• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ғылым 15 Қараша, 2024

Нұршат Нұражы, профессор: Білікті мамансыз ғылым дамымайды

173 рет
көрсетілді

Біздің кейіпкеріміз – Нұршат Нұражы. Белгілі ғалым. Нью-Йорк «City University»-де PhD қорғаған. АҚШ-та жиырма жылдан аса уақыт тұрып, сондағы Массачусетс технологиялық институты, Техас технологиялық университеті, Америка Құрама Штаттарының Әуе күштері ғылыми зерттеу орталығында қызмет істеген. 2019 жылы атажұртқа оралған. Қазір Назарбаев университеті Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі­нің профессоры және сол оқу орнындағы Астана Ұлттық зертханасының зертхана меңгерушісі. Бүгін ғалыммен отандық ғылымның дамуы туралы әңгімелестік.

– Биыл сәуірде Мемлекет басшы­сының төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес­­тің отырысы өтті. Осы жиында ғы­лым­ға қатысты біраз мәселе айтылды. Әңгімені осыдан өрбітсек?

– Президент жанындағы Ғылым және технологиялар ұлттық кеңесі был­­тыр құ­рылды. Біз соған – Назарбаев универси­тетінен танымал ғалым Дос Сарбасов екеуміз мүшеміз. Биыл ұлттық кеңестің екінші отырысы өтті. Бір жағынан, бұл жиын аса көрнекті академик, Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Сондықтан отырыста Мемлекет басшысы халқымыздың біртуар перзентінің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтудің мәні зор екенін айтты.

Келелі жиынға дейін кеңес мүшелері алдын ала жиналып, екі-үш рет бас қос­тық. Ғылымды дамытуға қатысты ой-пікір­імізді, ұсынысымызды ортаға салып, тал­қыладық.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңесте отан­дық ғылымды дамытуға байланыс­ты өте өзекті мәселелерді қозғады. Биыл көк­темде көптеген өңірді тасқын су басты. Осыған байланысты Президент сол салаға қатысты білікті мамандар мен ға­лым­дардың тапшылығы байқалып отыр­ғанын сөз етті. Әсіресе ғылымға жете мән бе­рілмегендіктен, еліміздің бұрынғы ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымын жоғалтып алғанымызды, соның салдары енді көрініп жатқанын жеткізді. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы алдымен ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану керек екенін жеткізді.

Сондай-ақ Президент жасанды ин­тел­­лек­тіні қолдану және ғылым мен білім­­нің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 ұлттық жоғары оқу орнының базасында академиялық басымдық орталықтарын құ­ру­ды тапсырғанын тілге тиек етті. Әсіресе ғы­лымның кадрлық әлеуетін күшейту туралы айта келіп, жас ғалымдарды жан-жақты қолдаудың маңызына тоқталды. Сонымен бірге қолданбалы ғылымды дамытуды тапсырды. Шынында, бұл – өте маңызды. Қолданбалы ғылым арқылы ғылым мен өндірісті ұштастыра аламыз.

– Осы екі саланы ұштастыру туралы көп айтылады. Бірақ нәтиже аз. Себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, ғылым мен өндірісті ұштас­тырудың екі жолы бар. Біріншісі, осы саланы бір-бірімен байланыстыратын байыпты бағдарлама керек. Онсыз жұмыс алға жүрмейді. Отандық өнімдерді шығара­тын зауыт салынса деймін. Зауытқа білікті ­маман қажет екені анық. Мәселен, өзім АҚШ-та ширек ғасырға жуық тұрдым. Сол ел­дегі іргелі ғылыми зерт­теу орталықтарында қызмет істедім. Айталық, Америкада ғалымдардың озық, тың идеяларына конкурстар жиі жария­ланады. Мен – осындай байқаудың үш мәр­те жеңімпазымын. Сондықтан бұл салада азды-көпті жиналған тәжірибем бар. Қысқасы, бізге отандық өнімді шыға­руға арналған зауыт салатын білікті инже­нерлерді көбейту керек. Қазір менің қолымда 4-5 зауыттың жобасы дайын тұр. Бұл зауыт өнімі қалай шығады, оған қанша еңбек күші жұмсалады – соның барлығын Назарбаев университетіндегі химиялық инженерия бағдарламасы аясын­да студенттермен бірге зерттеп да­йын­дадық. Біздің елімізде химия өнер­кәсібін дамытуға мүмкіндік көп. Тіпті зау­ыт салу үшін барлық бастапқы шикізат көз­дері бар.

