Қаржы министрі Бақыт СҰЛТАНОВПЕН әңгіме
– Бақыт Тұрлыханұлы, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жаңа Экономикалық Саясаты шеңберінде Қазақстан Үкіметі елде шағын және орта бизнестің дамуын қолдауға ерекше көңіл бөлуді жоспарлап отыр. Шағын және орта бизнеске неліктен соншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты ел экономикасының өсуін ынталандыруды ғана емес, құрылымдық реформаларды жалғастыруды да мақсат етеді.
Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Қазақстанда шағын және орта бизнестің даму маңыздылығына тұрақты көңіл бөліп отырады. Соңғы жылдары біздің елімізде осы саланың дамуына жәрдемдесу тұрғысында үлкен жұмыстар жасалды. Бизнесті ашу және жүргізу үшін әкімшілік кедергілер жойылуда, стартаптарға және тұтастай алғанда, шағын және орта бизнеске несие берудің жеңілдікті жағдайлары жасалды. Аталған саясат «Нұрлы Жол» шеңберінде жалғасын табады. Осы орайда ол Ұлттық қордан айтарлықтай қаржы ресурстарының бөлінуі, сондай-ақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеке қаражаты арқылы да күшейтілетін болады.
Сонымен қатар, 2015-2019 жылдары халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп шағын және орта бизнес саласындағы жобаларды іске асыру басталады. «Нұрлы Жол» басым деп анықтаған жеті саладағы жобаларды іске асыруды қолға алған отандық кәсіпкерлер 13 миллиард доллардан асатын мөлшерде қаржыландырудан үміткер бола алады. Әңгіме тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолдардың құрылысы, электр энергетикасын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты салалар жөнінде болып отыр.
Дәл осы жоғарыда атап көрсетілген екі факторды басшылыққа ала отырып, «Нұрлы Жол» шағын және орта бизнесті дамытуды барынша ынталандыратын болады. Бұл Қазақстан үшін өте маңызды.
Кез келген елдің экономикасында шағын және орта бизнес елеулі рөл атқарады. Кәсіпкерлік белсенділік жоғарылаған сайын, жалпы өнім деңгейі де жоғары. Кәсіпорын құра отырып жекеменшік бизнес белгілі бір идеямен нарыққа шығады, оны іске асыру өңірдің, демек, елдің де жалпы өнімінің өсімін қамтамасыз етеді. Бизнес идеясы табысты болған сайын, оның өнімділігі мен табыстылығы да жоғары. Тиісінше, өңірлік экономиканың өсуіне кәсіпорынның қосар үлесі де көп.
Екінші маңызды жағдай – бюджетке түсетін салық түсімдерінің өсуі. Әдетте ірі компанияларға қарағанда шағын ұйымдар өз есеп шоттары бойынша уақтылы төлем жасап отырады. Қазақстанда қазір бюджеттің кіріс бөлігінде шағын және орта бизнес үлесі 18-20 пайыздан аспайды. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 60-70 пайызға жетеді.
– Демек, дағдарыс кезінде ірі бизнеске қарағанда шағын және орта бизнеске екпін түсіру тиімдірек болғаны ғой?
– Шағын және орта бизнеске басымдық беру қай кезде болса да пайдалы.
Өйткені, бұл сала – берік орта таптың іргетасы болып табылады. «Орта тап» дегеніміздің өзі жекеменшік арқылы өзін іс жүзінде көрсету мүмкіндігін алған адамдар санының өсу шамасына қарай қалыптасады. Бұл ұғымның өзі ұсақ және орташа меншік иелері мен кәсіпкерлерді белгілеу үшін XVII ғасырда пайда болған. Бүгінде орта тапқа табыс деңгейіне қарап қана жатқызу дәстүрге айналған. Бірақ өздеріңіз білетіндей, менеджерлер, басқарушылар, оның ішінде жеке бизнесін басқаратындар жалдамалы қызметкерлерге қарағанда анағұрлым тиімді қаржылық жағдайда болады.
Біздің өз бизнесін ашатын адамдар неғұрлым көп болса және ол неғұрлым табысты жұмыс істейтін болса, орта таптың әлеуметтік тобы да солғұрлым кеңейе түседі деуіміз де сондықтан.
