Қайбір шығарма автордың көлеңкесі секілді. Жазушы жаратылысына қарай туындысы сондай болмақ. Бейімбет Майлин шығармалары бірде біртоға, бірде салқынқанды, бірде бұрқасынды кепке түседі. Бейімбет болмысы, Бейімбет мінезі, жалпы адам Бейімбеттің тұрпаты оқырманға жұмбақ.
Ғабит Мүсіреповтің «Біздің Би-аға» естелігі жазушы болмысының қырларын етене танытады. Салмақты, қақ-соқпен ісі жоқ, сөзге адал қаламгердің тұлғалық тұрпаты тұрлаулы болғанға ұқсайды. Тіпті жазуға берілгендігінен бе, әлде дөй қызметті өзіне қол көрмеді ме, жоғары лауазымға келгенде үнемі аяқ тартыпты. Мүсірепов мақаласында неше рет жалынса да ағасын бас редактор болуға көндіре алмағанын жазады. «Бейімбет жиналысқа да президиум сайланып болған соң кіреді екен. Ондағысы – жиналысты басқаруға сайланып қалам ба деп қорқады. Бірдеңеге бастық болуға жоламау – Бейімбеттің ерекше мінезі еді. Өзгеміз ондайдан қашып көрген емеспіз». Мұнан әрі өсек-ғайбатпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ірі, мәрт, ерек тұлғасы суреттеледі. Иә, «ірілік қана аңызға айналады». Сасық құдыққа үңілмейтін, тәуелсіз сана, жомарт жүректен ғана жілікті дүниелер туса керек. «Бейімбеттің жаны жек көретін нәрсесі сыбыр-күбір болатын. Ұмытпасам осы тұста Бейімбет маған ұмытылмас бір ескерту жасады: «Осы жылымнан аулақ бол, бұған бір түсіп кетсең, түбі бар екен деп ойлама!», деді. Газет, журнал беттерінде қым-қиғаш айтыстар болып жатқан күндерде Бейімбет бір жазушы туралы жаман сөз айтқан емес. Бет тырнасқа, кеудемсоқ сынға ренжіп қарайтын еді». Ал көпе-көрінеу жөнсіз қызыл сөзден, адам мол жиналатын жерден қашқақтау немесе той-жиынды аса ұната бермеу – кез келген жалғыздығы қалыптанған ойлы адамның белгісі. Батыс ғалымдары ақылды адамның үш белгісі барын айтады. Бірі – үстелі шашылып жатуы, екіншісі – түнгі ұйқыға шорқақтығы, үшіншісі – адам көп жерлерде өзін қораш сезінуі. Адам Бейімбетте осы үш белгі де кездесіпті. «Біздің Би-ағаңда» жазушының оңашаға құмар тұрпаты ашылады. «Түні бойы әңгімелесіп отыруға ерінбейтін Бейімбет, таң атқанша жазып отыруға жалықпайтын Бейімбет, іркіс-тартысы байқала бастаған жиналыстарда тез шаршаушы еді. Көзін бұлдыратып, сөзін тұмандатып, қызыл желдетуге шебер ұсақ «саясатшылардан» алыстау жүретін. Жиналыстарда сондай ыңғай белгі берсе-ақ, «кетпейміз бе?» деген бірауыз сөз жазған бір жапырақ қағаз жібереді маған. Өзі сытылып шығып есік алдында күтіп жүреді».
Адам ретіндегі Бейімбеттің болмысын тануда ең шынайы сөздер қызы Рәзияның естеліктерінде қылаң береді. Жазушының кісілігіне, кішіпейілдігіне сол жазбадан тәнті боласыз. Тіпті төпелей сөйлеген жары Гүлжамалдың долы келбетіне қарап: «Келгенің қандай жақсы болды. Бір шайпау әйелдің бейнесін шығара алмай отыр едім. Құтқардың», деп ары қарай жаза бергенін оқып, сүйсіне жымиясыз. «Ой, маңғазым-ай. Еркек болып дауыс көтерген емес. Жұрттың еркектері айқайлап, тіпті боқтап, балағаттап жатады ғой, мұның бірде-біреуі онда жоқ еді» депті жары кейінгі сөзінде.
Мұхтар Әуезов жазушы туралы төбел пікір айтыпты. «Бейімбет Майлин шығармаларында терең шындық бар. Жалаң қиялға дес бермей, асқақ романтикаға да еліктемей, қазақ жазушыларының ішінде реализмге, шындықты суреттеуге, шығарманың көркемдік құндылығына мән берді, өмір шындығын, адамдардың типтік бейнесін жасауда Бейімбеттей ешбір жазушы шынайы суреттей алған емес». Себебі дер едік біз, Майлин өзі де шынайы өмір сүрді. Өзінен өзге адам жасауға құлшынбады. Ақ сөйледі, тура жолмен жүрді. Өзінен кейінгіге қамқор болды. Тіпті Ғабит Мүсіреповтің жазушылық қайнар бұлағын тырнап ашқан да тікелей Бейімбет екені талассыз ақиқат. Өмірінің соңына дейін сырбаз, маңғаз, бір қалыпты болмысынан танбады. Тұрлаусыздықтың түбірсіз шеңгеліне іліккен жоқ. Таразы да, қазы да өз бойына орныққан шын мәніндегі тұлға болды. Абай бастаған аманатқа адал болып, ұлт рухын үрледі, аз өмірді ат төбеліндей халқына арнады.
Адам Бейімбетті, кісілігі асқан арда азаматты сағынатын секілдімін.