Қаланы жарықтандыру көптеген функцияны орындайды: айналаға жылылық пен жайлылық береді, қаланың көркем келбетін, сәулет туындыларын айшықтай түседі. Дегенмен оның басты міндеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Сапалы жарықтандыру қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының ықтималдылығын төмендетеді. Осы тұрғыда агломерация есебінен күн сайын құлашын жайып келе жатқан Алматы қаласында көшені жарықтандыру жүйесіне ерекше мән беріледі.
Тапа-тал түсте шамдар неге жанып тұрады?
Қаланың қауіпсіздігі мен орнықты дамуын арттыру мақсатындағы атқарылып жатқан жұмыста жетістіктермен қатар күрмеулі мәселелер де бар. Айталық, талай көшеге жарық тартылып үлгермей жатқанда, қаланың келесі жағында күндіз жанып тұрған шамдар жұрттың жүйкесіне тиетіні сөзсіз. Көше шамдары күндіз неліктен жанып тұратынына «Алматы қала жарық» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (АҚЖ) басшысы Игорь Мысик түсінік берді. 90% жағдайда бұл келеңсіздік шамдарды ауыстыру, желілерді тексеру, үзілген, күйген жерлерді анықтау сынды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына байланысты көрінеді.
Мекеме басшысы қаланы сыртқы жарықтандыру ісі аудандық әкімдіктерге берілгеннен кейін жұмыс әлдеқайда жеделдегенін айта келіп: «Қазір 40-тан астам жөндеу бригадасы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында өтініштерді қарау мерзімі бірнеше есе қысқарып, әрі кетсе екі апта уақыт алады. Бірақ тапсырманы одан да тезірек орындап жатырмыз», деді.
Ең бастысы, бүгінде «АҚЖ» сапасыз әрі арзан шамдарды сатып алудан бас тартып отыр. Себебі белгілі, арзанның сорпасы татымайды, тез күңгірт тартып, күйіп кетеді. Дегенмен И.Мысиктің айтуынша, бұған дейін сапасыз дүниені тасыған компаниялар тендерге қайта қатысуға тырысып жатыр екен.
«Осындай жағдайда тендер нәтижесімен алысуға тура келетіндіктен, біз сотқа жүгініп жүргенде, қоймадағы шамдардың түгесіліп қалатын кездері болады. Сондықтан кейде тұрғындардың өтініштерін уақтылы орындай алмай жатамыз», дейді мекеме басшысы.
Жыл басынан бері 82 учаскеге жарық тартылды
Қалай десек те, бүгінде Алматыда көшені жарықтандыру жөнінен ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. 5 мыңнан астам ескі шамдар жаңа жарықдиодты шамдарға ауыстырылып, LED шамдар әлдеқайда жарық әрі ұзаққа шыдайды, электр қуатын да азырақ қажет етеді.
«Алматы қала жарық» МКК биыл жазда республикалық, жергілікті маңызы бар тарихи, мәдени ескерткіштерді де жарықтандыру жұмыстарын жүргізді. Сол сияқты 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта да ауқымды жұмыс атқарылып, алты шақырымнан астам жаңа желі тартылды, 470 шам ауыстырылып, 450 автоматты ажыратқыш орнатылды. Әрбір шам мен прожекторды қосудың егжей-тегжей кестесі бар саябақты жарықтандыру жүйесінің паспорты жасалды.
2024 жылғы қаңтардан бастап «Алматы қала жарық» компаниясы үш компаниядан тұратын консорциум мемлекет-жекеменшік әріптестігі шарты жөніндегі өз міндеттерін орындамағаннан кейін қаладағы жарықтың басым бөлігіне жауап береді. 2023 жылдың жазында қала әкімі Ерболат Досаев жеке серіктеспен шартты бұзып, барлық желілерді аудан әкімдіктерінің теңгеріміне беруді тапсырды.
Биылғы 9 айда АҚЖ бригадалары бұған дейін шам бағаналары болмаған аулаларға, көшелер мен тұйық көшелерге жарық желілерін жүргізіп, қараңғы 82 учаскені жарқыратты. Мәселен, Бостандық ауданында 13 учаскеде, Алмалы ауданында – 21, Жетісуда 11 учаскеде жұмыс жүргізілді. Мысалы, Брусиловский көшесінде Абай даңғылынан Қарасай батырға дейін 32 жаңа шам бағанасы орнатылды. Клубная, Есенәлиев көшелері мен «Восточка» ТК бағытында 12 бағана орнатылды. Қазыбек би көшесінде Байтұрсынов көшесінен Сейфуллин даңғылына дейін оңтүстік жағында жарық мүлдем болмаған. Қазір 21 бағана орнатылып жатыр, оған екі шам қойылды, енді тротуар мен жолға жарық түсіп тұрады.