Бірақ сонымен қатар, шағын және орта бизнес саласы ірі бизнеске қарағанда өнім бірлігіне шаққанда жұмыс орындарын көп құратындықтан халықтың да жалпы әл-ауқаты жақсара түсетін болады. Әңгіме білікті кадрлар үшін ғана емес, сонымен бірге студенттер, зейнеткерлер, орта білімі және біліктілігі бар адамдар үшін де жұмыс орындарын құру жөнінде болып отыр. Яғни, табыс табудың қосымша көздері пайда болады.
Оның сыртында, шағын және орта бизнес әлемде инновациялық технологиялардың негізгі генераторы болып есептеледі. АҚШ-та мысалға, шағын және орта бизнес саласында ашылған әрбір сегізінші компания жаңа өнім мен технологияларды әзірлеуге, өндіруге және коммерцияландыруға мамандандырылған.
– Онда мемлекет олардың қызметін қандай да бір жолмен қоса қаржыландырып отырады ғой?
– Қазақстандағы сияқты оларда да мемлекет ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) қолдау көрсетіп отырады. Мәселе бизнестің жеке мүдделілігінде: бір жағынан өзіне қажетті талдауларды сатып алу немесе ШОБ-қа тапсырыс беру үшін ірі бизнестің, екінші жағынан инновациялық идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға дейін жеткізу үшін шағын және орта бизнестің мүдделілігінде.
Мемлекет басшысы ғылымның нақты іс игілігіне жұмыс істеуінің маңыздылығын жайдан-жай айтқан жоқ. Инновациялар өндірістің пайдалы әскер коэффициентін (ПӘК) арттыруға, түптеп келгенде, табыс табуға бағытталуы тиіс. Бұл барша үшін де тиімді.
Сөз ретінде айта кетсек, ШОБ инновацияларды құруға ғана атсалыспайды, сонымен бірге, ірі бизнеске қарағанда инновациялық өнімді өз қызметіне де белсендірек енгізеді. Ірі фирмалар, үлкен тәуекел мен жоғары шығындарды ескере отырып, жаңа өнімдер дайындауға асқан сақтықпен көшеді. Ірі фирмалар өнімдерінің жаңаруларына жасалған талдау оның түрлерінің 70 пайызының модификациялар, 20 пайызының шағын инновациялар және тек 10 пайызының ғана бұған дейін ешкім шығармаған жаңа өнімдер екенін көрсетіп отыр.
ШОБ бұл тұрғыда шапшаңдау қимылдайды. Ол тұтынушылар мүдделеріне жақынырақ және өз қызметін өз тұтынушыларының мұқтаждарына қарай шапшаң бейімдей алады. Шағын бизнес үшін ол рынокта бәсекелестікке төтеп беріп, тұтынушы үшін күресте жеңіп шығу үшін қажет.
– Сонда ШОБ экономиканы жаңғыртудағы маңызды буынға айналатын болып отыр ғой?
– Сонымен бірге, экономиканың дамуы мен қоғамдық прогресті қамтамасыз ететін бәсекелестіктің күшеюі үшін де ынталандырушы болып табылады.
– Елде жекешелендіру үдерісі іске қосылғаннан бері мұндай жаңашылдықтың рөлі туралы жиі айтылуда. Сіз ШОБ бүгінде мемлекет сатуға шығарған кәсіпорындар үшін өсу катализаторы бола алады деп ойлайсыз ба?
– Өткен жылы біздің жекешелендірудің екінші бұқаралық толқынын іске қосқанымызды білесіздер. Алғашқысы 90-шы жылдардың үлесіне тиесілі. Осы науқан шеңберінде біз мемлекеттік активтерді сатып қана қоймаймыз, сонымен бірге, бизнестің күшін қолдану үшін рыноктағы тауашаларды да босатамыз.
– Сіздердің бизнес үшін қажетті тауашаларды босатып жатқандарыңызды қалай түсінуге болады?
