• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қараша, 2024

Көпбалалы аналар қолдауға зәру

141 рет
көрсетілді

Мемлекеттің басты байлығы адам капиталы екенін ескерсек, осы бағытты нығайтып отырған көпбалалы аналарға қандай қамқорлық жасасақ та артық емес. Осы орайда жергілікті жауапты орындардың көпбалалы аналарға қатысты кез келген мәселеге байыппен қарау­ды назардан тыс қалдырғаны қынжылтады.

Атырау облысында құқығы бұзылған аналар сотқа жүгініп, әділдік іздеуге мәжбүр болды. Өйткені олардың басқа амалы қалмады. Мәселен, 36 жасына дейін өмірге төрт бала әкелген ананың бірі 2015 жылдан бері «көпбалалы отбасы» санатындағы баспана кезегінде тұрған. Бірақ 2023 жылдың желтоқсан айында күйеуінің үйге меншік құқығын тіркегені анықталған. Осыған байланысты жергілікті әкімдік оны тұрғын үйге мұқтаждар тізімі­нен шығарып тастаған.

Облыстық соттың баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйен­сек, көпбалалы әйел тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­­л­ық бөлімі мен тұрғын үй инспекциясының бұл ше­ші­мі­мен келіспеген. Сөйтіп, әділ­дік іздеп, сотқа шағым түсірген.

«Сотта ол бұл жер телі­мінің күйеуіне уақытша пайдалануға берілгенін түсіндірді. Үй салуға қара­жаты болмаған отбасы жер телімін сенімхат арқылы сатып жіберген. Ал сатып алушы жер теліміне 2019 жылы тұрғын үй салып, кейін оны заңмен ресімдеген. Сот талап қоюшының күйеуінің жекемен­шік құқығында тір­кел­ген тұр­ғын үй ғимараты бол­ға­нымен, ол тек үй салынған учас­­­­кенің иесі болып табылмайты­нын анықтады. «Тұрғын үй қа­ты­настары туралы» заңның 73-ба­бы­ның 1-тармағының 5) тар­ма­қ­шасына сәйкес тұрғын үй алуға мұқтаж және оны ал­ған­­ға дейін есепте тұрған көпба­ла­­лы аналар мен отбасылар есеп­­­тен шығаруға жатпайды», деп тү­сін­дірді соттың баспасөз қызметі.

Сот заң талабын ескеріп, көпбалалы әйелдің талабын қанағаттандырды. Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық бөлімі мен тұрғын үй инспек­ция­­сына тұрғын үй кезегінде тұр­­ған көп­балалы ананың кезе­­гін қал­пына келтіруді мін­деттеді.

Тағы бір көпбалалы ана дәл осындай заңсыздықпен бетпе-бет келді. Жеті баласы бар «Алтын алқалы» ана 2016 жылы тұрғын үй кезе­гіне тұрған. Алайда Мақат ау­да­нының әкімдігі күйеуінің атына тір­келген үйді сылтауратып, көп­балалы ананы баспана алу кезегінен сызып тастаған. Көп­балалы ана әкімдіктің бұл ұйға­ры­­мымен келіспей, Атырау об­лыс­тық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірді.

«2016 жылы 7 баланың анасы тұрғын үй комиссиясы­ның шешімімен «Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатына алынып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан мұқтаж аза­маттарға баспана алу кезегіне қойылған. Алайда 2 жылдан кейін тұрғын үй комиссиясы көпбалалы ананы Атырау облысының Мақат ауданында күйеуінің атына тіркелген үйін алға тартып, кезектен шығарған. Осыған байланысты әйел Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотына шағым түсірді. Шағымда Мақат ауда­ны­ның әкіміне, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне өзіне қатысты хаттамалық шешімнің бір бөлігін заңсыз деп тану, «мүгедек балалары бар немесе оларды тәр­бие­леп отырған отбасылар» сана­тындағы әлеу­меттік қор­ға­латын осал топтарға жататын тұрғын үйге мұқтаж ре­тіндегі бұрынғы кезегін қалпына кел­тіруді міндеттеу туралы талабын қойды», деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Жергілікті сот істі зерттей келе, бірнеше жайтты анық­тады. Біріншіден, талап қоюшының көпбалалы ана екені расталған. Екіншіден, 7 баланы өмірге әкеліп, тәр­биелегені үшін «Алтын алқа­мен» марапатталған. Үшін­ші­ден, оның отбасы «мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар» санатындағы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататыны анықталып отыр.

«Сот талап қоюшының отбасымен бірге тұратын үйі Ма­қат ауылынан 22 шақырым жер­­де орналасқандықтан, мүм­кін­­дігі шектеулі баланы үйде оқы­ту үшін облыс орта­лығынан пәтер жалдауға мәж­бүр бол­ға­­­­нын ескерді. «Тұр­ғын үй қа­ты­­­настары тура­лы» заңның 73-бабы 1-тар­мағының талап­та­­­рына сәйкес «Алтын алқа» ал­қа­сы­ның ие­гері мемлекет есебінен тұр­­ғын үй алғанға дейін есептен шығаруға жатпайды», деді сот­тың баспасөз қызметі.

Атырау облыстық маман­дан­дырылған ауданаралық әкім­шілік соты осыған бай­­ланыс­ты көпбалалы ана­ның талабын ішінара қана­ғаттандырды. Әкімдік бөлі­мінің талап қою­шыға қатысты хаттамалық ше­­­­ші­мінің бір бөлігі заңсыз деп т­а­нылып, күші жойылды. Бөлімге талап қоюшының бұ­рынғы кезегін «мүгедек бала­лары бар немесе оларды тәр­бие­леп отырған отбасылар» сана­тындағы халықтың әлеу­мет­тік осал топтары тізіміне енгі­­зуді қалпына келтіруге мін­деттелді.

Ал Жоғарғы сотттың әкім­ші­лік істер жөніндегі сот алқа­сы жер­гілікті сот­тың қоры­тын­ды­­сы­мен толық келісті. Сөйтіп, жауап­­кер­лердің кассациялық шағы­­мын қанағаттандырусыз қалдырды.

 

Атырау облысы