– Сонда не кедергі дейсіз?

– Ғылым мен өндірісті ұштастыратын дұрыс бағдарлама жоқ. Осы мәселені Ұлт­тық кеңес отырысының алдында жиналған басқосуда көтердім. Әсіресе осы екі саланы бірдей дамытып әкететін білімді инженерлер ауадай қажет екенін айттым. Шын мәнінде, білікті мамансыз ғылым дамымайды. Сондықтан еліміздегі жоғары оқу орындарындағы инженер мамандығына баса маңыз беру керек.

Ғылым мен өндірісті ұштастырудың екінші жолы – жаңа ғылыми зерттеулерді бірден өндіріске енгізу. Яғни стартап компаниялар құру. Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес отырысында еліміздегі жоғары оқу орындары мен өндіріс арасында байланыстың жоқ екенін тілге тиек еткені бекер емес. Мәселен, АҚШ университеттерінде өндірістік кеңес комитеті бар. Оның құрамына ғалымдар, кәсіпкерлер, білікті сарапшылар кіреді. Олар ғылым мен өндіріске қатысты мәсе­лелерді бірге отырып, талқылайды. Бізге де осындай құрылым қажет пе? Оны білмеймін. Дегенмен ғылым мен өндірісі дамыған мемлекеттердің тәжірибесін көруге болады. Ал бізге алдымен маман даярлау қажет. Сонымен қатар әр өңірден өндірістік аймақ құрып, солардың университеттермен байланысын нығайту керек.

– Елімізде ғылым саласында біраз жаңалық ашылып жатыр. Оның игілігін қашан көре аламыз?

– Шынында да, отандық ғалымдар қарап отырған жоқ. Түрлі ғылыми жаңа­лық ашылып жатқаны рас. Бірақ оның бәрі бірден жұртшылыққа жете қоймайды. Оның себебі көп. Өз салама қатысты айтар болсам, ашылған ғылыми жаңалықты өндіріспен ұштастыруға қолымыз қысқа болып отыр. Мысалы, ғылыми конкурстан өтіп, жоба ұтып алдым делік. Ал оны зерттеп, іске асыру үшін материал қажет. Ондай материал біздің елімізде жоқ. Шетелге тапсырыс беру керек. Оны сатып алу үшін тендер жария­ланады. Оған қаржы аударылып, кеденнен өтіп келгенше алты ай немесе бір жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Сөй­тіп, ғалымдардың үшжылдық жобасының бір жылы материалды сарғайып күтумен өтеді. Мен осы мәселені Ұлттық кеңес отырысында көтердім. Енді шешімін табады деп ойлаймын. Тағы бір өзекті мәселе – жо­ғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеу орталықтарының материалдық базасы та­лапқа сай еместігі. Бұл жағынан Назарбаев университетінде ғана толық жағдай жасалған. Барлық жоғары оқу орны осындай деңгейге жетсе ғой, шіркін! Мәселен, әр аймақтағы университеттердің ғылыми бағыты қандай, соған лайық құрал-жабдықтар сатып алу қажет. Тек Астана мен Алматыдағы жоғары оқу орын­дарын ғана заманауи құралдармен қамту дұрыс емес. Мұндай кезде ғылымда шынайы бәсеке болмайды. Даму тоқ­тайды. Америка да ғылыми зерттеу орта­лықтарын әр құрама штатқа бөліп таста­ған. Өйткені ғылым сонда құлашын кең жая­ды. Сондықтан университеттердегі ғылы­ми зерттеу орталықтарын құрал-жаб­дық­пен қамтуға арнайы грант жария­лау керек. Бұған жұмсалған қаржының кө­лемі кейін еселеп қайтады.

– Қазір Назарбаев университетін­дегі өзінің жетекшілік ететін зертхана қандай зерттеумен айналысып жатыр?