– Біз жеке сектор жұмыс істей алатын жерде мемлекеттік кәсіпорындар секторының қызметі шектеулі болатын Yellow Pages Rule қағидатын қолданамыз. Мемлекеттік кәсіпорындар тек ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қоғам мүддесін қорғауды, мемлекет меншігіндегі стратегиялық нысандарды ұстауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндіктері жоқ жерлерде ғана жұмыс істей алады.
Егер қарапайым тілмен айтар болсақ, жеке бизнес бар жерде іс жүзінде мемлекеттік кәсіпорындар болмауы тиіс. Өйткені, мемлекет өзінің қатысуымен рынокта бәсекелестікті тұншықтыратын болады. Яғни, нарықтық қатынастардың негізін жоққа шығарады. Ал бәсекелестік жоқ жерде ұйықтауға жақсы болғанымен, өмір сүрудің нашар болатындығы белгілі.
Егер сіз жекешелендірілетін компаниялар тізіміне қарар болсаңыз, көптеген білім беру орталықтарын, мемлекеттік тілді оқыту орталықтарын көресіз. Бұл салада бүгінде мемлекеттік орталықтар да бар, сонымен бірге, жеке сектор қызметі де белсенді дамуда. Егер жекеменшік бар болса, мемлекеттің не қажеті бар?
Жаңа кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордың еншілес компанияларын құру барысында да осы қағидаттар қолданылатын болады. Мемлекет, тіпті квази-түрде болса да, жеке бизнестің несібесін алып қоймауы тиіс. Өзіміз айтып өткендей, жеке бизнес табыс табуда анағұрлым өнікті жұмыс істейді. Өйткені, кез келген инвестордың басты міндеті – банкрот болмау.
– Күзде қазақстандық жекешелендіру аукциондары үшін таңғаларлық Шығыс Қазақстандағы бір ЖШС-нің сатылу бағасы туралы айтылды – ол бастапқы бағадан 25 есе артық болды.
– Әңгіме «Ритуал-Сервис» ЖШС-нің 51 пайыздық акциялар пакетін сату жөнінде болды. Онда сату бағасы шынымен де бастапқы бағадан 25,5 еседен асып түсті. Әзірге бұл ЖШС оған бизнестің қызығушылығы жағынан көшбасшы болып тұр. Ең қызығы, сатып алушылар ауционның басынан-ақ жоғары ставкалар жасай бастаған.
«МАК-Екібастұз» ЖШС-ні («Қазақстан темір жолы» ҰК активіне қарасты) сату кезінде де біз бизнестің жоғары қызығушылығына куә болдық. Онда сатып алушылар бірқалыпты, бірақ табанды саудаласты, барлығы 55 «сауда қадамы» жасалды. Айтқандай, бұл саудаға 5 сатып алушы қатысты. Демек, сақ жүргеніне қарамастан, тартыс жеңіл бола қойған жоқ.
– Сатылғандардың ішінде ең қымбаты қандай нысан болды?
– Егер түпкілікті баға бойынша айтар болсақ, онда «Халықтық ІРО» бағдарламасы арқылы 13,1 млрд. теңгеге жекешелендірілген KEGOC компаниясы. Аукцион арқылы ең қымбатқа сатылған нысандардың бірі «МАК Екібастұз» болды, ол миллиард теңгеден астамға сатылды. Ал «Алматы вагон жөндеу зауыты» АҚ-тың 100 пайыз акциясының құны ең жоғары бағаға ие болып, 6,6 миллиард теңгені құрады.
Мен бүтіндей алғанда, жекешелендіру үдерісі жақсы алға басуда, ең бастысы, ол бизнеске қажет болып отыр деп есептеймін. Мемлекет бизнестің күшін қолдану үшін бәсекелестік тауашаларды барынша көбірек босату мақсатын қойып отыр. Бұл түптеп келгенде, елдегі кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасайды, ал ол біздің мемлекетіміздің экономикалық тұрақтылығына оң әсерін тигізбек. Өйткені, егемен мемлекет дегеніміз – ол өзін қамтамасыз етуге қабілетті мемлекет. Мұның өзі салықтар түрінде бизнестің шырынын сығып алмай, сонымен бірге, кәсіпкерлікті, ақырында, бүтіндей алғанда, салық салу базасын кеңейту үшін жағдайлар жасай отырып, жүзеге асуы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,
«Егемен Қазақстан».