Ойы орамды, сөзі өтімді, ісі әркезде де тындырымды, жүріс-тұрысы ширақ, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын асыл азаматтың аяқ-астынан болған қазасы оның етжақындарының ғана емес, айналасында үйіріліп жүретін дүйім жұртты, өзі жетекшілік жасайтын республикалық одақ мүшелерінің қабырғасын қайыстырып кетті... Елдің аузында «Чернобыльдың зардабы ғой...» деген сөз қалды.
Халел Төреғалиев – Кеңес одағының қасіретіне айналған Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардабын жоюға қатысқан запастағы химик-офицердің бірі һәм бірегейі еді. Атом стансасы жарылған 1986 жылғы 26 сәуір күні Қазақстанда төтенше жағдайда жасақталған 27-химиялық қорғаныс полкінің құрамына шақырылған тұста жасы 33-те екен. Өзі коммунист, өзі запастағы аға лейтенант Халел Төреғалиев қатарластары секілді әскери комисариатта тілдей екі қағазға қол қойды: оның біріншісі – «Мен кеңес одағының патриот азаматы ретінде КОКП Орталық комитетінің, КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының, КСРО Министрлер кеңесінің өзіме міндеттеген тапсырмасын орындауға дайынмын...» болып келетін де, екіншісі – «Мен КСРО Қарулы күштерінің офицері ретінде мемлекеттік құпияны апатты жағдай түзелгенше құпия сақтауға ант етемін!» деген қағаз болатын. Өкінішке қарай, апат зардабы түзелмеді... Антына адал офицер әріптестері секілді радиациялық сырқатқа ұшырап, ІІІ топтағы мүгедекке айналды.
Апатты аймақтан оралған еті тірі азамат қол қусырып отыра алмады. «Көрінбейтін радиациялық майданнан» зардап шеккен жауынгерлердің басын қосып, «Чернобыль ардагерлері одағы» республикалық бірлестігін құрды. Білікті қаржыгер-маман ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі аппаратында қызмет етті. Одан көп жыл бойы Алматыдағы «Инсталком» металл құрылғылары компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бірақ, ол өзінің «чернобылдік» екенін әркез есте сақтады. Ионды сәулелерден өмірлік кесел тапқан өрімдей жастарға қатысты әлеуметтік мәселелерді мемлекеттік тұрғыдан шешуге аянбай атсалысты. Өмірінің соңына дейін Чернобыль АЭС-індегі апаттан зардап шеккендердің мүддесі үшін күресті. Одақ төрағасының ерекше белсенділік танытқан бір қыры – «Ардагерлер туралы» заңының (2020 жылғы 6 мамыр №322- VI ҚРЗ) 6-бабына бұрынғы КСРО заңына сәйкес әрі еш өзгеріссіз отандық чернобылдіктерді ҰОС ардагерлерінің қатарына теңестірудегі тиянақты іс-қимыл әрекеті болды.
– Халел Мұхитұлының біздің «таудағы госпиталь» атанып кеткен, тозығы жеткен, жарамсыз ғимаратымызды соғыс ардагерлері үшін қайта қалпына келтіру жолындағы атқарған күрескерлік қызметін еш ұмытпаймыз, – дейді Алматыдағы Соғыс ардагерлері мен мүгедектерін емдейтін республикалық-клиникалық госпитальдың бас директоры Гауһар Тазабекқызы Жұмасейітова. – Қазір министрлік бұл мәселеге айрықша назар аударып отыр. Әттең, қайраткер, қағілез, әрдайым белсенді аяулы ардагер ағамыздан кенеттен көз жазып қалғанымыз өкінішті...
Халел Төреғалиевтің әскердегі және бейбіт өмірдегі көрсеткен ерлігі мен қоғамдық белсенділігі «Ерлігі үшін» медалімен, І және ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен аталып өтті. Бұл құрмет оның зардап шеккен қарулас-майдандастарының мүдделері үшін аянбай төккен терінің өтеуі деп түйіндегеніміз ләзім.
–Біздің Халекең Белоруссияның Гомель қаласындағы Халықаралық радиациялық зардаптардан сауықтыру орталығымен тығыз байланыста болды, – дейді «Чернобыль ардагерлері одағының» белсенді мүшесі, ардагер-полковник Ғалымбек Тоқтаубаев. – Сырқат меңдеген талай жанның сол орталықта емделуіне дәнекерлік жасаған Халел Мұхитұлы «майдандастар» дегенде, күш-жігерін аямады, байырғы апат аймағындағы клиникаға емделушімен бірге сан рет сапарлап та барды...
Төраға Төреғалиевтің қазасына еліміздің барлық өңірінен – Оралдан, Ақтөбеден, Тараздан, Шымкенттен, Павлодар мен Семейден... Гомель мен Минскіден, Мәскеуден қаруластар ұйымынан көңіл айтулар жетті.
Халекеңнің қазасына орай, елдің аузында «Чернобыльдың зардабы ғой...» деген сөз қалды. Ол даусыз. 1986 жылы сүйекке сіңген «стронций-90» элементінің «оянған» сәтінде, жартылай ыдыраған сәтінде ағзадағы қан түйршіктерін қас пен көздің арасында «тас-талқан» етіп бұзатыны ақиқат.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
ардагер журналист
Алматы