• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сараптама 07 Қараша, 2024

Әлем жастарының жұмыспен қамтылу деңгейі

146 рет
көрсетілді

Биыл Жастарды жұмыспен қамтудың жаһандық үрдіс­тері (Global Employment Trends for Youth 2024) есебінің жария­ланғанына 20 жыл толып отыр. Халықаралық еңбек ұйымы (International Labour Organization, ILO) жастардың лайықты жұмысқа орналасу амбицияларының қаншалықты тиімді іске асатыны туралы уақтылы ақпарат беруге бағытталып келеді. Осылайша, есеп әлемдегі жастардың еңбек нарығындағы орны мен оларға жұмыс орындарын құруды қолдауға бағытталған саяси іс-шаралар барысын зерттеуді мақсат тұтады.

Мерейтойлық басылым ре­тінде биылғы шығарылым XXI ғасырдың басынан бері қол жет­кізілген жетістіктерді, сондай-ақ дағдарыс пен белгісіздік дәуірінде жастарды жұмысқа орналастыруда алда қандай тәуекел күтіп тұрғанын талдайды.

Есеп деректеріне сүйенсек, Covid-19 пандемиясы басталғалы бергі төрт жылдан аса уақытта 15 пен 24 жас аралығындағы жастар үшін еңбек нарығының болаша­ғы айтарлықтай жақсарған. Тұ­рақ­ты экономикалық өсу қар­қы­ны мен жұмыс күшіне сұра­ныстың қалпына келуі дағда­рыстан кейінгі кезеңде еңбек нары­ғындағы жастардың мүм­кін­дігін кеңейтті. Былтыр әлем­дегі жастар арасындағы жұмыс­сыздық деңгейі 13 пайызды құрап, кейінгі 15 жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен. Бұл көрсет­кіш дүние жүзінде 65 млн азаматты құрап, әлем бойынша жұмыссыз жастардың жалпы саны XXI ғасырдың басынан бергі ең төменгі көрсеткішке жетті. Сонымен қатар былтыр жастардың жұмыспен қам­тылуының халық санына қаты­насы 35 пайыз деңгейінде қалпына келген. Оған себеп, пандемия кезінде жұмыс орнынан уақытша кеткен немесе жұмыссыз қалған жастардың көпшілігі еңбек орнына қайта оралған.

Зерттеуге сүйенсек, еңбек нарығындағы қалпына келу географиясы мен гендер деректері біркелкі болмаған. Былтыр жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі дағдарысқа дейінгі көр­сет­­кішке қайта оралса да су­б­­ай­мақтардың көпшілігінде тө­мендеген. Мысалы, Араб мем­лекеттеріндегі, Шығыс Азиядағы, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхиты аймағы елдерінің жас­тар арасында өткен жылы жұ­мыссыздық деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда жоғары болды. Араб мемлекеттерінде бұл Covid-19-ға дейінгі жұмыссыздық деңгейінің өсу беталысының жал­ғасы ретінде тіркелді. Бірақ Азия­ның екі субаймағы үшін атал­ған өсім дағдарысқа дейінгі жыл­дармен салыстырғанда эконо­микалық өсу қарқыны мен жас­тар үшін жұмыс орындарын құру тұрақты болғанын көрсетеді.

2010 жылдан бері дүние жү­зін­дегі қақтығыстың саны екі есеге көбейіп, бүгінгі таңда 57 млн жастың өміріне қауіп төніп тұр. Қазіргі әлем 20 жыл бұрынғы жағдайға қарағанда қақтығысқа толы екені мә­лім. Халықаралық еңбек ұйымы­ның бағалауы бойынша, 2002 жылдан бергі 20 жыл ішінде қақтығыстан зардап шеккен аудандарда күресіп жатқан жас­тардың үлесі 2,9%-дан 4,6%-ға дейін өскен. Мамандар есебі­не жүгінсек, қақтығыс аймақта­рын­да жұмысқа орналасу болаша­ғының болмауы жастарды көші-қонға немесе экстремизмге итермелеуі мүмкін.

Демографиялық үрдістер. Кейінгі 20 жылдағы өзгерістердің бірі – мемлекеттер мен аймақтар арасындағы демографиялық жағдайға қатысты поляризация күшейген. Жастарға лайықты жұмыс орындарын құру бағы­тындағы күрес Африкада мүл­дем басқа мағынаға ие болып отыр. Есеп деректеріне сүйен­сек, Африкадағы жұмыс орындарын құру мен оны жас афри­калықтарға лайықты орын­дарға айналдыру әлеуметтік әді­лет пен әлемдік экономика­ның бола­шағы үшін маңызды мәсе­леге айналғанын білдіреді.

Мамандардың қорытынды­сына сәйкес, жастар үшін лайықты жұмыс пен жарқын болашақтың түпкі мақсаттарына жету қиын болады. Бірақ алға жылжуға мүмкіндік бар. Жекелеген елдер мен халықаралық көпжақ­ты қоғамдастық жастарды жұ­мыспен қамту бойынша іс-қи­мылға шақырып отыр және XXI ғасырдың алғашқы екі онжыл­дығында бұл салада көп еңбек атқарылды. Есепте жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек нарығындағы өзгеріс­терді қолдау саясатының келесі негізгі бағыттары бойынша әл­деқайда көп шаруа атқару қажет деген ұсыныстар берілген:

– жұмыс орындарын құру­ды ынталандыруға және қаржы­лан­дыруға қолжетімділікті жақсар­туға бағытталған еңбекпен қамту және экономикалық саясатты жүргізу;

– мектептен жұмысқа орналасуды жеңілдету және еңбек дағдыларының сәйкес келмеуіне жол бермеу үшін білім беру мен оқытуды қолға алу;

– еңбек нарығындағы аз қам­тылған жастарды жұмыспен қам­туға бағытталған саясатты жалғастыру;

– кәсіпкерлік және өзін-өзі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпке әлеуетті жастарға көмек көрсету саясатын жүргізу;

– жастардың жалақы алуын қамтамасыз ету үшін халық­аралық еңбек стандарттарына негізделген еңбек құқықтары, тең қарым-қатынас орнатуға қатысты заңдық нормаларды жетілдіру.

Қорыта келгенде, Халық­аралық еңбек ұйымының Жас­тар­ды жұмыспен қамтудың жаһан­дық үрдістері есебі маман­дарға, зерттеуші ғалымдар мен тақырыпқа қызығушы оқырман қауымға статистикалық мәлімет­терімен, талдамалық зерттеу қорытындыларымен қосымша көмекші құрал бола алады.

 

Еркебұлан ҚУАНБАЙ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы