• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Жоба 08 Қараша, 2024

Еларалық жобадан алар еншіміз бар

98 рет
көрсетілді

Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Үндістанды жалғайтын газ құбыры жобасын іске асыруға бірқатар ел мүдделі. Оның қатарында Қазақстан да бар. Жоба түрікмен отын-энергетика кешенінің қуатын арттырып қана қоймай, әлемдік нарықтарға энергия ресурсын тасымалдаудың жаңа жүйесін құруға бағытталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 1 821 шақырым. Газды өткізу қабілеті жылына 33 млрд текше метрді құрайды.

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкен­женов газ құбыры құ­ры­­лы­сына еліміздің де мүд­делі еке­нін айт­ты.

«Қазір бұл мәселе бойынша тү­рік­мен тарапымен келіссөз жүр­гізіп жатырмыз. Егер отандық компания осы жобаға сәтті кіріссе, бұл ынтымақ­тастықтың жаңа перспективаларын ашады», деді ол.

Қазір Түрікменстан­ қар­­жы­лан­дырған Ауғанстандағы Герат провинциясына дейінгі 150 ша­қы­рымдық учаскенің құрылысы басталған. Ауғанстан аумағындағы құбыр ұзындығы – 821 шақырым. Жобаның сметалық құны – 6–7 млрд доллар.

Ғасыр басынан бері іске асырылуын күтіп отырған жобаның құрылыс жұмысы бұған дейін саяси жағдайларға байланыс­ты кейінге шегеріле берген еді. 2018 жылдың ақпан айында «Түрікменстан – Ауған­­стан – Пәкістан – Үндістан» газ құбы­рының ауған жеріндегі құры­лысы бас­талды. Ең ірі Галкыныш газ кенішінен жеткізілетін құбырдың түрікмен-ауған шекарасына дейінгі 244 шақырымдық бөлігі тартылып, құрылыс алаңы Ауғанстанға ойысқан болатын.

«Төрт елдің аумағы арқылы өте­тін жоба маңызды рөлге ие. Бұл біз­дің өзара іс-қимылымызды жаңа деңгейге көтеру үшін маңызды қадам болатынына сенімдімін», дейді Пәкістан энергетика министрлігінің бас қаржы директоры Мұхаммад Әмір Хан.

Көрші Түрікменстанда 2013 жылдан бастап игеріле бастаған Гал­­кыныш ірі газ кенішін кейбір сарап­­шылар біздің елдің Қашаған кені­шімен салыстырады. 14 трлн текше метр газ қорына ие деп болжанған бұл алып кеніштен таби­ғи газ тасымалдайтын Түрік­менстан – Қытай құбыр желісі (Өзбекстан, Қазақстан арқылы өтеді) әуелден жұмыс істеп тұр. Енді Ауғанстан, Пәкістан, Үндістанға газ жеткізе алса, Түрікменстанның ұпайы түген­деле түседі.

Құбыр желісі аймақтағы энергия шикізаты тапшылығын азайтып, Оңтүстік Азиядағы шиеленісті бәсеңсітеді деген үміт бар. Дегенмен жоба «Иран – Пәкістан – Үндістан» газ құбырына бәсекелес құрылыс. Иран санкцияға ұшыраған жылдары одан бас тартуға мәжбүр бол­ғанымен, кейінгі кезде оны қол­ға алу жайы қайтадан айтыла бастаған. Ираннан Үндістанға тартылатын газ құбырының ұзын­дығы – 2 775 шақырым. Оның бас­тапқы құны 7 млрд доллар деп шамаланған.

«Жобаны жүзеге асыруға Түрік­менстан ғана емес, Орталық Азия­дағы тағы бір ел – Өзбекстан да мүдделі. 2018 жылы газ құбыры жоба­сына Ташкент те қосылатын болып келісілген. Құбыр желісі Ауған­станның Герат, Фарах, Нимруз, Гиль­менд, Қандағар уәлаяттары аума­ғынан өтеді. Әуелде жоба аясында тек газ құбыры ғана емес, коммуникация үшін оптикалық талшықты кәбіл желісі және жоғары кернеулі электр желісі қоса жүргізіледі деп жос­парланған. Жобадан ауған еліне 400–500 млн доллар жылдық кіріс түседі деп есептелген», дейді экономист Алпамыс Сегізбайұлы.