– Мен сізге бір қызық айтайын. Осын­да қызметке келгенде ешкімді танымайтын едім. Сөйтіп, ғалымдармен бірігіп, шәкірт даярлауды бастап кеттім. Қазір шәкірті көп ұстаздың бірімін. Ғылымға ынталы ­жас­тар­ды жаныма тартып, саны 50-ге жете­тін ­команда жасақтадым. Бәрі де – озық ойлы жас ғалымдар. Солармен бірге көп­те­ген ғылыми зерттеу жұмысын жүргі­зіп жатырмын. Мәселен, анилин туын­дысы не­гізінде реттелетін жа­бысқақ ток өткізгіш полимерлер жасап шы­ғардық. Бұған екі жыл уақытымыз кетті. Мұны біз әртүрлі өткізгіш полимер нано­­құрылымын, соның ішінде қуыс сфераларды, нанокеселерді, нанокеселерден құралған 2D үлдірлер, 3D және олардың композиттерін жасау үшін қара­пайым синтез тәсілі арқылы жүзеге асыр­дық. Полимерлердің бұл түрлерін тоқ өткізгіш жабысқақ таспалар, медицина­лық бинттер және роботтық қолдарға арналған ыңғайлы беттерге қолданады. Себебі металмен салыстырғанда полимерлер өте жұмсақ, майысқақ келеді. Сондай-ақ әртүрлі химиялық ортаға тұрақты, металдар сияқты шірімейді, арзан, тот баспайды. Қазір ток өткізгіш полимерлер жұмсақ электроникада көп қолданыс тауып отыр. Бұл жобаны зерттеу жұмысы әлі жалғасады.

– Басқа да жобаларға тоқтала кетсеңіз?

– Басталған біраз жоба бар. Біздің зерт­хана жеті бағытта жұмыс істейді. Бү­гін­де әлем жасыл технологияға ерекше мән беріп отыр. Біздің елімізде де жасыл энергия көзін дамыту өте қажет. Әйтпесе, дамыған мемлекеттер қолданып жатқан жасыл технологиядан шеттеп қаламыз. Мен өзім химик болғандықтан, осы сала туралы айтайын. Келешекте көліктер сутегі газымен жүруі мүмкін. Қазір осыны зерттеуді қолға алдық. Бұл саланы зерттеуде алдыңғы қатарда жапондықтар тұр. Бір жағынан, оның табиғатқа, қоршаған ортаға зияны жоқ. Алдымен біз сутегі газын қатты денеге айналдырдық. Сонда оны қолдануға тиімді. Күн батареяларының әртүрлі формасы бар. Күн энергиясын да сутегі газына айналдырып сақтауға болады. Сондай-ақ мұнайды мол өндіретін әдіс ойлап таптық. Қазір мұнай компанияларымен байланысып, соған патент алып жатырмыз. Теңізден мұнай мен суды айыру – өте күрделі. Біз осыған керемет технология әзірледік. Және де резеңке мате­риалдар мен буланбайтын көзәйнек жасадық. Сонымен қатар қайталап өсетін ауылшаруашылық қалдықтарынан дәрі-дәрмек дайындалу үстінде. Бұл жаңа технология әлемдегі дәрі-дәрмек өндіру саласына жаңа серпін береді.

–Біраз жыл АҚШ-та тұрып қызмет істедіңіз. Тәжірибеңіз мол. Отандық ғылымның дамуына тағы да қандай ой қосар едіңіз?

– Кейінгі жылдары елімізде ғылымға қат­ө­ты көңіл бөлініп отыр. Мемлекет тара­пы­нан қомақты қаржы аударылды. Бұл – үлкен қолдау. «Болашақ» бағдарлама­сы­мен қаншама жас ғалым шетелдегі іргелі ғылыми зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинады. Жастарға ғылыммен айналысуға мол мүмкіндік жасалып отыр. Енді жас ғалымдарға арналған грант саны көбейе берсе деймін. Мысалы, дамыған елдерде әлемге әйгілі жоғары оқу орындарын­да қызмет істейтін ғалымдарына конкурс ­жариялап, озық идеяларын пайдаланады. Біздің де шетелде біраз талантты ғалымдар жүр. Соларды осылай өзімізге тартайық. Тың идеяларын іске асырайық. Ғылым дамуына көп уақыт керек. Өз басым, отандық ғы­лымның деңгейі жоғары боларына сенемін!

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan»