• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қараша, 2024

Қос дөңгелекті көліктер әлемде жылына 1,3 миллиондай адамның өмірін жалмайды

50 рет
көрсетілді

Өткен айда Мемлекет бас­шысы мо­пед ие­лерін жүр­­гізу­ші куәлігін алуға, кө­лік құрал­дарын тіркеуге мін­дет­тейтін заңға қол қой­ды. Бұл маңызды құ­жат жол қозғалысы қа­уіп­­­сіз­дігін арттыруды, мопед жүр­гізушілердің ке­сі­рінен болып жатқан қай­­ғылы оқи­­ға­­ларды азайтуды көз­дей­ді.

Алматы қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жол-көлік оқиғаларына қатысты келеңсіз оқиғалар мен нақты статистиканы алға тартып, мегаполис жолдарын барынша қауіпсіз ету мақ­­сатында қандай амалдар ат­қарылып жатқаны туралы баяндап берді. Сонымен бірге қала дәрі­герлері де мопедтер мен самокаттарды абайсыз басқарудың соңы қандай қайғылы оқиғаға ұрындырып жатқаны жөніндегі деректерді алға тартты.

Егер қазан айындағы деректерге сүйенетін болсақ, жыл басынан бері Алматыда 3 869 жол-көлік апаты тіркелсе, қос дөң­ге­лек­ті көліктердің кесірінен 4 211 адам зардап шеккен. Мұндай келеңсіздікке мегаполистегі көлік түрлерінің көптігі де әсер етіп отыр. Қазіргі таңда Алма­ты­да 650 889 автомобиль тіркел­ген, күн сайын мегаполиске өңір­лер­ден 550 мыңға дейін көлік кіреді.

Осының ішінде мопедтер мен электр скутерлері сияқты бала­малы көлік түрлерінің жаға­ласуы­мен орын алып жатқан жол-көлік оқиғалары (ЖКО) саны­ның көбеюі қалада көкейкесті сипат­қа ие екендігін айрықша айту қажет. Соңғы деректерге сәйкес, тек бір ғана Алматыда мо­пед­тердің қатысуымен 743 ЖКО орын алып, 757 адам зардап шегіп, 14 адам қаза тауыпты. Электр скутерлерінің қатысуымен 103 ЖКО тіркелсе, соның салдарынан 109 адам жарақат алған. Бір қуаныштысы, ешкім қаза тап­­паған. Ал мотоциклдердің қатыс­уымен 19 апат тіркеліп, 19 адам зардап шегіп, 2 адам қаза тапқан.

Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі С.Әзірбек қала көшелерінде мопед пен скутер мінгендерді бақы­лау­ды күшейту мақсатында күн сайын рейд жүргізетін 8 мотоцикл экипажы жолға шығатынын айтады. Жыл басынан бері 31 894 мопед пен 28 762 скутер иесі әкімшілік жауапкершілікке тар­тыл­ған. Сонымен қатар кәмелет­ке толмағандарды мопедтер мен скутерлер жүргізуге рұқсат ет­кені үшін 113 ата-анаға қатыс­ты түрлі шара қабылданған.

Осы орайда ПД өкілі жыл басынан бері барлығы 3 420 483 рет жол қозғалысы ережесі бұзыл­ғанын, мас күйінде көлік айдағаны үшін 1 890 жүргізуші ұсталып, 2 846 адам жүргізуші куәлігінен айырылғанын мәлімдеп отыр. 6 мыңнан астам көлік құралы, оның ішінде 1 700 мопед арнайы тұраққа қойылған.

Жоғарыда атап өткендей, Мем­лекет басшысы мопед иелерін жүргізуші куәлігін алуға, көлік құралдарын тіркеуге міндеттейтін заңға қол қойды. Ендігі жерде мопед мінгендерге жеке басты куәландыратын құ­жат, Салық кодексінің 553, 615-бап­тарында көзделген КҚТК, МТНБ бергені үшін тіркеу алымы мен мемлекеттік баждардың төленгенін растайтын құжаттар, егер бар болса, техникалық құжат немесе ашық көздерден алынған мопедтің техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер, меншік иесінің өтініші, көлік құралын тексеру актісі қажет. Мопед рама­сы­ның нөмірі болмаған жағдайда, сәйкестендіру нөмірін тіркеуге дейін мопед иесінің өтініші бо­йынша уәкілетті орган береді.

