Көрме
Өткенді ұғынып-білу болашақты құруға жол салары белгілі. Жалпыұлттық “Казахстанская правда” газетінің ұйымдастыруымен өткен “Қазақстан – ядролық жарылыстарға қарсы қозғалыстың көшбасшысы” атты фотокөрме осы оймызды ұштағандай әсер қалдырды.
Аталған шараға Президент Әкімшілігі жауапты қызметкерлерінің, депутаттардың, министрліктер өкілдерінің, белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің қатысуы фотокөрменің қаншалықты маңызды екенін ашып берді. Мұнда 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының көшірмесі де қойылыпты. Осы ретте Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімов Жарлық туралы айта келіп, оның сол кездерде Мәскеудің қарсылығына қарамай қабылдануы ең үлкен маңызды оқиға болғандығын, оны тек еркі мықты адам ғана істей алғандығын ерекше атап өтті. Ядролық полигонды жабу Кеңестер Одағы ыдырауындағы басты себептердің бірі болды, дейді сенатор. Қазіргі таңда дүние жүзі Қазақстанды ядросыз әлем көшбасшысы ретінде таниды.
Көрмеге қойылған суреттерде Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ, Франция және өзге де елдер президенттерімен, белгілі саясаткерлермен кездесулері көрініс тапқан. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның мына сөздері де жазып қойылыпты: “Бүгінгі таңда Семей қаласы қуатты үміт нышанына айналды. 1991 жылғы 29 тамызда, тәуелсіздігін алғаннан кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев полигонды жапты және ядролық қаруды жойды. Бұл біздің арманымыздың – ядролық қарудан азат бейбітшіліктің нақты жүзеге асуы болды”. Шынында да, мұнда қойылған суреттерге қарап, қасірет пен қайғыны қатар сезінесің, сезінесің де жаның түршігеді.
Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбеков ядролық полигонның зардабына назар аударта отырып, академик Рымғали Нұрғалиды еске алды. Ол кездесе қалса, сіздерде туған облыс, аудан, ауыл болса, менде ештеңе де жоқ, дейді екен. Өйткені, академиктің туып-өскен жері ядролық сынақ алаңының діңгегіне айналыпты. Орталық директоры “Невада – Семей” қозғалысын құрған Олжас Сүлейменов атына жылы сөздерін арнап, Елбасының мұхиттың арғы жағына жасаған сапарын еске алды. Сөз соңында газет басшыларына мына көрмеге қойылған суреттердің көшірмесі Орталыққа берілсе деген ниетін білдірді. Ол газет басшылығы тарапынан қабыл алынды.
Фотокөрме төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімін жоғарыда атап кеттік. Екінші бөлімде “Өмір үшін қайталанбас прецедент” атты фотосуреттер ұсынылса, онда еліміздегі және шет елдердегі ядролық сынаққа қарсы қимылдар бейнеленеді. Ал үшіншісінде Семей сынақ алаңының қайғылы зардаптары фотодеректер арқылы көрініс тапқан. Соңғы бөлімде “Бейбіт атом” деген атаумен қазіргі қазақстандық атом саласындағы жетістіктер паш етіліпті.
Көрмені көруге арнайы келген Әзірбайжанның еліміздегі елшісі және басылымның досы Лятиф Гандилов көптеген адамдарды жоғалтып, тағдырларды тәлкекке салдық, дей келіп, оқиғадан алыстаған сайын шынайы көзқарастың арта түсерін тебірене жеткізді. “Бір адамды құтқарудың өзі үлкен маңызға ие. Қазақстан бұл бағытта нақты қадамдар жасап келеді. Тарих 1991 жылы жасалған қадамды лайықты атап өтеді”, деді Л.Гандилов. Сөзінің соңында елші біз бұл өмірге соғысу үшін емес, сүю үшін келеміз, сол сүйіспеншілігіміз барлық әлемді құтқаруға қызмет ететін болсын, деп түйіндеді. Мәжіліс депутаты Виктор Киянский естелігіміз бізді бейбіт өмірдің бастауына алып келеді дегенді айтса, белгілі қаламгер Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлібек Асқаров бір кездері құрылған қозғалыстың басы-қасында жүрген сәттерін еске ала отырып, фотокөрменің еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізілгендігі соған қосылған үлес деп бағалайтындығымен бөлісті. Жалпы, “Қазақстан – ядролық жарылыстарға қарсы қозғалыстың көшбасшысы” экспозициясы бірлікке шақыратын ортақ тақырып және тәуелсіз мемлекеттің ядролық қарулы держава мәртебесінен бас тартуы жайынан сыр шертеді.
Көрмеге ұсынылған суреттер 20 жыл бойы жинақталған материалдар көрінеді. Оған “Казахстанская правда”, Ресейдің “Новости” ақпарат агенттігі, AFP, ҚР Ұлттық ядролық орталығы, “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясы және Сергей Бондаренко, Болатбек Отарбаев, Игорь Бургандинов, Юрий Беккер, Александр Хотынца, Виктор Федюнин, Мақсұт Жатабаев сияқты белгілі фототілшілер жұмыстары да қойылыпты.
Би-Болат СЕЙТАҚ, Еуразия ұлттық университетінің студенті.