• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 20 Қараша, 2024

Декандарды шыңдайтын мектеп

83 рет
көрсетілді

Назарбаев университетіндегі ­Жо­ғары білім беру мектебі әзір­леген «Декандар мектебі» ака­демиялық көшбасшы бағдар­ла­масы бойынша елі­міздегі 33 жоғары оқу орнынан келген 78 факультет деканы білім алып жатыр. Бағ­дарлама аясында олар са­рап­шылармен бірге білім беру ұйым­дарын стратегиялық жос­парлау және тиімді бас­қару мә­се­лелерін талқылайды. Соны­мен қа­тар стра­тегиялық жоспарлар­ды әзір­леу­ мен жүзеге асыруды, қар­жы­лық және ресурстарды бас­қару әдісін дұрыс қолдануды үйренеді.

Декандар алдында баяндама жа­­­саған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде 34 шетелдік университет өкілін қам­тыған халықаралық кеңес құ­рылғанын жеткізді.

«Біз қазір түбегейлі қайта құру кезеңіне аяқ бастық. Сондықтан министрлік өз алдына үш міндет қойып отыр: біріншісі – осы серіктестіктер арқылы Қазақстан­ды академиялық және ғылыми орта­лық ретінде құру; екіншісі – мемлекеттік университеттерді халықаралық зерттеу уни­верситеттеріне айналдыру, үшінші – тех­нологиялар трансферті үшін осы платформаларды пайдалану», деді ол.

Бағдарлама шеңберінде NU сарап­шылары білімдегі жаңа өзгерістерге қа­лай бейімделу, тәуекелдерді басқару және осы саладағы бизнес-үдерістері туралы ой-­пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ NU пре­зиденті доктор Вакар Ахмад пен Жоға­ры білім мектебінің (GSE) деканы Аида Сағын­таева басқару тәжірибелерімен бөлісті.

«Университеттер күрделі мәселелер­ді шешіп, сыни тұрғыдан ойлайтын адам­­дардан тұрады. Егер сіз оларды бас­қаруға тырыссаңыз, сіз сәтсіздікке ұшы­райсыз. Өйткені бұл ақылды адамдар қатаң нұсқауларды орындамайды. Менің жұмысым – таланттарды тауып, оларға жағдай жасау. Мықты көшбасшы аза­маттарға өз мақсатына жетуге мүмкіндік береді. Ал менің рөлім – оларға бұл үшін мүмкіндік туғызу», дейді NU президенті доктор Вакар Ахмад.

Оқу барысында NU вице-президенті Асель Увалиева мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің профессоры Молдияр Ергебеков серіктестік құру және ресурстарды жұмылдырудағы коммуникациялық стратегияның маңызына арналған сессия өткізді. Оған қонақ ретінде шақырылған шетелдік білім беру сарапшысы Венера Байжігіт қатысушыларға әлеуметтік желілердегі жеке брендті қалай құруға болатыны туралы шеберлік сабағын ұйым­дастырды. Ал Түркиядағы Коджаели ден­саулық және технология университетінің ректоры Музаффер Элмас деректерге негізделген стратегиялық жоспарлау үшін мониторинг және бағалау жүйелері туралы тың ақпарат берді.

Бұдан бөлек, бағдарламада белгілен­ген «Декандар күнінде» қатысушылар аталған университеттегі Жоғары білім беру, Медицина, Инженерия және цифр­лық ғылымдар сияқты түрлі ғылыми мектептің жұмысымен жақын танысты.

Айта кетейік, бағдарлама іске қосыл­ған 25 қыркүйектен бері бес модуль өткен. Оның 2-уі Назарбаев университетінде болса, 3-уі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи университетінде өткізілген. Ал 18-22 қараша аралығында Шанхай педагогика­лық университетінде (SHNU) халықаралық ­бес күндік модуль өтеді. Мұнда қатысушы­лар жоғары білімді басқарудың халықара­лық тәжірибесі мен зерттеулеріне байла­ныс­­ты тәжірибе алмасады.