• RUB:
    4.97
  • USD:
    493.85
  • EUR:
    519.04
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:30

Қадыржан Дамитов: Банк жүйесінде ауқымды жұмыс атқарылды

42 рет
көрсетілді

Қадыржан Қабдошұлы Дамитов – ұлттық қаржы нарығын құрудың басы-қасында болған білікті маман. 1994-1997 жылдары – Ұлттық банк төрағасының орынбасары, 1998-1999 жылдары Ұлттық банк төрағасы болып қызмет етті. Теңге мерекесі қарсаңында бас банктің бұрынғы басшысымен сұхбаттасқан едік.

– Азаттықтың алғашқы жыл­да­рындағы ахуал қандай еді? Банк сек­торы нарық талаптарына қалай бейім­делді?

– Ұлттық валютаны енгізер алдындағы кезең мен Ұлттық банкке келгеннен кейінгі бір-екі жыл – оның тарихындағы ең «қызу» шақтардың бірі. Бұрынғы бірыңғай мемлекеттік банк жүйесінде жинақталған нормативтік базаны толық­ қайта қарау қажет болды. Көптеген мәселені өте жедел шешуге тура келді. Ұлттық банк әсіресе, ұлттық валютаны енгізгеннен кейін, тәулік бойы жұмыс істеді. 1994-1996 жылдары жұмысымыз түнгі 9-10-ға дейін созылатын, кейде одан да кеш аяқтайтынбыз. Банк жүйесін қадағалау мен реформалау аясында ат­қарылған ауқымды жұмыстарды ерекше атап өткен жөн. Оған қоса ха­лықаралық, ішкі есеп айырысу, валю­талық реттеуді либерализациялау, алтын-валюта резервін басқару, Ұлттық банк пен коммерциялық банктерді ха­лықаралық есеп беру стандарттарына көшіру бағытында да ауқымды жұ­мыс­тар жүргізілді.

1993 жылдың соңында елде 204 банк жұмыс істеді. Содан кейінгі 5-6 жылда олардың саны 5 есе қысқарып, шамамен 35 банк қалды. Жабылған банктердің көбін «банк» деп атау қиын еді. Өйткені олардың нақты капиталы да, білікті мамандары да болған жоқ. Қызмет үде­рісіне қатаң бақылау жүргізілгенде барып, айтып отырған ақиқатымыз дәлел­­денді. Нәтижесінде, көптеген банк­ті заңнаманы өрескел бұзуы себепті жабуға тура келді. Реттеуші орган ретінде Ұлттық банк ережелерді бұз­ған банктерді нарықтан ығыстырып отырды. Бұл – өте күрделі үдеріс. Сол уақыт­та банк қызметі туралы жаңа заңдар дайындалып, қабылданды. Бұл еліміздің банк жүйесіне қысқа уақыт ішінде посткеңестік кеңістіктегі алдың­ғы қатарлы жүйелердің бірі болуға мүм­кіндік берді.

– Сіз Ұлттық банкке төра­ға­лық еткен жылдары бір­қа­тар өзгеріс болды. 1998 жыл­дың тамызында Ресей дефолты болып, 1999 жылдың сәуірінде теңгенің еркін айырбас бағамына көшуі туралы шешім қабылданды. Ұлттық банктің араласуымен алғаш рет теңге бағамы ресми төмендетілді. 4 сәуір күні «теңге еркін айналымға жіберілді» деген мәлімдеме жасадыңыз.

