• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2015

Жарқын жеңісімен құттықтады

250 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлау­да айқын жеңіске жетуіне бай­ланысты шын жүректен құттық­тайтынын жеткізген. – Дауыс беру қорытындысы Сіздің отандастарыңыз алдындағы биік беделіңізді толығымен қуат­тайды. Қазақстан азаматтары өз таңдаулары арқылы Сіздің елді әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дан жеделдетіп дамыту, еура­зиялық ықпалдастық үдерістерге белсене қатысу және Ресеймен стра­тегиялық әрі одақтастық серік­тестік қатынастарды нығайту жө­ніндегі бағдарыңызға кеңінен қолдауын көрсетті, – делінген жеделхатта. Ресей Федерациясының Пре­зи­денті сенімді диалог пен екіжақты байланыстардың ауқы­мын одан әрі өрістету жөніндегі бір­лескен жұ­мысты, сондай-ақ, Еу­ра­зиялық эко­но­микалық одақ пен өзге де халық­аралық құрылым­дар аясын­дағы сындарлы ықпалдас­тықты жалғастыруға дайын екен­дігін атап көрсетті. – Бұл Ресей мен Қазақстанның бауырлас халықтарының түпкі мүд­делеріне сай келетініне, біздің құрлықтағы бейбітшілікті, тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамта­масыз ету жөніндегі бағытпен үнде­сетініне сенімдімін, – делінген құттықтауда. Соңында Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, сарқылмас қуат және мемлекет басшылығындағы аса жауапты қызметіне жаңа табыстар тіледі. *   *   * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың атына оның Қазақстан Республикасы Президенті болып сайлануына байланысты Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамадан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Барак Обама Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы  жеңісімен құттықтады. «Құрама Штаттар мен Қазақстанның арасында жаһандық және өңірлік мәселелерді табысты шешу жөніндегі тығыз ықпалдастықтың жарқын тарихы бар. Халықтарымыздың игілігі үшін екіжақты қарым-қатынастарымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі тереңдей беретініне сенемін», – делінген жеделхатта. Ақ үй басшысы АҚШ Қазақстанмен серіктесе отырып, Ауғанстандағы қауіпсіздікті қолдауды және ядролық қару таратпау ісіндегі ортақ мақсаттарды ілгерілетуді қамтамасыз етіп отырғанын айтты. «Көптеген қауіп-қатерлері бар әлемде ұзақ мерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздікке өкілді және есеп беруші институттарды, сондай-ақ, азаматтық қоғамды дамытпай қол жеткізу мүмкін емес. Мен елдеріміздің игілігі үшін осы барлық маңызды мәселе бойынша Сізбен ынтымақтастыққа әзірмін», – делінген құттықтауда. Соңында Барак Обама Америка халқының және жеке өзінің атынан Қазақстан халқына жылы лебізін жеткізіп, татулық пен бақ-береке тіледі. *   *   * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев Қытай Халық Республикасының Төра­ғасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөй­лесті, деп хабарлады Прези­денттің баспасөз қызметі. Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты 26 сәу­ір­де өткен сайлаудағы жеңісімен құттық­тады. Қытай басшысы Қазақстан Президентінің тәуелсіздікті нығайтуға және Қазақстанның ор­нықты дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. Мемлекет басшылары әңгіме барысында екіжақты ынтымақ­тас­тық­тың әлеуеті жоға­ры екенін айтып, «Нұрлы Жол» және «Жі­бек жолының экономикалық белдеуі» бағдар­ла­ма­ларының өзара толықтырушы сипатын атап өтті. Сонымен қатар, тараптар өңірлік және халық­аралық өзекті мәселелерге қатысты екі ел­дің ұстанымдары ұқсас екеніне назар аударды. Соңында Си Цзиньпин Қазақстан Прези­ден­тін биыл Қытайға сапарлап келуге шақыр­ды. Телефон арқылы сөйлесуге Қытай жағы бас­тамашы болды. Президент поштасынан Нұрсұлтан Назарбаевтың аты­на оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Германия Федералдық канц­лері Ангела Меркельден құттық­тау жеделхаты келіп түсті, деп ха­барлады Президенттің баспа­сөз қызметі. Ангела Меркель Нұрсұлтан На­зар­баевты президенттік сайлаудағы жеңі­сімен шын жүректен құттықтайтынын жеткізген. «Қазақстан Германия үшін маңызды серіктес болып қала береді. Сіз елдеріміз арасындағы сенімге құрылған серіктестік қарым-қатынастар аясын бұдан әрі кеңейту, сондай-ақ Қазақстанда демократия, құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам қағидаттарын нығайту ісінде әрдайым Федералдық үкіметтің қолдауына сенім артуыңызға болады», – делінген жеделхатта. Соңында А.Меркель Қазақстан Президентінің қойылған міндеттерді одан әрі жүзеге асыру бағытындағы жауапты қызметіне табыс тіледі. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қа­зақ­стан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Франция Президенті Франсуа Ол­ландтан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Франсуа Олланд Нұрсұлтан Назар­баевты президенттік сайлаудағы жеңі­сімен құттықтады. «Мен Франция мен Қазақстан ара­сын­дағы қарым-қатынастардың деңгейі жоғары екенін атап өткім келеді, бұл менің таяуда Сіздің елге жасаған сапарымда айқын көрінді», – делінген жеделхатта. Франция Президенті Қазақстанмен ынтымақтастықты екі елдің игілігі үшін одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді. «Сіздің тұрақтылықты және Орталық Азия елдерімен тату көршілік қарым-қатынасты қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған күш-жігеріңізді Францияның қолдайтынына сендіргім келеді», – делінген құттықтауда. Ф.Олланд, сондай-ақ, Қазақстан Пре­зидентіне елді жаңғырту және демо­кратиялық реформаларды жүзеге асыру ісінде табыс тіледі. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қа­зақстан Республикасының Прези­денті болып сайлануына байланыс­ты Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмероннан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Дэвид Кэмерон Нұрсұлтан Назар­баевты президенттік сайлаудағы жеңі­сімен құттықтады. «Ұлыбритания және Солтүстік Ир­ландия Біріккен Корольдігі Қазақстанның экономиканы әртараптандыруға, орнық­ты дамуға және елді саяси жаңғыртуға бағытталған күш-жігерін құптайды және қолдайды», – делінген жеделхатта. Ұлыбритания Премьер-министрі Қазақстанға 2013 жылғы сапарын жылы сезіммен еске алатынын атап өткен. «Біз Қазақстанмен берік, ашық және даму үстіндегі өзара байланыстарымызды бағалаймыз, сондай-ақ, екіжақты күн тәртібінің кең ауқымы бойынша бұдан да бекем қарым-қатынастар орнатуға бейілдіміз», – делінген құттықтауда. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақ­стан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Украина Президенті Петр По­ро­шенкодан құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Петр Порошенко Нұрсұлтан На­зар­баевты президенттік сайлаудағы жеңі­сімен құттықтады. «Сіз алған халық сенімінің жаңа ман­даты Қазақстанның заманауи мемле­кеттілігінің табысты дамуына қосқан үлесіңіздің мойындалғанын айғақтайды», – делінген жеделхатта. Украина Президенті еліне оның тарихының күрделі кезеңінде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылық білдірген. «Бірлескен күш-жігеріміз арқылы біз екіжақты қарым-қатынасты жандандырып, елдеріміз арасындағы көпқырлы ынтымақтастық аясын кеңейтеміз деген сенімдемін», – делінген құттықтауда. Соңында П.Порошенко Қазақстан Президентіне мықты денсаулық, бақуат­тылық және жауапты мемлекеттік қыз­ме­тіне жаңа табыс, ал достас Қазақстан хал­қына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Финляндия Президенті Саули Ниинистёден құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Саули Ниинистё Нұрсұлтан На­зар­баевты Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. «Сізді Қазақстан Республикасы Пре­зиденті қызметіне сайлануыңызбен риясыз көңілден құттықтауға маған рұқсат етіңіз. Соншалық жоғары әрі жауапты қызметіңіздің одан әрі табысты болуы­на тілектестігімді  қабыл алыңыз», – делінген жеделхатта. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Иордания Королі II Абдалла ибн Хусейннен құттықтау же­делхаты келіп түсті, деп хабар­лады Президенттің баспасөз қыз­меті. II Абдалла ибн Хусейн жеке өзінің және иордан халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. «Қазақстанмен барлық саладағы мемлекетаралық қарым-қатынасымызды одан әрі де өрістетуге, сондай-ақ, дос­тас елдеріміздің мүддесі және бүкіл мұсылман әлемінің игілігі үшін қауіп­сіздікті, тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі күш-жігерімізді  арттыруға деген ұмтылысымызды атап өткім келеді», – делінген жеделхатта. Соңында Иордания Королі Нұрсұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық тілеп, дос­тас Қазақстан халқының ілгерілеуі мен өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Египет Президенті Абдель Фаттах ас-Сисиден құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Абдель Фаттах ас-Сиси Нұр­сұл­тан Назарбаевты президенттік сай­лау­дағы жеңісімен шын жүректен құт­тық­тайтынын жеткізген. «Сіздің қажырлы қызметіңіз мем­лекетті дамыту мен өркендетуге бағыт­талған. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және екі ел халқының игілігі үшін  достық, тарихи байланыстарымызды кеңейтуге ниеттестік білдіруге рұқсат етіңіз», – делінген жеделхатта. Соңында Египет Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа мықты денсаулық, ал Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тіледі. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Германия Президенті Йоа­хим Гауктен құттықтау же­­дел­хаты келіп түсті, деп хабар­лады Президенттің баспасөз қыз­меті. Йоахим Гаук Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құт­тықтады. «Сізге елдің халықаралық аренадағы белсенді қызметіне және құқықтық мем­лекет пен демократия қағидаттарын да­мытуға байланысты алдағы мақсат­тарың­ызды жүзеге асыру жолында табыс тілеймін. Қазақстанның және бүкіл өңір­дің алдында зор сын-қатерлер тұр. Гер­мания болашақта да экономика мен қоғамды жаңғырту ісінде Сіздің елдің айнымас серіктесі болып қала беретініне сенімді болыңыз», – делінген жеделхатта. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қа­зақ­стан Республикасының Президенті болып сайлануына байланыс­ты Қырғыз Республикасының Пре­зи­денті Алмазбек Атамбаевтан құт­тықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Алмазбек Атамбаев Елбасын айқын жеңісімен құттықтады және бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың Мемлекет басшысы лауазымындағы еңбегін Қазақстан халқы даусыз мойындайтынын тағы да дәлелдеп, оның елді орнықты дамытуға және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған саяси-экономикалық реформаларына деген жоғары сенімді көрсететінін айтқан. «Біз бауырластық қарым-қатынас­тарымызды, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестікті бірлескен күш-жігер ар­қы­лы бұдан әрі де жан-жақты дамыта бере­тінімізге сенімдімін», – делінген жеделхатта. Соңында А.Атамбаев Нұрсұлтан На­зарбаевқа мықты денсаулық және жауапты лауазымында алға қойған бар­лық мақсаттарын жүзеге асыруда табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына татулық пен бақ-береке тіледі. * * * Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың атына оның Қазақстан Респуб­ликасының Президенті болып сайлануына байланысты Түрік­менстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Гурбангулы Бердымұхамедов Нұрсұлтан Назарбаевты өткен сайлау­дағы жеңісімен құттықтады. Түрікменстан Президенті екі елдің және халықтың арасындағы бауырластық қарым-қатынасты одан әрі де дамытуға дайын екендігін білдірді. Г.Бердымұхамедов Қазақстан Пре­зидентіне мықты денсаулық, бақыт және республика халқының ілгерілеуі мен дамуы бағытындағы жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі. * * * Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақ­стан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Грузия Президенті Георгий Марг­велашвилиден құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Георгий Маргвелашвили Нұр­сұлтан Назарбаевты президенттік сай­лау­дағы жеңісімен шын жүректен құттық­тайтынын жеткізген. «Қазақстан халқының бірлігі бай­қат­қан сайлауға қатысудың өте жоғары көр­сеткіші халық игілігі жолындағы көп­жылдық қажырлы еңбегіңізді ғана емес, елді бұдан әрі де жан-жақты дамыту үшін Сіз қойған мақсаттарды да қалтқысыз қолдаудың көрінісі болып саналады. Қазақстан халқы Сіздің дана саясаткер және мемлекет қайраткері ретіндегі бай тәжірибеңізді ескере отырып, татулық, тұрақтылық үшін, азаматтардың және бүкіл республиканың бұдан арғы бақуаттылығы үшін таңдау жасағаны сөзсіз», – делінген жеделхатта. Грузия Президенті Қазақстан-Грузия қарым-қатынасын нығайтуға байланысты мәселелер алдағы уақытта да Нұрсұлтан Назарбаевтың назарында боларына  үміттенетінін жеткізген. Соңында Г.Маргвелашвили Қазақстан Президентіне Қазақстан халқының игілігі жолындағы барлық бастамаларына табыс тіледі. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Латвия Респуб­ли­ка­сының Президенті Андрис Бер­зиньштен құттықтау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі. Андрис Берзиньш Нұрсұлтан На­зарбаевты президенттік сайлаудағы же­ңісімен шын жүректен құттықтаған. «Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастарын тереңдетуге Сіздің қосып отырған жеке үлесіңіздің арқасында Латвия мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып, нығайып келе жатқанын айтқым келеді. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі­не жоғары баға беруге рұқсат етіңіз. Латвия өз тарапынан бұл үдеріске бұдан әрі де белсенді ықпал етуге ниетті», – делінген жеделхатта. Латвия Президенті Қазақстан Пре­зи­дентіне мықты денсаулық және жауапты мемлекеттік лауазымында табыс, ал дос­тас Қазақстан халқына гүлдену тілеген. * * * Нұрсұлтан Назарбаевтың атына оның Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорждан құт­тық­тау жеделхаты келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Цахиагийн Элбэгдорж Нұрсұлтан Назарбаевты Президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. «Сізбен Моңғолия және Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар аясын одан әрі кеңейту ісінде ынтымақтасатынымызға қуанамын», – делінген жеделхатта. Соңында Ц.Элбэгдорж Қазақстан Президентіне денсаулық, жұмысына табыс, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.