Жарықсыз аймақтарды инспекторлар көше мониторингі, аудан әкімдіктері мен «АҚЖ» кәсіпорнына түсетін тұрғындардың өтініштерін саралау арқылы анықтайды.
«Қала тірі ағза сияқты, өзгереді, өседі, үнемі дамып отырады, оған жаңа аумақтар қосылады, қала ішінде де құрылыс бар. Мысалы, бір кездері жер бос жатқан, оның орнына бизнес-орталық немесе тұрғын үй кешені салынған. Осы құрылысты орындаушылар жобалау кезінде сыртқы жарықтандыру желілерін өткізуді кейде ескермейді, сөйтіп жарықсыз аймақтың санын арттырады. Егер біздің кәсіпорын құрылысты жоспарлауға, бақылауға қатысуға тартылса, онда мұндай учаскелердің саны бірден азаяды. Әзірге тек қолданыстағы жарықтандыру желілеріне қызмет көрсетеміз», дейді И.Мысик.
Сол сияқты бір кездері Алматы облысына кіретін, кейін қалаға қосылған аудандарға әлі де толық жарық жүргізілмеген. Мысалы, Наурызбай ауданының тау бөктерінде, Қарағайлы шағын ауданында бір көшеде ғана 11 жаңа жарық нүктесі орнатылды. Ауданда барлығы 16 учаске болды, оларды жарықтандыруға қосымша жүзге жуық тірек орнатылды.
Мектептер маңы жарықтандырылды
Оқу жылы басталғанға дейін «Алматы қала жарық» аудан әкімдіктерімен бірге барлық білім мекемелерінде жарықты тексеріп, жарығы сөніп қалған жерлерге жарық тартылып жатқандықтан, қазір тұрғындар тарапынан наразылық азайды десек те болады. Бұған бір жағынан жоғарыдағы мекемеде штаттың ұлғаюы та септесіп отыр.
«Мектептердің айналасындағы қараңғы көшелер туралы шағымдарға келетін болсақ, бұл наразылық көбінесе көше жарығы ешқашан болмаған мектептерге қатысты туындады. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, біз шұғыл түрде жаңа желілер жүргізіп, бағаналар, тіректер, шамдар орнатып, желі тартып шықтық. Әуезов ауданында осындай жеті мектеп болса, оқушылар қараңғы жерлермен жүрмесін деп, бұл аумақты ішкі жағынан ғана емес, 250 метр радиуста да жарықтандырдық. Басқа аудандарда да дәл осындай жұмыс атқарылды», деді И.Мысик.
25 мыңнан астам шам ауыстырылды
Осылайша, 2024 жылы Алматыда 25 мыңнан астам шам ауыстырылып, 250 шақырымнан астам кәбіл тартылып, 1800 тірек орнатылды. Шамамен шаһарда 6 мың көше бар болса, оның қазірде 85%-ына жарық толық орнатылды.
Қазір қалада жұмыс істеп жатқан 40 бригада жаңа шамдарды орнатумен қатар, ескі желілерді де қалпына келтірумен айналысады. «Мысалы, бір көшеде белгілі бір учаске істен шығады, біз оны жөндейміз, ал бірнеше күннен кейін сол сияқты ақау басқа жерде пайда болады, содан бүкіл көше қайтадан жарықсыз қалады. Осыған байланысты тұтас аудандардың жарықсыз қалғаны туралы шағым түсіп жатыр», дейді мекеме басшысы.
Қорыта айтқанда, биылғы қаңтар айынан бастап мегаполистің жарқырап тұру міндетін мойнына алған «Алматы қала жарық» мекемесінің атқарған тірлігін қала тұрғындары да көріп отыр. Бұған дейін бұл іске үш компаниядан тұратын жеке консорциум – «ABM-Building 2007» ЖШС, «Электроремонт» ЖШС, «ABM-Project» ЖШС жауапты еді. Өкінішке қарай, бұл консорциум жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыра алмағанын жоғарыда атап өттік. Қалған шаруа, бұрынғы олқылықтар мен кемшіліктерді түзету шаралары «Алматы қала жарық» компаниясына мұраға қалып тұр.
АЛМАТЫ