• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қылмыс 16 Қараша, 2024

Жалған дипломды пайдалану – қылмыс

232 рет
көрсетілді

Еліміздегі жоғары білім беру сапасы көңіл көншітерліктей емес. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізгенін сынай келіп, Үкіметке олардың санын қысқартуды, әсіресе диплом сатумен айналысқан университеттерді жабуды тапсырған еді.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметіне қарағанда, арада өткен бес жыл ішінде жоғары оқу орындарының саны 125-тен 112-ге дейін азайтылған. Алайда әртүрлі салада жалған дипломмен қызмет істеп жүрген «мамандар» мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Мысалы, өткен жылы Ақмола облысының прокуратурасы арнайы жүргізген тексеріс нәтижесінде жалған дип­ломның көмегімен қызметке орналасып қана қоймай, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойын­ша мемлекеттік қолдау қаражатын ал­ған адамдарды анықтады. Солардың ішінде К. деген азамат 2021 жылы жалған дипломмен Атбасар ауда­нындағы бір білім беру ұйымына биология пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасып, 4,9 млн теңге көтермеақы алған. Осыған ұқсас схеманы білім беру саласындағы тағы 12 «мұғалім» пайдаланған. Мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 30 млн теңгеден асады. Сондай-ақ былтыр Маңғыстау облысындағы колледждердің 8 оқы­тушысының жалған дипломмен жұмыс істеп жүргені әшкере болды. Ақтау қаласындағы колледж­дерде 5 оқытушы, Қарақия ауданын­да 3 оқы­тушы осындай құқық бұзу­шылыққа жол берген.

Биыл прокурорлар Қызылорда облысындағы мектептер мен бала­бақшаларда жалған дипломмен жұмыс істеу фактілерін әшкереледі. Байқоңыр қаласындағы 2 мектепте – 3 қызметкер, Қазалы ауданындағы 3 мектепте – 4 қызметкер, Қармақ­шы ауданындағы 1 мектепте 2 қызмет­кер әлдекімдерден сатып алған, бі­лім туралы қолдан жасалған құжат­пен жұмысқа орналасқан. Осын­дай құқық бұзушылыққа Сырдария ауданы балабақшаларының 11 тәр­биешісі ұрынған.

Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу барысында Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің 7 қызметкерінің жалған дипломдарды пайдаланғанын анықтады.

Бұл ретте Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі Ғылым және жоғары білім министрлігі­нің (ҒЖБМ) қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сырт­қы талдау барысында диплом блан­кілерінің қозғалысын қадағалау жоқтығы, ақпараттық жүйелер­дің жетілдірілмегені, мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігі сияқты кемшіліктердің бетін ашты. 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарына жоғары білім туралы дипломдарды өз бетінше дайындау және беру құқығы берілген. Ал диплом­ның түпнұсқалығы «Ұлттық білім беру деректер қоры» (ҰББДҚ) ақпарат­тық жүйесіндегі тиісті жазба арқы­лы расталады. Оған мәліметтер­ді енгізу және түзету ЖОО-лар­дың 2,6 мың қызметкеріне тапсырылған. Бұған қоса ЖОО-лардың тағы 550 қызметкеріне, оның ішінде қыз­ме­ті әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыстармен байланысты емес проректорлардың көмекшілеріне, оқытушыларға, магистрлерге және басқаларға дипломдар үшін QR-кодтар жасау құқығы берілген. ЖОО қызметкерлерінің осындай шексіз өкілеттігі бақылаудың болмауына байланысты жалған диплом беру тәуекелін туғызған. Тек ҒЖБМ 19 ЖОО-да өткізген профилактика­­лық бақылау аясындағы іріктеп зерде­­леу кезінде ғана ҰББДҚ-да тіркелген ­­2 733 адамның аты-жөні ЖОО-лар­­дың құжаттары мен дерекқорла­рын­да жоқ болып шыққан. Антикор­дың пікірінше, мұндай сәйкессіз­дік жалған дипломдарды заңдастыру­мен байланысты болуы әбден мүмкін.

