• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Талбесік 14 Қараша, 2024

«Алтын Емелдегі» ерекше фестиваль

58 рет
көрсетілді

Жетісу жері мен Алатау алабын құландар ежелден мекен еткен. Бұл аймақтардағы бірді-екілі орындардың құлан атауымен астасып жатуы тегін емес. Араға жылдар салып құландардың қайта оралуы таулы өлкенің тамырына қайта қан жүгірткендей. «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығында биыл екінші рет өткен халықаралық құландар фестивалі осы бір айрықша жануардың табиғатына тереңірек үңілуге шақырды.

Саны мен таралу аймағы шектеулі түр ретінде «Сирек кездесетін, жойылып бара жатқан» түрлер сана­тына жататын құландар еліміздің Қызыл кітабына енген (II санат) әрі Халықаралық таби­ғат­ты қорғау одағының Қызыл кітабында айрықша мәртебеге ие. Фестивальға биыл жергілікті табиғат жанашырларымен қатар алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келді. Саябақтың бірегей экожүйесі мен сирек кездесетін жануарлар түрлеріне қызығушылық танытқан туристерге құландардың қайта оралу тарихы жөнінде қорықтың ғылыми қызметкерлері әсерлі баяндады.

«Жұмыртұяқтылар санатына жататын жабайы жылқылар XIX ғасырға дейін қазақ даласының шөл-шөлейтті, аздап далалық аймақтарында, батыста Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатына дейін кең таралған. Оған дәлел – «Ақсақ құлан» күйінің шығуы. Күй­ші Жошы ханның баласының құлан қуып, аң аулап жүріп қаза табуын домбыра тілімен жеткізген. Мұны білген қаһарлы хан ерекше үкім шығарады. Жошы хан 1187–1227 жылдары өмір сүрген, демек осы кезеңде құланның қазақ даласын мекендегені анық. Таңбалы тасқа салынған құ­лан бейнелері мен ежелгі жер су атау­лары да қазақ даласын құлан мекендегенін көрсетеді. 1930 жылдардан бері құлан кездескендігі туралы мәліметтер өте аз. 1916–1921 жылдарғы аласапыран, ұжымдастыру кезеңінде байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, жұртшылық бүркіт салып, тазы жүгіртіп, аң аулаған. Сонымен қатар 1930–1933 жылдардағы ашар­шылық жануардың жойылуына үлкен әсерін тигізді. Кейбір деректерге сүйенсек, құландар соңғы рет Жоңғар Алатауында 1934 жылдары бой көрсеткен. 1933–1935 жылдары Балқаш ауданындағы Топар өзенінің жағасынан 8-9 бас құлан кездескен», дейді «Алтын Емел» ұлттық паркінің ғылыми ақпарат және мониторинг бөлімінің жетекшісі Марғұлан Мұсабек.

Мамандардың айтуынша, құлан­дарды реинтродукциялау жұмыс­тары 1953 жылдардан басталды. Түрік­менстанның «Бадхыз қорығынан» 8 бас құ­лан «Барсакелмес қорығына» әкелініп, көбейту жұмыстары жүргізілді. 1982 жылы «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кіне (бұрынғы «Қапшағай мемлекеттік қорық – аңшылық шаруашылығына») «Барсакелмес» қорығынан 27 бас құлан әкелінді. Көбейту жұмыстары нәтижесін беріп, қазіргі таңда «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін 3623 бас құлан мекен етеді. Бір қызығы, кейбір этнограф-қаламгерлер бұл жануарды «домбай» деп жазып жүр.

Ел ішінде жануарлардың санын көбейтіп, тарихи таралу аймағын қалпына келтіру мақсатында Ан­дасай мемлекеттік табиғи резерватына қоныстандыру үшін 1986–1990 жылдары 90 бас «Қапшағай мемлекеттік қорық – аңшылық шаруашылығына» «Барсакелмес қорығынан» жерсін­дірілген. «Ан­дасай мемлекеттік табиғи резерватына» құландарды жерсіндіру (қоныстандыру) мақсатында 2007–2012 жылдары тағы да 133 құлан жіберілген. Ал 2017 жылдың күзінде «Алтын Емел» ұлттық пар­кінен 9 құлан «Алтын дала» қорығы аумағындағы АСБК реинтро­дукциялау орталығына жеткізілді.

«2022 жылы «Іле-Балқаш» мем­лекеттік табиғи резерватына 60 бас, дәл сол жылы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына 4 бас құлан «Алтын Емелден» жерсіндірілді. Биыл «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық паркінен Балқаш маңы мемлекеттік табиғи қорығына интродукциялауға 43 бас құлан тасымалданды, «Алтын дала» қорығына құланның 24 дарасы жеткізілді. Созақ орман ша­руашылығы мекемесіне 20 бас құлан жерсіндіруге жіберілді. 2005–2024 жылдар аралығында жалпы «Алтын Емел» ұлттық пар­кінен 371 бас құлан еліміздің басқа өңірлеріне жерсіңдіруге жібе­ріл­ді», дейді ұлттық парк маман­дары.

Жануарлар әлеміне ынтық табиғат жанашырларына арнап «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Visit Же­тісу» туристік орталығы бірлесе ұйымдастырған биылғы фестиваль нағыз мерекеге айналды. Қонақтар құландардың табиғатына үңілумен қатар, алтыбақан, арқан тарту, кір тасын көтеру секілді ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Шоқан бұлағынан бастау алып, әйгілі Айғайқұм төбесінде мәреге жеткен марафонға 300 адам қатысты. Келушілер құландар шеруін тамашалап, естелік суретке түсті.