• RUB:
    4.97
  • USD:
    497.26
  • EUR:
    525.21
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:40

Бірыңғай уақыт белдеуі: мамандар не дейді?

56 рет
көрсетілді

Биылғы 1 наурыздан елі­мізде бірыңғай уақыт белдеуі енгізілгені белгілі. Бұған дейін ғалымдар мен сарап­шылардың қызу тал­қы­сында болған уақыт мәсе­лесі жан-жақты сарапталып, оның пайдалы тұстары айтылды. Дей тұрғанмен, қоғамда мұның жай-жапсары әлі де әңгіме болып келеді. Осыған орай, еліміз үшін бірыңғай уақыт бел­деуінің мән-маңызын, артық­шы­лығын жауапты орын­дар­дың білікті ма­мандарынан сұрап біл­ген едік.

Бұған түрткі болған – Премьер-министр Олжас Бектенов­тің елі­міз­де бірыңғай уа­­­қыт белдеуі өзгер­­мей­тіні туралы жа­­саған мәлім­демесі.

«Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз баян­дамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіріп, нақ­ты жауап берді. Үкімет бұл ше­­шім­ді қолдайды. Біз бірың­ғай уақыт белдеуіне бекерден-бекер ауысқан жоқпыз. Ел аума­­ғының көп бөлігі UTC+5 уақыт белдеуінде орналасқан. Сондық­­­тан бұл – ғылыми тұрғы­дан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министр­ліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізуді тапсырамын», деді ол Үкімет отырысында.

«География және су қауіпсіз­дігі институты» АҚ Геогра­фия­лық ақпараттық жүйелер зерт­ханасының меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Роза Қарағұлованың айтуынша, географиялық уақыт белдеуі мен әкім­шілік уақыт белдеуі екі бө­лек ұғым.

«Географ мамандар тек қана уақыттық белдеулердің ел аума­ғындағы жайын на­қты көр­сетіп береді. Жалпы, уақыт­тық белдеу екі мағынаға ие: географиялық уақыт белдеуі және әкімшілік уақыт белдеуі. Географиялық уа­қыттық белдеуі Жердің өз осінен бір тәулікте айналып шығу уақытына байланысты Жер шарын 24 сағаттық белдеуге бөліп жатқан шартты жолақтар, олардың әрқайсысының ара­лығы 1 сағаттық уақытты неме­се шамамен 15° бойлықты құ­рай­ды. (Орташа меридианға қатыс­ты ±7,5°). Әкімшілік уа­қыт белдеуіндегі уақыт мемлекет бел­гілеген заңға сәйкес белгі­ле­не­ді», дейді ғалым.

География және су қауіпсіз­дігі институтының мәліметінше, ел аума­ғының қандай география­лық уақыттық белдеуде орналас­қан­дығын, ол белдеулердің ел аумағының қандай бөліктерін алып жатқандығын әлемде қа­был­данған уақыт белдеулерін бөлу және орналастыру тәртібіне сәйкес көрсете алады. Осы­ған сәйкес Қазақстан аумағы 4 сағат­тық белдеуде орналасқан – UTC +3 (еліміздің 7% аумағын қамтиды), UTC +4 (еліміздің 40,1% аумағын қамтиды), UTC +5 (еліміздің 48,5% аумағын қамтиды), UTC +6 UTC (еліміздің 3,7% аумағын қамтиды).

«Әлем елдеріне көз жүгіртсек, бар­­­лық елде түпкілікті уа­қыт жү­йе­сі аталған түрлі сала­лық көз­­қа­рас­­тарды негізге ала отырып, әкім­шілік тұрғыдан қабыл­­данады. Яғни мемлекет аума­­ғын­дағы әкімшілік уақыт бел­деуін анықтау ел үкіметінің құзы­ретінде, бұл жағдайда өте көп фак­торлар (мысалы меди­цина­лық, экономикалық, т.б.) еске­­­рілуге тиіс», дейді Роза Құрманәліқызы.

Бір уақыт белдеуіне көшу­дің адам денсаулығына, ел экономикасына, логистикаға, ел саясатына әсері туралы Қоғам­дық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төраға­сының орынбасары Салтанат Назарова жан-жақты әңгімеледі.

«Адамның өмір сүру қағидат­тары уақытқа (сағат, күн, апта, ай, маусым немесе жыл) байланысты өзгеріп отырады. Бұл өзгерістер биоырғақ деп аталады. Циркадты ырғақтар – біздің денсаулығымыздың, жұ­мысқа деген құлшыныстың және ұзақ өмір сүрудің негізі. Көптеген шетелдік зерттеу көр­­сеткендей, биоырғақтар орга­низмдегі гормондардың, фер­менттердің және басқа да белсенді заттардың деңгейін басқарады, сонымен қатар қан құрамы мен жалпы тепе-теңдікті (гомеостаз) сақтайды. Ұйқы мен сергектікті, демалыс пен белсенділікті, тамақтану мен зат алмасуды реттейтін биоыр­ғақ­тардың келісілген жұ­мысы адам денсаулығы үшін маңызды рөл атқарады. Еліміздің бірың­ғай уақыт белдеуіне көшуі био­ло­гиялық сағатты синхрондау, ресми уақыт пен күнді ба­рынша жақындату арқылы өмірдің табиғи ырғағына оралу­ға мүмкіндік берді», дейді С.Назарова.

Жалпы, елімізде уақытты есептеу жүйесінің қалыптасу тарихы елдің көп бөлігі 5-уақыт белдеуінде орналасқанына қара­мастан, алдыңғы UTC+6 уақыт белдеуі алғаш рет 1930-1931 жылдары декреттік, яғни «бұй­рық­тық» уақытты («уақыт бел­деуі +бір сағат») пайдалану арқы­лы енгізілгенін көрсетеді.

Маманның айтуынша, кеңес­тік кезеңде елімізде командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін табиғи уақыт белдеуі бұй­рық тәртібімен сегіз рет өзгерді.

«Нәтижесінде, елімізде таби­ғи циклге сәйкес келмейтін уа­қыт белдеулерінде тұрдық. Сол тұрғыда UTC+5 – біздің еліміз үшін жаңа белдеу емес, тарихи негізделген уақытқа оралу. Қазір әлемнің 195 елінің 117-сі географиялық уақытты стандартты уақыт белдеуіне барынша жақын етіп таңдады, өйт­кені циркадты ырғақтар табиғи күндізгі циклмен синхрондалады», дейді маман.

Академик Қаныш Сәтбаевтың қызы Қаниса Сәтбаеваның 1995 жылы жазған «Адам физио­­ло­гия­сы» деген кітабында қазір­гі ме­дицинаның болашағы сау адам­ның гигиенасы мен про­фи­лактикалық жағдайын жасау­­дан тұ­ратыны айтылады. Оған ең бі­рінші биологиялық ырғақ маңызды екен. Өйткені меди­ци­надағы барлық шешім тек биологиялық ритмдерді еске­ре отырып қабылдануға тиіс деп жазылған. Қазір ел ішінде бірыңғай уақыт мәселесіне қа­тысты әртүрлі әңгіме айтылға­­ны­мен, бұған жауапты мекемелер мен мамандардың пікірі де оны өзгерту еш негізсіз екенін алға тартады.