Бұған қоса арнайы жүргізілген талдау аясында жоғары оқу орындары 1 143 дипломды өздері бергенін растамаған. Оның 1 028-і – білім беру, 78-і – денсаулық сақтау салаларының, 31-і – квазимемлекеттік сектордың қызметкерлеріне, 6-ы – мемлекеттік қызметшілерге тиесілі.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелі философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор (PD) дипломдарын беру рәсімдерінде де анықталған. «Балық басынан шіриді» дегендей, ҒЖБМ-ның өзі қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзып, аталған дипломдардың блан­кілерін сатып алуды, толтыруды, тіркеуді және беруді дербес жүзеге асырған. Сөйтіп, 2018 жылдан бас­тап 1 600-ден аса маманға ғылыми дәреже берген. Алайда «Білім туралы» заңның 39-бабына сәйкес мұндай мемлекеттік үлгідегі құжаттарды тек ЖОО-лар беруге тиіс. Аталған заң талабын орағытып өту үшін ҒЖБМ бұл функцияны Үкіметтің 2022 жылғы 19 тамыздағы №580 қаулысымен өзінің ережесіне енгізіп алған. Бірақ бланкілерді есепке алу және сақтау тәртібі регламенттелмеген, оларды сақтау және жұмсалуын бақылау үшін ешкімге жеке жауапкершілік жүктелмеген. Антикордың талдауы барысында ҒЖБМ-да 50-ге жуық диплом бланкісінің қайда екені туралы ешқандай мәлімет табылмаған.

ЖОО-лар қызметінде ресми және бейресми білім беру нәтижелерін тану және оқу мерзімін қысқарту бойынша да сыбайлас жемқорлық иісі мүңкіп тұрғандай. Нақты айтқанда, 1 243 түлек белгіленген 2-5 жылдың орнына небәрі бір жылдың ішінде жоғары білім туралы диплом алған. Мұның себебі – ЖОО-ларға студенттердің бұрын қол жеткізген оқу нәтижелерін тануды ескере отырып, қысқартылған оқу мерзімін өз бетінше айқындау құқығы берілгендігінде. Алайда бұл ретте құжаттардың толық тізбесі, тануға жататын оқыту түрлері бекітілмеген. Бұл ЖОО-лардың мамандарды «кез келген мерзімде оқытып шығаруына» жол ашқан.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынымы бойынша қысқартылған оқыту мерзімдерін айқындау үшін ресми және бейресми оқытудың бұрын қол жеткізілген нәтижелерін танудың жан-жақты өлшемшарттары регламенттелді. Диплом айналымы және ғылыми дәреже беру мәселелері бойынша ұсынымдарды іске асыру аясында қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, түлектерге берілген дипломдар туралы ҰББДҚ-дағы деректердің дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында ЖОО-ларға жауап­кершілік жүктелді. ҒЖБМ-ның философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор (PD) дәрежелері бойынша мемлекеттік үлгідегі дипломдар беру жөніндегі ерекше функциясы алынып тасталды.

Құқық қорғау органдары әшке­релеген жалған диплом иелері жұ­мыс­тан шығарылып, сот арқылы жазаға тартылып жатыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша былтыр жалған дипломды пайдаланудың 457 фактісі тіркелген. Мұндай істердің біразы қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі өтіп кетуіне байланысты тоқтатылған. Құқық қорғаушылардың пікірін­ше, жалған дипломдарды пайда­ланушыларды анықтау қиын емес, ал ондай құжаттарды қолдан жасап сатушыларды әшкерелеу күрделі көрінеді. Өйткені олар бірнеше делдал арқылы жұмыс істейді. Дегенмен былтыр Астана қаласында полицейлер 58 жалған диплом жасап, сатқан қылмыскерді ұстады. Ол сот арқылы бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.

Сонымен, жалған дипломды жасау ғана емес, оны біле тұра пайдалану да – қылмыс. Қылмыстық кодекстің 385-бабының 1-тармағына сәйкес жалған диплом жасау немесе сату – 2 мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал аталған баптың 3-тармағына сәйкес көрiнеу жалған құжатты пайдалану – 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөл­шерде түзеу жұмыстарына, 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұ­мыстарға тартуға, 40 тәулікке де­йінгі мерзімге қамаққа алуға жаза­ланады. Шынтуайтында, жал­ған дипломды «мамандар» ұлт денсау­лығына қатер төндіретінін және ел болашағы – жас ұрпақтың білімінің сапасына өлшеусіз залал тигізетінін ескерсек, денсаулық сақтау және білім беру салаларында жасалатын осындай қылмыстар үшін жазаны қатайту қажет сияқты.