Қысқасы, мұның барлығы құқық пен тәртіпке қатысты. Өз кезегінде дәрігерлер де абай­сыз­дықтың салдарынан қос дөң­гелекті көліктер денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, қайғылы жағдайға ұрындырып жатқанын нақты оқиғалармен ескертуге, қаперге салуға мәжбүр. Айталық, жақында Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының реаниматолог-дәрігері Гүлбану Бердиярова ата-аналар мен жасөспірімдерге БАҚ арқылы шұғыл үндеу жолдап, жолда жүру ережесін оқымай, машықтанбай мопедтің руліне отырмауға кеңес берді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәлімет­тері бойынша, жол-көлік оқиға­ла­ры 15-29 жас аралығындағы жастар арасында ажалға айдаған негізгі себепшіге айналған. Өйт­кені қос дөңгелекті көліктер әлем­де жылына 1,3 миллионнан астам адамның өмірін жалмап жатыр. Бұл қайғылы көрсеткіштің едәуір бөлігі мотоциклшілер мен мопедистерге тиесілі.

Г.Бердиярованың айтуынша, мұндай апаттар ажал құш­ты­рып қана қоймай, олардың жақындарының өмірін түбегейлі өзгертіп, өкіндіріп өтетін ауыр жағдайға душар етеді.

«Жақында бізге мопедімен ауыр жөл-көлік оқиғасына ұшы­ра­ған 17 жастағы науқас жеткізілді. Түрлі ауыр жарақат алған боз­баланың жағдайы қиын еді. Жасөспірімге жеті рет операция жасалды. Алайда дәрігерлер бар күштерін сал­ғанына қарамастан, оң бүйрегін сақтай алмады. Жағ­дайы тұ­рақталғанымен, жамбас сүйек­терінің ауыр жарақаты, хи­рургиялық операция, оң бүй­регінің алынуы оны ұзақ уақыт бойы төсекке таңып, ден­сау­лығына байланысты ресми түрде мүгедектігін рәсімдеуге мәжбүрледі. Психологтердің науқаспен әлі де, ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне тура келеді. Жас жігіт қазір де кезеңдік рекон­струк­тив­тік мерзімді операция­ларды жалғастыру үшін ауруханада жатыр», дейді реаниматолог.

Өкінішке қарай, мұндай мысал жалғыз емес. Мамандар мопе­ді­мен ауыр жол-көлік апатына душар болған басқа бір 17 жастағы науқастың оқиғасын да баяндап өтті.

«Мопедпен көлікке соқтығыс­қан бұл науқастың да түрлі ауыр жарақатқа байланыс­ты жағ­дайы өте қиын болды. Екі жағы­нан жамбас, мықын сүйектерінің көп жерінен жабық сынуы, бір бел омыртқасының жабық қыса сынуы, бір бел омыртқасының артқы доғасының, оң жақ иығының сынуы, ішкі ағза­лардың көгеруі, мембраналық бөлік­тегі несепағардың зақым­дануы, жарақаттан кейінгі несеп жолының жыртылуы, 3-дәрежелі травматикалық шок, 2-дәре­желі постгеморрагиялық шок нау­қас­ты да, дәрігерлерді де күрделі жағдаймен бетпе-бет келтірді.

Науқастың өмірін сақтап қалу мақсатында дәрігерлер шұғыл түрде үш бірдей операция жасады. Науқас тек екі айдан кейін ғана үйіне оралды. Бүгінде оның жағдайы дұрысталды десек те, жамбас буындарының тарылып, жамбас сүйектерінің шоғырлана бірнеше жерден сынуы себепті емделуін жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта науқастың несеп жолының жарылуына байланысты қуық бүтіндігін қалпына келтіру үшін әлі де кезең-кезеңі­мен жасалынатын операциялар күтіп тұр. Мопедші жігіт қазір эпицистостомамен жүрген­дік­тен, зәрді іштің алдыңғы қабыр­ға­сы арқылы сыртқа шығарады. «Операциялардан кейін инфек­ция­лық асқыну болуы мүмкін», дейді мамандар.

Өкінішке қарай, дәрігерлер қос дөңгелекті көліктің кесірінен ауыр жол апатына душар бол­ған жастар көп жағдайда осы ауырт­па­­лықтан қандай тұрғыда да өмір бойы толық арыла алмай­тын­ды­ғын, тіпті демдері таусыл­ған­ша қымбат тұратын ем-домға тәуелді болып өтетінін, мүгедектік пен жан жа­расына ұшырап жат­қанын ашып айтты.

 

АЛМАТЫ