– 1998 жылдың ортасына қарай ел экономикасы белгілі бір тұрақтылыққа қол жеткізді. 1996 жылдан бастап экономика шамамен 0,5-1,5%-ға өсім көрсете бастады. Аз болса да тұрақты көрсеткіш еді. Ұлттық валюта бағамы да біршама тұрақталды. Бірақ 1998 жылы Оңтүстік-Шығыс Азияда қаржы дағдарысы басталып, тамыз айында Ресейдің қаржы жүйесі дефолтқа ұшырады. Рубль бағамы күрт құлдырап, 6,43 болып тұрған жерінен 20 рубльге бірден көтерілді. Кенеттен келген күйзелістен біраз абдырап қалдық. Бұл жағдай Ресей мен біздің нарықта баға теңсіздігінің күрт артуына әкелді. Яғни ресейлік тауарлар доллармен есептегенде 3-4 есе арзан болып, импорттың өсуіне, валюталық нарықтағы сұ­ра­­ныстың артуына себеп болды. Соны­мен қатар мұнай бағасының төмендеуі жағдайды одан әрі қиындатты. «Қара алтын» барре­­­лі­не 10 доллардан да төмен түскен болатын.

Жаңа жағдайлар экономи­калық саясатта жүйелі әрі сал­мақты шешім қа­был­дау қажет­ті­гін ұғындырды. 1999 жылғы сәуірде теңгенің еркін өзгер­мелі бағамына көшу туралы ше­шім қабылданды. Оған дейін Үкімет пен Ұлттық банк бір­лес­кен ауқымды жұмыс атқар­ды. Уақыт өте келе бұл шешім­нің принципті тұрғыда дұрыс болғаны дәлелденді. Бұдан бөлек, мемлекет халықтың депо­зитін қорғауда бұрын-соңды бол­маған шешімдерге барды. 1999 жылғы девальвациядан кейін жар­ты жыл бойы банктердегі депо­зитін сақтаған азаматтар жи­нақтарын «ескі» бағаммен, яғни девальвацияға дейінгі есеппен алды. Зейнетақы қорлары мен заңды тұлғаларға да мемлекеттік қолдау көрсетілді. Халықаралық валюта қоры әлеуметтік қолдау шара­ларын жасағанымыз үшін біз­ді сынға алды. Сонда да жаңа бағамдық тәртіпке көшу кезін­де жарияланған талаптарды орындаған барлық азаматтың шығынын өтеп бердік.

– Қазіргі қаржы жүйесі, соның ішінде банк секторы айтарлықтай өзге­ріске ұшырады. Өткен мен бүгінді салыс­тыра отырып «әттеген-ай» дей­тін кезіңіз бола ма?

– Қаржы жүйесі түбегейлі өзгерді. Қағаз тиындардан цифр­лық теңгеге дейін үлкен жолды жүріп өттік. Ең бастысы, 2000 жылдардағы «майлы жылдар» деп аталатын кезеңді пайдала­нып, резервтерге жеткілікті дең­гей­де тұрақтылық қорын жинап алдық. Тәжірибе де жинал­ды. Дегенмен «осы күніме шүкір» деген көзқарастан аулақ болып, тұралап қалмауымыз керек. Эко­номиканың, мемле­кет­тік ап­параттың тиімділігін арттыру жұ­мысын жалғастыра беру қажет. Әртүрлі салада цифрлық трансформация бағдарламаларын өрістетіп, сондай-ақ экономикаға мемлекеттің қатысуын азайтуға жіті көңіл бөлгеніміз дұрыс. Үкі­меттің экономикадағы үлесі дағ­дарыс кезеңдерінде экономиканы қолдауға мәжбүр болған кезде өскен еді. Енді жеке­шелендіруді белсенді жалғастырып, «ха­лық­тық» IPO бағдарламасы ая­сында ком­панияларды қор нары­ғына шығару керек. Әрине, тиісті сая­си реформаларды бел­сенді түр­де жүзеге асырып, аза­мат­тық қоғамның пікірін ескеру де ма­ңызды.

Өткен кезеңдер туралы айтсақ, менің де өкінішім жоқ емес. Ішімде біраз істі жедел әрі батыл жасау керек еді деген қынжылыс бар. Бірақ сол уақытта көптеген жұ­мыс алғаш рет жүзеге асырылып жат­қанын, елде мұндай мәселелерді шешу тәжірибесі болмағанын, сондай-ақ жо­ғары білікті мамандардың жетіспе­генін де түсінуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Елігімай ТӨҢКЕР,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар