бай мәдениетін, тілін, дінін және ұлттық болмысын жоғалту қаупімен бетпе-бет келді. Бағзы замандардан бері өмір сүріп келе жатқан үндіс пен мәдени ассимиляция барысын басынан өткізген Солтүстік Америкадағы көптеген осы тектес тайпалар тағдыры бәрімізге белгілі. Саны күн сайын азайған кейбір тайпаларда өз тілдерінде сөйлейтін адамдардың шоғыры да сиреп, ең соңында ұмыт болып қала берді.

Бұл жағдай Ресейдегі бұратана халық­тар мен орыстандыру саясаты кезінде де, кейінгі кеңес одағы дәуірінде де қай­таланды. Көптеген ұсақ ұлттар өз­де­рі­нің ұлт­тық ерекшеліктерінен айы­рыл­ды. Бұған мысал чуваштар, коми­лер, якуттардың тағдыры. Ақселеу Сейдім­бек­тің «Ресейде бір миллион қазақ бар, соңғы бір ғасыр­да олар бір ауыз өлең шығарған жоқ, бір сырмақ сырған емес, яғни рухани бе­деулікке ұшырап отыр» дегені бар еді. Мұның салдары, соңғы нәтижесі түсінікті.

Аустралиялық аборигендер де отар­шыл­­дық саясаттың салдарынан өз мәде­ние­ті­нен көз жазып қалды. Мұндағы бас­­­ты мәселе олардың дәстүрлі салты­ның­ бұ­зылуы, тіл мен діннің ауыс­қа­ны­нан. Қа­зір ондағы аборигендік тіл­дер то­­бы жойылып кетті немесе тілді қол­дану­шыларынан айырылып қалды.­ Осы жағ­дай­лардан тү­сінеріміз, мұн­дай­ құ­былыс бір ұлттың тек рухани тұр­ғы­дан ғана емес, әлеуметтік және саяси тұр­ғыдан да көп­теген қиындыққа тап болатынын дә­лелдей алды.

Ақселеу Сейдімбектің жо­ғарыдағы сөзіне қайта оралсақ, мұнда терең мағына жатқаны шындық. «Соңғы ғасырда олар бір ауыз өлең шығарған жоқ» дейді. Гәп, міне, осында. Яғни бір ха­лықтың өз қағынан жерінуінің тамыры да осы. Өлең шығармаудан әдебиетсіз қоғам қалыптасады, ал сол қоғамда өмір сүрген ұрпақтың бағыты да түсінікті.

Әдебиетсіз қоғам көп нәрсені жо­ғалтады. Яғни рухани бедеулікке тап келу деген сөз. Ол жоғалтулардың ішінде тіл мен дін, сана мен ой, тек пен негіз, тарих пен мәдениет, бостандық пен аза­мат­тық ұстаным деген қасиеттер бар. Мейлі қай тұрғыдан ойласаңыз да, менің түсі­ні­гім­ше, Шекспир, Гомер, Данте, әл-Фа­раби, Абайларды білімге құштар қоғам өмір­ге әкелді және өз деңгейіне көтере ал­ды. Ежелде жазба әдебиеті бол­­маса да, фольк­лор мәдениеті жақсы да­мы­ған халық­тар көп. Соның бірі – біз. Ал төл әдебие­тіміз бен мәдениетіміздің ұлан-ғайыр даламызға шөл басар сусын бол­ға­нының да өзіндік себебі бар, жаңағы «бір ауыз өлең шығару» міндетін ол тұста аузы дуалы, сөзі жүйелі жыраулар мен ел бастаған тұлғалар түсіне алды. Артынан самсаған қол ерткен батырларымыз өмірдің өзін өлеңмен өрнектесе, үйдегі жары сырмақ сырып, сары қымыз сапыра білді. Түсіне білгенге, осының бәрі рухани жетістік.

Ал жаңа ғасырда, жаһандану кезе­ңінде өз мәдениетіміз бен тілімізді, салт-дәстүрімізді қалай сақтап қаламыз деген сұрақтың бар екеніне көз жұм­бай­мыз. Ресей империясының, одан кейін кеңестік жүйенің салқыны тиген ұлт ре­тінде, қазіргі күні ана тілінің тағдырына алаңдаған халық ретінде бізге де серпіліс керек болып тұрғаны шындық. Киіз үйді мұражайдан тамашалап, ана тілімізді ауыл тілі деп «бағалайтын» ұрпақтың өсіп келе жатқаны да рас.

Жойылып бара жатқан тілдер туралы зерттеулер соңғы жылдары әлемдік ға­лымдардың назарын аударды. Қазіргі кезде әлемде шамамен 7 000 тіл бар, бірақ БҰҰ деректері бойынша олардың жартысына жуығы осы ғасырдың соңына қарай жойылып кетуі мүмкін. Америкалық лингвист Григорий Д.С.Андерсон 2005 жылы жойылып бара жатқан тілдер инс­титутын құрып, дүниежүзі бойынша зерттеу топтарын жасақтаған.

Олар «Living Tongues» жобасы аясында әлемнің әртүрлі аймақтарындағы сирек кездесетін және жойылу алдында тұрған тілдерді құжаттап үлгерді. Қазір­гі қоғам Андерсонның зерттеулері ар­қылы тілдердің жойылуы тек тілдік қана емес, мәдени, экологиялық және ғы­лыми ақпараттардың жоғалуына әкеле­тінін түсіндірді. Бұған мысал ретінде Сібір­дегі тыва халқын алуға болады. Тыва тілі жо­ғалудың алдында тұр, өйткені ол тілде сөй­­лейтіндер саны аз, жаңа буын бұл тілді игермей, орыстілді болып қалып­тас­қан.

Аустралияның жергілікті халықтары өз тілдерін сақтап қалу үшін арнайы бағ­дар­ламаларды, соның ішінде ана тілін­дегі оқу курстарын енгізді. Жойылып бара жатқан тілдер әлемдік мәдениет пен бі­лім­нің ажырамас бөлігі. Жоғалған әр­бір тілмен бірге ха­лық­тың тарихы, дүние­танымы және мәдени ерек­­шелік­тері де жойылады. Ға­лым­дар мен ха­лық­аралық ұйымдар осы тіл­­дерді құжат­тау, сақтап қалу және олар­­ды жас ұр­пақ­қа жеткізу жолдарын іздестіруде. Тех­­но­логияларды пайдалану, тілдерді оқы­­ту бағ­дарламалары мен мәдени мұра­ны қол­дау шаралары – жойылу қаупін­дегі­ тілдер­ді сақтап қалудың маңызды құралдары.

Зерттеулерге сүйенсек, Африка­ның орталық аймақтарында көптеген эт­нос­­­­тық топтардың тарихи жыр-дастандары ­жоқ. Көптеген тайпаларда тарих ауызекі түр­де сақталып, тайпа көсемдерінің ауыз­ша әңгімелері мен салт-жоралғылары арқы­лы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілген. Олар оқиғаларды жырлармен емес, би, музыка және драмалық қойылымдар арқылы баяндайды. Мысалы, пигмейлер немесе бушмендер сияқты халықтарда күрделі эпикалық жырлар немесе дәстүрлі жыр-дастандардан гөрі мифологиялық әңгі­мелер басым. Полинезия мен Микро­не­зиядағы кейбір халықтар өздерінің өтке­нін көбінесе ата-бабалар туралы аңыздар арқылы жеткізген, бірақ оларда Орталық Азия немесе Еуропа халықтарындағыдай құрылымды эпикалық жырлар жоқ. Бұл халықтар көбінесе ауызекі түрде және діни рәсімдер арқылы өткендерін еске алады. Осының бәрін рухани құлдырауға апарар жолдың бастауы дегіміз келе­ді.

Соңғы жаңалықтар